Біз неліктен осындай күйге түстік?

06.02.2020
Қаралды: 289

Сейдахмет Құттықадамның кітабын оқу барысында басыма мың-миллион ой келді десем, артық айтпағандық болар. Сол ойлармен қатар соншалықты заңды сұрақтар да туындап жатты. Сол сұрақтардың біразына өз біл­ге­німше жауап тауып жаттым. Білмегендерімді білген­дерден сұрап жаттым, бірақ ең негізгі деген сұрақтарға жауап  бәрібір табылмады. Ал олардың бір шоғыры мыналар еді:

 

1. Әлемдегі қазба байлыққа толы бірегей мемлекет бола тұра неге осыншама тұралап қалдық?

 

2.  18-ақ миллион халықты неге аузы-мұрнынан шыққан бай жасамасақ та, бір пәтері бар, 10 соттық жері бар, көлігі армениялық емес жасай алмадық?

 

3. СССР-дың фундаменталды білім жүйе­сін еншілеген еліміз тәуелсіздік жылдары қалай жаппай санасыздыққа, тоғышарлыққа, надандыққа ұрындық?

 

4. Ең қарапайым һәм ең қиын сұрақтың бірі: Мұнайдың баррелі 150 доллар болғанда бензиннің  литрі 75 теңге де, мұнай 50 доллар болғанда бензин неге 170 теңге?

 

Неге 30 жылдық тәуелсіздік ішінде ең болмаса бір мұнай өңдеу зауытын сала алмадық?

 

5. Кеңестік жүйе бас-аяғы 20 жылдың ішінде 300 миллионға жуық халықты толық сауатты етіп шығарса, біз 30 жылдың ішінде сауатты, жоғары білімді аз ғана өз қазағымызды неге қазақша сөйлете алмадық, Ә.Бөкейхан осыдан 100 жыл бұрын көтерген қазақ тілінің жағдайын неге түзей алмадық?

 

6. Неге әр салада деңгейсіз, тіпті сауатсыз басшылар билік тізгінін алды? Неге өз ісінің шебер маманы тентіреп бос жүретін, ал ортаңқол маман жұмыспен қамтылатын жағдайға жеттік?

 

7. Ең негізгі сұрағым, не деген мәдениеттен жұрдай ел болдық? Не діни, не әдеби, не адами мәдениет қалмаған жабайыларға қалай айналып шы­ға келдік?

 

Сұрақ тіпті көп. Бірақ осымен шектеле тұрайын. Осылар­ға мардымды жауап естісем де шүкір етер едім.

 

Менің бір түсінгенім, біздің елден Шоқандар, Әлихандар, Ахметтер, Дінмұхамедтер, Жұ­ма­бектер, Алтынбектер шықса, шыққан шығар, бірақ енді жақын арада ондай тұлғалар шыға қояды дегенге сене алмаймын. Біздің Ли Куан Юіміздің түрі анау. Біздің Тэтчеріміздің түрі мынау... Жылағым келеді.

 

Неге сенбейтінімді айта кетейін. 1931-1933 жылдардағы орасан зор шығынның зардабын енді көріп жатқанымыздай, 1937 жыл­ғы «қаймақтан» айырылу зардабы қазіргі тексіздікке ұласқаны секілді, 1990-2010 жылдар арасындағы қиянаттың зардабы кейін шығады. Батпандап тұрып шығады әлі. Ол ғылым мен білім, әдебиет пен мәдениет, ар мен ождан және тағы басқалардың бәрінен көрініс табады.

 

Елу жылда ел жаңаруы керек еді, ал жүз жылда – қазан! Бірақ, өкінішке орай, біз 30 жылымызды өлтіріп алдық. Құй келіс, құй келіспе, ақиқат осы.

 

Астананың қар басқан көшесіне, қалай болса солай қойылған ауладағы көліктерге терезеден қарап тұрып елден безіп кеткім келді.

 

Нартай САУДАНБЕКҰЛЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ