Медициналық «маска» тапшы тауарға айналды ма?

04.02.2020
Қаралды: 385

Қытайда таралған вирус Қазақстан халқын да бейжай қалдырмады. Көпшілік медициналық маскаларды көптеп сатып алуға кірісті.

 

«Дәріханаларда медициналық маскалар табылмай жатыр» деген сыбысты тексеру мақсатында біз де Шымкент қаласындағы дәрі-дәрмек сататын орындардың біразын аралап көрдік. Расында да өзіміз кірген дәріханалардың көпшілігінен сұраған затымызды таба алмадық. Әшейінде самсап тұратын мұндай дүниелер тапшы тауарға айнала бастаған ба деген ойға қалдық.

 

Мұның себебін дәріхана сатушыларының өз аузынан білмек болдық. Көпшілігі «сатылып кетті» деп қысқа қайырды. Енді бірі тұрғындар тарапынан сұраныстың күрт көбейгенін алға тартты.

 

«Маска деген сөреде ұзақ тұрмайтын болды. Адамдар «жұмыстағыларға керек» деп 50-100 данадан сатып алуда. Жаңа ғана біреу екі қорабын бірден алып кетті. Көпшілік жерде медициналық бетперде киген дұрыс. Мұрын мен ауызды жабу керек. Қытайға қыдырып барған адамдарымыз да кері қайтып жатыр емес пе?» – деді бір дәріхана сатушысы. «Маска сұрайтындар көбейді. Әсіресе мына ауруханаға бетпердесіз ешкімді кіргізбей жатыр. Бәрі маска сұрап жүгіріп кетті», – дейді клиникалық аурухана маңындағы дәріхананың бірінде.

 

Осылайша «24 аптека», «ArtMed», «Эвалар», «36 plus», «EUROFARMA» секілді жолай кездескен он бес шақты дәріханаға бас сұқтық. Біз сұраған көк түсті медициналық маска соның тек 3-4-еуінен ғана табылды. Кейбірінде жастар жағы көбірек құмартатын қара түсті маска ғана қалғанын айтты. Ал балаларға арналғаны мүлде жоқтың қасы екен, ол біз кірген дәріханалардың біреуінде ғана бар болып шықты.

 

Аталған медициналық тауарға сұраныстың күрт көбейгенін өзіміз де байқадық. Қай дәріхана болмасын, кіргендердің ең бірінші сұрайтыны да осы маска болды. «Бар», – деген жауапқа қуанып: «Осыған келгенінше беріңізші», – деп қолындағы 500 теңгесін ұсынып жатты бір орыс келіншек. «Қазір Қытайда қауіпті вирус жүріп жатыр. Соған байланысты біздегі мектептерде де сақтық ретінде маска киіп келуді талап ете бастады. Осылай көп-көптен алып қойып жатырмыз», – деді ол бетперде сатып алып жатып.    

 

Байқағанымыз, мұндай бір реттік маскалардың бағалары да алуан түрлі екен. Көк түсті маска бірінде 25 теңге болса, енді бірінде 50 теңгеден сатылуда. Ал қара түстілерінің бағасы 20, 25, 40 теңге көлемінде. Балаларға арналған бір реттік бетперделердің құны 40 теңгені құрайды. Бағадағы мұндай ала-құлалық фармацевттердің қазіргі ахуалды пайдаланып, аталған қорғаныс құралының құнын әркім өз қалауына қарай қойып жатқандай.  

 

Шынтуайтында дәріханананың әлгіндей маскаларымен Қытайдың өзі ауыздықтай алмай отырған бұл аурудан қаншалықты қорғана аламыз? Масканы былай қойғанда, мемлекеттің дайындығы көңіл көншітерлік пе? Қытайдан бері қарай өтіп жатқан адамдардың бар екенін, сондай-ақ бізде коронавирусты анықтайтын зертхананың жоқтығын, қажет жағдайда анализдерді шетелге жіберуге тура келетінін, сол секілді елдегі медицинаның қауқарын қоса сөз етер болсақ, оны ойлаудың өзі қорқынышты. Сондықтан қорғануды ең алдымен шекараны жауып, жан-жақты қымтанудан бастау керек секілді.

 

М. ӘМІР.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ