Салмағы 430 кило тартатын азамат өзіне қалыңдық таппай жүр

06.02.2020
Қаралды: 151

Жаныңа өмірлік серігің болатын лайықты жар табу оңай шаруа емес. Әсіресе салмағың тым ауыр болса, бұл тіпті де қиын іс екен.

 

Пәкстанның Мардан қаласында тұратын Арбаб Хизер Хайат деген 27 жастағы азаматтың басында осындай проблема болып тұр. Салмағы 430 кило тартатын ол кейінгі алты-жеті жылдан бері өзіне «шақ келетін» қалыңдық таппай жүр деседі. Осы уақытқа дейін 300-ден аса үміткерлер бол­ған екен, бұл олардың еш­қайсысын қаламапты. Өйткені оларды салмағыма жаншылып қала ма деп уайымдапты.

 

Оның үстіне бұл азаматтың бойы да ұзын – 2 метрге 2 сантиметр ғана жетпейді. Сондықтан ол өзінің жарының бойы 193 сантиметрден, ал салмағы 100 килодан кем болмағанын қалайды. «Ата-анам тезірек үйлен деп асықтыруда, немере сүйгілері келеді. Бірақ маған лайықты қыз әлі кездескен жоқ. Тұрмысқа шығуға үмітті 300-ден астам қыз келді, бірақ олардың бәрі де арық-тұрық. Ал маған ауыр салмақты әйел керек», – депті ол.

 

Арбаб Хизер Хайатты жұрт «Хан Баба» деп те атайды екен. Хан Бабаның өзіне әйелдікке үміткерге қоятын басқа да талабы бар. Яғни болашақ жары оған күніне 10 мың калория қуатпен қамтамасыз ететін тамақ пісіріп беріп тұруы керек. Өзінің айтуынша, ол күніне таңертең 36 жұмыртқа жейді екен, тәулігіне 3 килодан аса ет, бірнеше табақ күріш жеп, 5 литр сүт ішетін көрінеді.

 

Міне, осы азаматтың аты бүгінде дүркіреп шығып тұр. Өйткені әйел таппай жүргенінен бөлек, ол  Пәкстандағы ең күшті адам саналады. Өзін-өзі «Әлемдегі ең күшті адам» деп атайтын оның Гиннестің рекордтар кітабына енгісі келеді, ол кәсіби реслингпен шұғылданбақ, пауэрлифтингтен әлем чемпионы боламын дейді. Бодибилдингпен де айналыспақ ниеті бар.

 

(Айта кетейік, реслинг – ауыр салмақты спортшылардың күрес түрлерін қолдана отырып сайысатын жекпе-жегі, көрерменге жұмыс істейтін әртістік қабілетті де керек ететін спорттық шоу, пауэрлифтинг – ауыр салмақ көтеруден үшсайыс, бодибилдинг – кәдімгі культуризм).

 

Арбаб Хизер Хайаттың бірер жылдан бері «Пәкстандық Халк» деген де аты шығып жүр. Яғни оны пәкстандықтар американдық комикстердегі ойдан шығарылған кейіпкер – алып күш иесі Халкпен теңестіреді, оның үйіне барып, күшін тамашалайды, онымен бірге суретке түсіп мәз болады.

 

«Пәкстандық Халктің» атағы жайылуына оның өзінің әрекеттері де себеп. Ол, мысалы, «өзін Халықаралық реслинг федерациясы шақырып, арнайы медаль бергенін» мақтана айтып жүреді. (Бірақ бұл федерация мұны растамапты). Оның: «2012 жылы Жапонияда 5 тонналық салмақ көтердім», – деп мақтанғаны да бар екен. Сондықтан «әй, осы жігіт асыра сілтеп жүрген жоқ па екен өзі?» деп оның кей сөздеріне күмәнмен қарайтындар да аз емес. Оның жүрмек болған тракторды, сондай-ақ екі автокөлікті бір саусағымен-ақ орнынан қозғалтпай қойғанына да сенімсіздік білдірушілер бар. Ал оның артқа қарай жүрмек болған шағын тракторды, тағы бір көріністе қосақталған екі автокөлікті саусағына ілінген троспен «тырп еткізбей тұрғаны» туралы бейнежазбалар таралған. Дәудің күшіне күдік келтірушілер мұның бәрін қандай да бір трюк болуы мүмкін дейді.

 

Арбаб Хизер Хайаттың тағы да бір күдікті тұсы – ол культуристер немесе реслингші, пауэрлифтингшілер сияқты бұлшық етін бұлтыңдата көрсетіп жүрген жоқ, үстінен кең пішілген қабат-қабат киімдерін тастамайды. «Оның астында қампиған қарыннан  басқа ештеңе жоқ», – дейді біреулер. Бірақ бір қызық жері – ол расында да қара күштен кенде емес сияқты, таралған видеоларда «Халк»  ересек адамдарды бір қолымен көтеріп жүр, тіпті бір видеода оның 400 килолық зілтемірді  ауыр атлеттер сияқты жұлқи көтергені де түсірілген.

 

Жарияланған деректерде бұл азаматтың қандай жұмыс істейтіні туралы айтылмайды, «бақуатты отбасыдан шыққан, 18 жасынан бастап бойында алыптарға тән өзгеріс байқал­ғасын өзін жан-жақты күшейтіп, реслингші болуды армандаған екен» деген сөздер ғана бар.

 

Қысқасы, Пәкстаннан шыққан бұл дәу әлемге дүниедегі ең күшті адам дәрежесінде танылуды армандайды. Бір кездері ниетіне жетіп жатса, оған таңқала қоймаспыз. Ал әзірге оған бірінші кезекте өзіне шақ келетін әйел керек болып тұр.

 

Н. ӘБДІ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ