Бір өзі бүкіл ауылдың шаруасын шешіп берген

04.02.2020
Қаралды: 360

Елімізде көпшілікке ерекше ісімен үлгі болып жүрген бір азамат бар. Ол туған ауылының жанашыры, көптеген жобалардың демеушісі, кәсіпкер әрі меценат – Бауыржан Оспанов.

 

2014 жылы оның есімі Қа­зақстандағы ең бай 50 адамның бірі ретінде «Forbes Kazakhstan» журналына енген. Қазіргі таңда ол өзі негізін қалаған «ZHERSU» инвести­ция­лық-өндірістік корпорация­сы бақылау кеңесінің төрағасы болып табылады.          

                 

Кәсіпкердің алдымен ауызға алуға болатын үлгілі ісінің бірі өзі туып-өскен Алматы облысына қарасты Жыланды ауылын түгелдей арақ-шараптан тазартуы болды. Бұл дәстүр 2010 жылдан бері жалғасын тауып келе жатқан көрінеді. Ауыл ақсақалдарының дүкендерден арақты алып тастағысы келетіні туралы естіген соң ол жергілікті имамға қанша үйдің спиртті ішімдік сататынын, олардың бұдан қанша пайда тауып жатқанын сұрап білуін тапсырады. Оларға бұл бизнестің ай сайын 200-300 мың теңге табыс әкелетінін білгеннен кейін кәсіпкер ауыл адамдары арақ сатудан бас тартса, сол ақшаны өз қалтасынан беруге дайын екенін жеткізеді. Ақырында сатушылар дүкен сөрелерінен арақты алып тастайды. Кейіннен олар ішімдік саудасын тоқтатқан соң үйлеріне береке кіріп, басқа да тұрмыстық мәселелердің өздігінен оң шешім таба бастағанын айтып, кәсіпкердің ақшасынан да бас тартыпты. Саудагерлердің Бауыржан Оспановтың ұсынысына бір ауыздан келісіп, онымен ортақ мәмілеге келуіне «біреу қайтыс бола қалған жағдайда сөресінде арақ толы үйдің шақыртуына келмеймін, жаназа шығармаймын» деген ауыл имамының сөзі де әсер еткен көрінеді. Содан бері бұл ауылда арақтың орнын қымыз басқан. 

 

Бауыржан Оспанов кәсіпкерлік жолын студент кезінен бастапты. Сонау 1990 жылдардың бас кезінде өзі оқып жүрген институтта басшылықпен келісіп, видеосалон ашып, ата-анасына салмақ түсірместен өзін-өзі қаржылай қамтамасыз етіп отырған көрінеді. Содан бері бұл салада тынбай еңбек етіп, көптеген жетістіктерге қол жеткізе білген. Соның арқасында өзінің туған ауылының көркеюіне демеушілік жасаумен келеді. Ондағы мәдениет үйі, кинотеатр, спорт залы, демалу аймағы, мектеп, 18 мың кітап қоры бар кітапхана, мешіт секілді тұрғындарға қажетті нысандар күрделі жөндеу­ден өтіп, кейбірі кәсіпкердің көмегімен бой көтерген. Сондай-ақ өскен өңірінде балаларды грек-рим күресі, бокс, еркін күрес, ауыр атлетика, дзюдо, шаңғы спортына даярлайтын тұңғыш спорт мектеп-интернаты мен интеллектуалдық физика-математиканы тереңдетіп оқытатын мектеп ашты. Ал мұнда сабақ беретін білікті ұстаздарды жан-жақтан алып келіп, оларды жиһазбен толық жабдықталған жатақханамен, жоғары жалақымен қамтамасыз етті. 

 

Бауыржан Оспанов Атырау қаласындағы балалар үйінің жабылуына да себепші болған екен. Ол батыстан Жыланды ауылына бірнеше жетім баланы алып келіп, оларды өз қамқорлығына алған. Сөйтіп олар кәсіпкер тарапынан жатақхана, тегін оқу, ай сайынғы шәкіртақымен қамтамасыз етілген. 

 

Спорт саласының жанашыры ретінде кәсіпкердің елі­міздегі кей  спортшыларға да көп көмегі тиіпті. Ол боксшы қыз Назым Қызайбайға 2014 жылы Әлем чемпионатында жеңімпаз атанғаны үшін көлік сыйласа, 2016 жылы баспана тұрғызып берген. Бұл туралы спортшының өзі әлеуметтік желідегі парақшасында жазып, оған алғыс жариялапты. Сонымен қатар ол Қанат Ислам, Жанқош Тұраров секілді спортшыларға да демеушілік етеді.

 

Бауыржан Оспановтың ауылы таулы жер болғандықтан халықтың көбі ара ұстап, кәсіп етеді екен. Сондықтан ол бал өнімдерін шығаратын зауыт ашып, көптеген адамдарды жұмыспен қамтамасыз еткен. Бұл жақтан өндірілген табиғи бал өнімдері республикамыздың түкпір-түкпіріне таралып жатқан көрінеді.

 

Еліміздің қазіргі тұралаған жағдайында Бауыржан секілді кәсіпкерлердің болғаны қандай жақсы!

 

М. ЫБЫРАЙ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ