Әлсіздерге кім әлімжеттік жасайды?

07.02.2020
Қаралды: 383

Күні кеше аяқ-қолы байлаулы отырған бүлдіршіннің бейнежазбасы желі арқылы жұрт арасына тарады. Түркістан облысында орын алған бұл жайт кей жанның ызасын келтірсе, кейбірі аяушылық білдірді. Осыған ұқсас жайттардың соңғы кездері жиілеп кетуі бізді де біраз ойлантып тастады.

 

Мамандар балаға шектен тыс қатігездікпен қарау оның дамуына әсер етіп, белсенділігінің төмендеуіне алып келетінін айтып-ақ жатыр. Десе де балаға зәбір көрсетудің арғы жағында нендей себеп жатыр? Ол туралы шымкенттік психолог Ләззат Нұрпейісовадан сұраған едік.

 

– Балаға күш көрсету, оны ұру – мейірімнің жетіспеуінен болатын нәрсе. Яғни ұрып жат­қан адамның өзі кішкентай кезінде ересектерден таяқ жеген, ата-анасынан, ағасынан, әпкесінен, бір сөзбен айтқанда, өзінен күшті, өзінен үлкен біреуден зәбір көрген болуы мүмкін. Өзі таяқ жеген адам қолын ала жүгіріп, өзгені таяқтауға дайын тұрады. Сондай-ақ бұл нәрсеге агрессия көрсетушінің басқа жандармен өзара қарым-қатынасының дұрыс бол­мауы­ның да әсері бар. Мысалы, әйелдің күйеуімен, ер адамның жора-жолдасымен, қызметтесімен ортақ мәселені шеше алмауы. Адам іштей қиналып, күйзеліске түсіп, ашу-ыза, өкпесі ішке жиналған болса, біреуге деген кекті біреуден алуы мүмкін. Өзін мықты сезінгісі келіп, іштегіні өзінен әлсіз адамға шығарып, оған күш көрсетеді, ашуын да солай алады. Ата-ана бала өзінен әлсіз болғандықтан басқада кеткен кегін қайтару үшін осындай әрекеттерге барады. Мұндай жандарды психологиялық тұрғыда санасы жетілмеген, дамымаған, тұлғалық өсуі жоқ жандар деп айтуға болады, – дейді ол.

 

Ал мұндай жандарға заң  жүзінде қандай шара бар екені жөнінде шымкенттік заңгер, медиатор Айжан Кесебаева (суретте) былай дейді:

 

– Балаға қатігездікпен қарау жағдайларына қатысты айтар болсақ, аталған заңның 10-бабында «Әрбір баланың өмір сүруге, жеке басының бостандығына, қадір-қасиетіне, жеке өміріне қол сұғылмауға құқығы бар» делінген. Заң бойынша мемлекет баланың жеке басына ешкімнің тиіспеуін қамтамасыз етеді, ата-анасы, асыраушысы, тәрбиелеушісі тарапынан болатын баланың тәнін, жанын жәбірлеуден, қатігездіктен, дөрекіліктен қорғайды. Осы Заңның 24-бабында ата-анасы немесе басқа да заңды өкілдері баланың жан-жақты дамуы үшін қажетті жағдайды жасауға, тәрбиелеуге, күтіп-бағуға, материалдық жағынан қолдап, қамқорлық жасауға, тұрғын үймен қамтамасыз етуге міндетті екені де айтылған. Демек, ата-ананың, басқа да заңды өкілдерінің баланың денсаулығына, психикасына зиян келтіруге еш құқығы жоқ, – дейді ол. 

 

Айжан ханым баланы ұрып-соғуға құ­мар ата-анаға тиісті жауапкершілік жайлы былай дейді:

 

– Ата-аналардың міндеттерін орындаудан жалтаруы, оларға қатігездікпен қарау, қанау ата-аналық құқықтан айыруға немесе оларды ата-аналардың құқықтарын шектеуге әкеп соқ­тырады. Тиісті әкімшілік-аумақтық бөліністегі білім басқармасының жанында қорғаншылық және қамқоршылық органы деген болады. Кәмелетке толмаған балалардың құқықтары мен міндеттерін жүзеге асыруға мүдделі орын да осы. Осы органның немесе өзге де тараптың талап қоюымен сот жәбірлеуші тұлғаны ата-аналық құқығынан айыруы мүмкін. Ата-ана құқығынан айырылған жағдайда ол туыстық фактіге негізделген бүкіл құқықтарынан айырылады. Сондай-ақ баланың өміріне, денсаулығына тікелей қауіп төніп тұрған жағдайда сот істі қарап,  шешім шығарғанға дейін қор­ғаншылық және қамқоршылық органы баланы жергілікті өңірдің әкімдігінің қаулысы негізінде ата-анадан дереу алып қоюға құқылы, – дейді.

 

Демек, балаға қауіп төнген жағдайда ата-ана құқығынан айырып қана қоймай, оны тартып алуға да рұқсат бар. Бірақ өз перзентінің алдында жауапкершілікті сезінбеген ата-ананы осылай жөнге салу мүмкін бе? Осы тұста бала тәрбиесінде шетелдіктерден үйренетін нәрсе де жоқ емес сияқты. Оларда біздегідей емес, өз перзенттеріне деген қарым-қатынас өзгешерек. Мәселен, Данияда балалардың пікірі әрқашан алғашқы орынға қойылады екен. Ал Нидерланды елінде балалардың еркіндігіне ерекше мән берілетін көрінеді. Ондағы білім орындарында да бала денсаулығына зияны тимейтін дүниелердің барлығына рұқсат етілген. Сол секілді АҚШ-та да үлкендер баламен тең дәрежелі қарым-қатынасты ұстануға тырысады,  Тайландта ата-ана ненің бұрыс, ненің дұрыс екенін түсіндіре отырып, соңғы шешімді ұдайы баланың өзі қабылдауына мүмкіндік береді. Ал Ирландияда балалар үйі мүлдем жоқ көрінеді. Себебі ол елде балаларды асырап алуға дайын отбасылар қиындықсыз табылады екен.

 

М. ҚҰРБАНҚЫЗЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ