Қазақ азаматы Омбы облысының бас ревизоры болып тағайындалды

05.02.2020
Қаралды: 104

Ресейдегі Омбы (Омск) облыстық бақылау-есеп палатасының төрағасы қызметіне жергілікті қазақ азаматы тағайындалды. Облыстық заң шығарушы органның депутаттары бұл лауазымға ұсынылған Тал­ғат Шұғылбаевтың кандидатурасын басым да­уыспен қолдап шықты.

 

Талғат Мүбәракұлы Шұғылбаев 1984 жылы өмірге келген. Ф.Достоевский атындағы Омбы мемлекеттік университетін бітірген. Облыстық атқарушы билік органдарында 2007 жылдан бері еңбек етеді. Омбы облысының қаржы министрлігінде (Ресейде осындай да облыстық ведомстволар бар) қатардағы қызметкерден бастап, бөлім бастығы дәрежесіне дейін өскен. Т.Шұғылбаев 2013-2015 жылдар аралығында Омбы облыстық қаржылық бақылау бас бас­қармасы бастығының бірінші орынбасары болып істеді, 2015 жылдың қаңтар айынан бері аталған бас­қарманың бастығы қызметін атқарып келді.

 

...Омбы облысы Ресейдің Батыс Сібір федералдық округіне қарайды, ол Қазақстанмен шекаралас. Онда қазір 2 миллиондай адам тұрады. Басым бөлігі – орыстар. Облысты мекендейтін халықтың саны жөнінен 2-ші орында қазақтар тұр. 2010 жылғы халық санағы кезінде ондағы жергілікті қазақтар саны 78 мың адамнан асады деп көрсетілген. Облыста қазақтар шашыраңқы орналасқан, басым бөлігі оның оңтүстік-батыс аумақтарындағы ауылдарда шоғырланған.

 

Міне, осындай аз қазақтың ішінен де Ресей сенім артқан білікті мамандар шығып жатыр. Әрине, бұл – сүйсінерлік іс. Осы орайда Талғат бауырымызға қызметінде сәттілік, биік абырой тілейміз.

 

Р. ҚЫДЫР.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ