Корей соғысында болған жан тебірентерлік оқиға

07.02.2020
Қаралды: 720

Осыдан 70 жылдай уақыт бұрын, 1950 жылдың 25-маусымында Корей түбегінде Азамат соғысы басталғаны мәлім. Бір халықтың екіге бөлініп қырқысуы оның 9 миллиондай азаматынан айырылуына соқтыр­ған болатын. Соғыс 3 жылға созылған еді.

 

Қырылған адамдардың арасынан тірі қызды тауып алған

 

Аталған соғысқа сол кездегі капи­талистік және социалистік лагерьдің бірқатар елдері де араласып, өздері жақтайтын тарапқа болысу үшін Корей түбегіне шектелген әскери күштерін енгізген еді. Солардың қатарында Түр­кия­ның да бір әскери бөлімі болыпты.

 

Жалпы, Түркия Біріккен Ұлттар Ұйымына мүшелікке 1932 жылдары өткен. Ал 1950 жылдары ол НАТО әскери блогына мүшелікке өту әрекетінде жүрген. Сондықтан Корей түбегіне БҰҰ-ның бей­бітшіл күштерін енгізу кезінде Түркия да бұл шешімді қолдаған, сөйтіп БҰҰ күштеріне өзінің бір әскери құрамасын берген. Міне, Түркияның осы әскери бөлімінің құрамындағы Сүлейман Дилбирли есімді сержанттың басынан аңызға бергісіз айрықша оқиғалар өткен екен.

 

Оқиға 1950 жылы болған. Түрік әс­керилері бір елді мекенге барғанда онда қырылып жатқан адамдардың үстінен түседі. Яғни Оңтүстік Кореяның елді мекеніне шабуыл жасаған Солтүстік Корея солдаттары ондағыларды қырып кетіпті. Сержант Сүлейман Дилбирли осы аумақтан үрейден тілі байланып, бұта арасында жүрегі жарылардай болып бүрісіп отырған кішкентай қызды тауып алады. Қорғансыз бүлдіршіннің әке-ше­шесі мен кішкентай бауыры да сол жерде мерт болған екен. Осыны көріп жүрегі езілердей болған Сүлейман оны өзіне шақырып, аялай көтергенде мейі­рімді сезінген бүлдіршін бақыра жылап, оның мойнынан тас қылып құшақтап алыпты.

 

Бірі басын қатерге тігіп жүрген жат­жерлік солдат, екіншісі туыстарынан түгел айырылған жергілікті кішкентай қыз түрі де, тілі де, діні де бөлек екі ұлттың өкілі болғанымен өзара тез ұғынысып кетіпті. Бірақ қатты шошынып қалған бүлдіршін көпке дейін сөйлей алмай жүрген. Ал Сүлейман алғашында қараңғыда өзіне жүзі жарқырай көрінген қызға Айла деп ат қойыпты. (Бұл түрікшеден аударғанда – «ай жарығы», «ай сәулесі», яғни Айсәуле дегенге келеді).

 

Тас жетім болып қалған кішкентай қыздың жайын уайымдаған Сүлейман командирлеріне айтып, оны өздерінде қалдыруын өтінеді. Командирлері оның өтінішіне түсіністікпен қарайды. Содан 5 жастағы кішкентай Айла түрік әскери бөлімінде өмір сүріп жатады. Ол түрік тілін үйренеді, түрікше жазуға машықтанады.

 

Ал арада біраз уақыт өткенде С.Дилбирлиді Түркияға қайтару жөнінде бұйрық шығады. Сүлейман өзін әкесіндей көріп кеткен Айланы Түркияға әкетпекке, оны асырап алмаққа әрекет жасайды, бірақ Оңтүстік Корея үкіметі жетім баланы жатжерлікке бермей қояды. Олар Айланы соғыс кезінде жетім қалған балалармен бірге арнайы орталыққа орналастырады. Ал түрік солдаты қызбен қимай қоштасып, амалсыздан еліне қайтады.

 

60 жылдан соңғы кездесу

 

Сүлейман Түркияға оралғасын үйленген, бала-шаға өсірген. Бірақ ол өмір бойы, күн сайын Айланы бір сәт ойынан шығармаған. Оны ойлап, сағынып, жағдайы қалай екен деп уайымдаумен болыпты. Оңтүстік Корея туралы бағдарлама, кино көрсе, теледидардың ішіне еніп кетердей ентелеп, Айланы іздейді, газет-журналдан Оңтүстік Корея жаңалықтарын қалт жібермейді. Тиісті орындар­ға хат та жазады, бірақ оның әрекетте­рінен нәтиже шықпайды.

 

Сүлейманның бұл әдетін балалары түсіне алмапты, ал сүйіп қосылған жары Нимет үнемі оның жанынан табылған, оған қолдау көрсетіп отырған.

 

Бірде Корей түбегіндегі соғыстың аяқталуына арналған бір жиын болып, оған Түркия мен Оңтүстік Кореядан адамдар қатысады. Сол кезде 85 жас­тағы қарт ардагер Сүлейман Дилбирли өзінің Оңтүстік Кореяда басынан өткерген оқиғасын әңгімелеп береді. Оны осы кездесуге қатысқан кореялық бір журналист естіп, қатты қызығады. Содан ол Айланы іздеуге кіріседі, ол туралы газеттерде жазады. Сөйтіп жүріп ол Айламен мектепте бірге оқыған алты кластасын табады. Солардың бірі оған Айланың мекен-жайын анықтап береді.

 

Бұл кезде Айланың аты-жөні – Ким Ынджа, ол 65 жаста. Әлгі журналист іздеп тауып, түрік солдаты Сүлейман екеуінің соғыс кезіндегі суреттерін көрсеткенде ол: «Әкетайым, бар екенсің ғой! Мені ұмытпаған екенсің ғой!» – деп суреттерді аялай ұстап, жан толқынысын тежей алмай, еңіреп тұрып жылапты. Өйткені ол да соғыс кезінде өзін құтқарып, қамқорлық жасаған, әкесіндей болып кеткен Сүлейманды өмір бойы іздеп-сұраумен болған екен.

 

Содан Айла – Ким Ынджа тез арада жолға жиналады. Жанына немерелерін ертіп алып, Түркияға сапарға шығады. Аттанар алдында ол Сүлейман Дилбирлиге былай деп хат жазады:

 

«Сүйікті әкешім! Мен әлі Түркияға жеткен жоқпын, бірақ сенің ыстық құшағыңды сезініп келемін. Мен сен туралы өмірімнің әр минутында ойлаумен болдым. Соғыстың ауыр кезеңінде жанашырсыз қалған кішкентай қызды құтқарып, оны өзінің жақынындай қабылдау, қамқор болу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Саған сол үшін де алғысым шексіз!

 

Мен сені жанымдай жақсы көремін, әкешім! Жақында кездесеміз!

 

Қызың: Айла».

 

Ал қызының дерегін естіп, одан хат алған, жүрегі жарылардай қуанған қарт Сүлейман Айланың Түркияға жетуін тағатсыздана күтумен болыпты.

 

Сонымен 85 жастағы Сүлейман Дилбирли мен 65 жастағы Айла – Ким Ынджа 2010 жылы кездеседі. Олардың жан тебірентерлік қуанышына көптеген адамдар куә болады, бұл жөнінде ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде кеңінен таралады.

 

Жан жарымен бір күнде қайтыс болған

 

Аңызға айналған оқиғаның соңы осындай қуанышпен аяқталыпты. Әкесіндей қамқор болған Сүлейманнан қайтадан ажырау Айлаға өте қиын соғыпты. Сосын ол Түркияға көшіп барып, Сүлейманның отбасымен бірге тұрады, оларға өмірінің соңғы күндеріне дейін қызындай қамқор болыпты.

 

Ал үлкен жүректі асыл адам – Сүлейман Дилбирли 2017 жылы 7-желтоқсанда, жасы 92-ге қараған шағында ауруханада дүние салған. Сол кезде өзінің де жасы ұлғайып, біразға барып қалған Айла әкесінен айырылған жас балаша ботадай боздапты, оның қолынан қыса ұстап, маңдайынан аялай сипап, жан-жүрегі езіле жылап тұрып қоштасыпты. Ал Сүлейман бұл пәниден аттанар ақтық сәттерінде өміріне көңілі толған күйде, байсалды қалыпта жатып жан тапсырыпты деседі.

 

Бұл оқиғаның тағы да бір жан тебірентер тұсы бар: Сүлейманның сүйіп қосылған жан жары Нимет те арада бірер сағат өткесін ауырмай-сырқамай, күйеуінің соңынан о дүниеге аттанып кете барыпты. Ол мұның алдында: «Мен де Сүлейманыммен бірге боламын, бақиға бірге барамын», – деп айтқан екен. Құдай тілеуін берді ме, күйеуінің артынан ол да қайтпас сапарға аттанып кете барыпты. Жұрттың ұйғарымымен олар бірге жерленген екен. Тірісінде жұбы жазылмаған ерлі-зайыптылар Жер-Ананың қойнында да бірге жатыр деседі.

 

...Ал Корей түбегіндегі соғыс кезінде орын алған оқиға желісімен  Түркияда 2017 жылы «Айла: Соғыс қызы» деп аталатын фильм түсірілген. Ол 2018 жылы «Ең мықты шетелдік фильм» аталымы бойынша халықаралық «Оскар» жүлдесіне ұсынылған.

 

Бүгінде әлемнің әр елінде көрсетіліп жүрген, ғаламторда кеңінен таралған фильмнің басты құндылығы оның адамгершілік асыл қасиеттерді жарқырата насихаттай алуында, оның нақты өмірде болған оқиға желісімен түсірі­луінде жатыр. Фильмдегі басты кейіп­керлердің – 25 жастағы Сүлейман мен 5 жастағы Айланың соғыс кезінде жолығысуын, соғыстан кейін арада 60 жыл өткен соң, жастары ұлғайған шағында аңырай табысқан сәттерін терең тебіре­нбей, көзге жас алмай көру мүмкін емес. Ал көргісі келгендер бұл фильмді «Ютуб» әлеуметтік желісінен жүктеп алуына болады.

 

Б. РЫСҚҰЛ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ