Әр ауылға асыл тұқымды екі бұқадан берсе екен

23.08.2016
Қаралды: 1754

Мен «Замана» газетінің тұрақты оқырмандарының бірімін. Бұл газетті көпшілік сүйіп оқиды, өйткені онда пайдалы мақалалар көп жарияланады. 

«Замананың» ауылдықтардың талай проблемасының шешілуіне атсалысқаны белгілі. Сондықтан мен де көптің көкейінде жүрген бір мәселені «Заманаға» жолдауды шештім.

Мәселе малды асылдандыру жайында. Бізде малды асылдандыру керектігі туралы еліміз тәуелсіздік алғалы бергі жылдарда үнемі айтылып келеді. Бірақ нақты атқарылып жатқан жұмыс жоқ.

Жалпы, бұл мәселе кеңестік кезеңдерде де қолға алынғаны белгілі. Яғни малдың ішінде екі-үш бұқа жүретін, ол сиырларды қашыратын, ал «Осеменатор» деп аталатын маман сол үшін айлық жалақы алатын еді. Яғни сөз жүзінде болмаса, ешқандай да жұмыс жүргізілген емес. Бұқалардан ұрық алып, белгілі бір температурада ұстап, әрбір ауылға апарып, арнайы дайындалған бөлмеде сақтайтын. Сиырлары бар ауылдар­ға арнайы жәшіктер орнататын. Сосын ұрықтарды «осеменаторға» өткізіп, одан оны қабылдап алғаны жөнінде қол қойғызып әкететін. Сонымен «жұмыс жүріп жатыр». Осылайша елімізде мыңдаған мамандар айлық жалақы алып жүрді. Бұл қалай десек, басшылар жоғарының бұйрығы, амал жоқ, соған бағынамыз дейтін. Яғни жұмыс қағаз жүзінде жүрді десек болады. Өзіміз мал шаруашылығына араласқан соң біз мұның бәрін білеміз.

Қазір де, міне, сол жағдай айна-қатесіз қайталануда. Бізде де сол «осеменатор» бар, жұмыс та солай «жүріп» жатыр. Сөзім дәлелді болуы үшін өз басымыздан өткен жайды айтайын.

Ауылдасымыз екеуміз «осеменатор» шақыртып, сиырларымызды ұрықтандырған едік. Бірақ одан нәтиже шықпады.

Қысқасы, біздің аудан, облыс басшыларына, ауыл шаруашылығы министрлігіндегілерге айтар тілегіміз бар. Әр ауылдан жа­йылымға шығатын сиырларға екі бас асыл тұқымды бұқадан әкеліп берсе екен дейміз. Біз оған «осеменатор» ретінде айлық жалақы тағайындар едік. Бұл «формально» емес, шын жұмыс болар еді. Ал бұқаны бес-алты жылдан кейін кезінде өзіміз алған мекеме есебімен етке өткізсек, онда «қой да аман, қасқыр да тоқ» болар еді. Шын ниетімен істесе бұл нақты нәтиже шығатын тірлік болары анық.

Ауыл шаруашылығы саласы басшыларының халыққа жаны ашитыны рас болса, онда неге шетелден миллиондаған ақшаға асыл тұқымды сиырларды алып, бұзаулатып, екі жастағы еркек бұзауларын етке өткізіп жатыр? Асыл тұқымды бұзауларға обал емес пе? Одан да оларды ауылдың сиырларына салмайды ма? Тиісті құжаттарын реттеп берсе, уақыты жеткенде сол бұқаларды алған мекеме есебінен етке өткізсек немесе есеп-шотына ақша аударсақ, мұның екі жаққа да тиімді іс болары анық. Есесіне ауылдағы мал асылданар еді.

Менің бұл ұсынысымды әр ауылдағы көзі ашық, шаруаға жаны ашитын адамдардың қолдайтынына сенемін.

Осы орайда мына бір мәселені де айта кетсем деймін. Яғни қазір кей ауылдарда асыл тұқымды бұқа иеленген небір байлар бар, олар мемлекеттен субсидия алады, бірақ бұқаларына өзгенің малын қосқызбайды. Өзге малды мемлекеттің тегін жайылымына да жолатпайды. Кейінгі кезде жерді сату туралы да айтылып жүр ғой, жерді сондай адамдар сатып алар болса, оған жайылған өзгенің малын атып тастары анық. Сондықтан жер мәселесін талқылап жатқандар осы жағына да мән берсе деймін.

Қысқасы, ауылда тұрған ағайынға малын асылдандыруға мүмкіндік беріп, жағдайын жасау керек. Жоғарыдағылар осы жағын да мықтап бір ойланса екен.

Жолан ӨТЕГЕНОВ, зейнеткер.

Боралдай ауылы.

Бәйдібек ауданы.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ