Басқармаларды 50-60 пайызға қысқарту керек

04.02.2020
Қаралды: 395

Бізде, Қызылорда облысында республикалық және облыстық 60 бас­қарма бар. Облыс әкімінде 5 орынбасар, аудан әкімінде 4 орынбасар, 160 ауыл әкімдері бар.

 

18 миллион халыққа – 100 мың, ал Жапонияда 130 миллион халыққа 9 мың қызметкер екен. Бастық көп жерде береке болмайды.

 

Мемлекеттік қызметшілердің біліктілігі, сапасы – үлкен мәселе. Облыс әкімі орынбасарларының ішінде 4-еуі – өзі басқарып отырған салаға еш қатысы жоқ азаматтар.

 

Жоғарыда айтылған 60 басқарма басшыларының 50 пайыздан астамы өзі бас­қарып отырған саланың маманы емес. Бізде облыс, қала басшылығында басшы не оның орынбасары болып 30-дан астам ішкі істер, прокуратура, қаржы полициясының, басқа да заң саласының зейнеткерлері жұмыс істейді екен. Қаншама жас жігіттер жұмыссыз жүр, ал олар кемінде 200 мың теңге зейнетақы алады, оған қоса 350 – 500 мың теңге жалақымен мемлекеттік қызметте жүр.

 

Ол аздай, әкімде, орынбасарларда, басқарма басшыларында бір-екеуден кеңес­шілері бар. Сол ақылман кеңесшілердің 90 пайызы өз заманында ештеңені де қатырмаған менің замандастарым. Олардың отырған кабинеттері бар, мініп жүрген көліктері бар, алып отырған жалақы, сыйақысы бар, тағы басқа шығындарын есепке алсақ, сол қаржыға тұрмысы төмен, зарлап жүрген көптеген отбасыларға жағдай жасап, риза қылуға болар еді.

 

Мен уақытында аудан, қала басқарған адаммын, аудандық, облыстық деңгейде депутат, Парламент депутаты болғанмын. Мем­лекеттік басқару жүйесін жақсы білемін.

 

Бірінші жасайтын жұмыс – парламенттік басқару жүйесі қажет.

 

Облыста әкім, екі орынбасары, экономика және қаржы басқармасы (біз 90 пайыз ақшаны республикадан аламыз, сондықтан екеуін біріктірген дұрыс), ауыл шаруашылық бас­қармасы, құрылыс және өндіріс басқармасы, білім, денсаулық, мәдениет және спорт бас­қармасы, облыстық ішкі істер басқармасы жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын. Әкімге осы екі орынбасар, бес басқармадан ауысатын  жұмыс жоқ. Содан 50-60 пайыз қысқартып, үнемделген қаражатты облыс басшылығы депутаттармен кеңесіп, қажетті салаға жұмсауы тиіс.

 

Ал ауданда әкім, бір орынбасары, үш бөлім болуы, кейбір шағын ауданда әкім және екі бөлім болуы керек. 3,5 – 5 мың халыққа бір әкім жетіп жатыр. Мысалы, Жалағаш ауданына, Қаракеткен, Шәменов, Далдабай ауылдарына бір әкім, Аққыр, Мақпалкөл, Жүргенов ауылдарына бір әкім.

 

Ақша есепті сүйеді. Ең бастысы, оның халықтан түскен салық қаржысы екенін ұмытпау керек.

 

Жұмыс істейтін – әкімнің жалғыз өзі емес, оның жақсылардан іріктеп алған командасы.

 

Іске сәт!

 

Қожахмет БАЙМАХАНОВтың Фейсбуктегі парақшасынан.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ