«Керілетін төбе», «орындық жарнама», «зың-зың сабын»...

05.02.2020
Қаралды: 73

Шымкенттегі бір дүкен маңдайшасындағы «Керілетін төбелер» деген жазуға көзім түсті. «Натяжные потолки» деген орысшасын оқыған соң ғана оның не екенін түсіне бастадым.

 

Содан әлгі сөзді «Гугл»-ға салсам, ол «созылған төбелер» деп «аударып» тұр. Негізі бұл затты қазір көбіне «керме төбелер» деп айтып жүргенін білемін, ал «керілетін төбелердің» бар екенін көріп тұрғаным осы.

 

Одан ары сәл жүрген соң бағанаға жапсырылған жарнама қағазынан «Әскери қызметінде болған ер-азаматтарды қабылдаймыз жұмысқа» деген жарнаманы көзім шалды. Мұны да орыс тілінен сөзбе-сөз аудара салған секілді. 

 

Бұдан ары қарай да осыған ұқсас жарнамалар көзіме түсе берді. Солардың бірінде аяқжол бойындағы адамдар демалып отыратын орындықтың арқалығына «Орындық жарнама» деп ірі әріптермен жазған екен. Ал орысшасы «Реклама на скамейке» деп түсінікті «сөйлеп» тұр. 

 

Бір тұстағы бағдаршамның маңайында орналасқан билбордта сабынның жарнамасы ілініпті. «Зың-зың сабын». Мұның қайдан аударылған қазақша екенін біле алмадым.

 

Оң қапталымнан «Ет әлемі» деп аталатын дүкен кездесті. Осындағы «әлем» сөзі «етке» мүлдем үйлеспейтіндей көрініп, оны «Ет дүкені» деп іштей түзеп қойдым. Одан алыс емес жерде «Балалар әлемі» деп аталатын тағы бір дүкен бар екен. Оның да жазуы көңілге жайсыз тиді. Себебі ондағы «ә» әрпі төңкеріліп жапсырып қойылған.

 

...Мұның бәрі Шымкенттегі бір ғана  «Түркістан» көшесінің бойынан кездесіп жатқан олқылықтар. Биыл Шымкент «ТМД-ның мәдени астанасы» атанып отыр. Ал қаламыз өзге түгілі өзіміз түсінбейтін осындай біртүрлі жарнамаларға толы. Оған қай жер болса сол жерде жалбырап, шаһардың шырайын кетіріп тұрған «жұмысқа шақыру» жарнамаларын тағы қосыңыз. Тиісті қызметтегілер осы мәселеге де бір мән беруі керек-ау.

 

М. ШЫНҰЗАҚ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ