Дүниені дүрліктірген дерт

04.02.2020
Қаралды: 416

Қытайдың Ухань қаласынан шыққан қатерлі жұқпа бүгінде бұл елдің өзін ғана емес, дүние жүзін дүрліктіріп тұр десек болады. Өйткені 1 миллиард 400 миллионнан астам халқы бар Қытайдың өзге мемлекеттермен сауда-экономикалық байланысы күшті. Бұл елдің азаматтары жер шарының барлық аумақтарына жұмысқа, оқуға, саяхаттауға барады, осындай мақсаттармен оған өзге елдерден сапарлайтындар да көп.

 

Мыңдаған адам жұқтырды

 

Қытайда коронавирустың белгісіз түрімен ауырған алғашқы науқас өткен жылғы 8-желтоқсанда белгілі болған екен. Бірақ дәрігерлер ауруды жедел-өтпелі тыныс жолы жұқпасы деп ойлаған. Одан кейін де біраз адам ұқсас симп­томдармен ауруханаға түсе бергесін күдік пайда болған. Ал биліктегі адамдар жұртты дүрліктірмес үшін ақпараттарды біраз уақытқа дейін жасырып келгенге ұқсайды.

 

Бұл ауруға қатысты биылғы қаңтардың алғашқы күндерінде ғана дабыл қағылған. Тез таралатын сұмдық жұқпа Ухань қаласындағы теңіз өнімдерін саудалайтын базардан шыққаны туралы айтылуда. «Хоанань» деп аталатын бұл базарда санитарлық ахуалдың өте нашар болғаны туралы дерек бар. Су жетіспейтін, көп жері кәріз жүйесіне қосылмаған, қым-қуыт тіршіліктен ластанып жататын бұл базарды Қытай билігі 1-қаңтар күні жауып тастаған екен.

 

Бұл ауру шыққан алғашқы күннен бері Қытайда жүзден аса адам қайтыс болды. Дерттің бүгінге дейін 5 мыңнан астам адамға жұққаны туралы айтылып жатыр. Сондай-ақ дертті жұқтырған адамдар Гонконгтен, Сингапурден, Вьетнамнан, Оңтүстік Кореядан, Жапониядан, Тайландтан табылды. Алыстағы АҚШ-тың өзінен бұл ауруды 5 адам жұқтырыпты.

 

Жаны бардың бәрін де жей бергеннің кесірі ме?

 

Ухань қаласындағы базарда Қытайдың Ғылым академиясының, Халық-азаттық армиясының, Шанхайдағы Пастер институтының мамандары Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының адамдарымен бірге тексеру-зерттеу жұмыстарын жүргізген. Ғалымдар алғашында вирусты жарқанаттардан шыққан деп ұйғарыпты. Бұған негіз де жоқ емес. Өйткені «Хоанань» базарында теңіз өнімдерінен бөлек, жануарлар мен аң-құстардың, бауы­рымен жорғалаушылар мен жәндік­тердің түр-түрі сатылатын болған. Олар тірідей де, сойылып та саудаланған. Торлы жәшіктерге қамалған тіршілік иелерін одан шығарып алған бетте, сол маңда-ақ қанын сорғалата сойып, бұтарлап бөліп, килолап сататын болған.

 

Бұл базар ішіндегі асханаларда азыққа жаратылатын жан-жануар, жәндік­тердің түр-түрінен даярланатын ас мәзірлері жазылып тұрады екен. Яғни базар аралаушы адам асханадан ас ішер болса, ондағы «менюге» қарап, үй жануарлары мен құстарының етінен бөлек, құрт-құмырсқадан, кесірткеден, қырықаяқтан, құрбақадан, жыланнан, жар­қанаттан әзірленген, егеуқұйрық, ит, мысық, жанат, коала, түлкі, бөлтірік етінен пісірілген тағамдарға тапсырыс бере алады. Ол жерден жабайы жануарлардың 112 түрі мен олардың етін сатып алуға болады екен, тіпті алыс жақтан жеткізілген қолтырауынның еті де табылатын кө­рінеді. Осының бәрін сататын шағын дүкендер базар ішінде өте көп болған.

 

Әрине, мұндай сауданың бәрі заңсыз түрде жасалып жатқан шаруа. Милиция қанша аңдыса да, ұстап, жазалап жатса да сатушылар мен сатып алушылардың ісіне түбегейлі тосқауыл қоя алмайды. Өйткені 12 миллионнан аса тұрғыны бар қалада халықтың ішіп-жемін тауып беру оңай шаруа емес. Ал сұраныс бар жерде ұсыныстың қаулай өсетіні бесенеден белгілі.

 

Жарқанаттан жұққан ба, жыланнан жұққан ба?

 

Қытайлар жарқанат етін түрлі тыныс жолы дерттеріне, өкпе ауруларына шипалы деп тұтынады екен. Одан негізінен сорпа жасап ішеді деседі.

 

Алғашында вирус жарқанаттан тарал­ған деп болжанған еді, кейін одан бас­қа да, мысалы, жылан етінен жұққан деген сияқты нұсқалар айтыла бастады.

 

Кешегі аптада Қытайдың патогендік микроағзаларды сақтау ұлттық ұйымы жұрттың арасында жедел таралып жатқан вирустың электрондық микроскоптың жәрдемімен жасалған суретін жариялады. Оның тұрқы кәдімге патшалар басына киетін тәжге ұқсайды екен, сондықтан да «коронавирус» деп аталып отыр.

 

Коронавирустың бұл түрі неден шыққаны туралы әзірге нақтыланған дерек жоқ. Алғашында оны жарқанаттардан жұққан десе, кейін оның тасымалдаушысы ауру құс немесе қоян болуы мүм­кін деп айтып жатты. Тіпті аюдың, борсықтың майынан жұққан болуы ықтимал деген де болжам жасалды. Біреулер Қытайда аюдың табанын жеңсік ас ретінде пайдаланатынын айтып, бұған аюды да кінәлі етіп жатты.

 

Дегенмен негізгі күдіктің жарқанат пен жыланға  келтірілуі басым. Ухань қаласындағы  вирусология ғылыми-зерттеу институтының кей мамандары ауыр нау­қасқа шалдыққан біреудің қанын тексе­ріп көргенде одан осыдан бірнеше жыл бұрын жарқанаттардан табылған вирустың белгілерін анықтағаны туралы айтты. Яғни олар вирус жарқанаттан жұққан дейді. Ал қаладағы биоинженерия институтының мамандары ол жыланнан кел­ген болуы мүмкін деген болжам білдірді. Олардың пайымынша, вирус жар­қанатты жұтқан жыланның ағзасында қуаттанып, өзгеріске ұшыраған, сосын ол әлгі жыланның етін асқа пайдаланған адамға жұққан.

 

Ғалымдардың жарқанат ағзасындағы вирусты ашқанына біраз уақыт болған екен. Яғни  осы бір өзгеше мақұлықтың ағзасында ол вирус тұрақты түрде кез­деседі деседі. Бірақ жарқанат онымен ауырмайды, ол оның тасымалдаушысы ғана. Ал «ұйқыда» жатқан вирус күшею үшін басқа ағза іздейді екен, оған түскен соң мутацияға ұшырап, қуаттанады. Яғни биоинженерлер бұл қауіпті жұқпаны жар­қанат пен жыланның денесінде болып, «будандасқан» вирус деп топшылауда.

 

Қытай ғалымдары мұның бәрін арнайы тәжірибелер жасау арқылы анықталған жайларға сүйене отырып айтуда. Дегенмен әлем вирусологтары жарқанат вирусының аралық тасымалдаушыда, яғни бұл жерде жыланда күшейіп, өзге­ріске ұшырауы үшін ұзақ уақыт кететінін айтып, бұған күмән келтіруде. Қысқасы, әзірге вирустың қоздырғышы нақты осы деп қолмен қойғандай тұжырым жасал­ған жоқ.

 

Осыдан біраз бұрын бұл вирусты адам­нан адамға жұқпайды деп мәлімде­гендер де болған. Ал бүгінде оның адам­ға ауа-тамшы жолымен жұғатыны расталып отыр. Дертке бірінші кезекте иммунитеті төмен адамдар шалдығады деп айтылуда. Одан қорғану үшін үйде де, тыста да гигиеналық талаптарды сақтау, ағзаны С витаминімен молықтыру, адамдар көп жиналған жерге жоламау сияқты шараларды ұстану ескертілуде. Дене қызуы көтеріліп, қандай да бір жайсыздық сезілсе, тез арада дәрігерге көріну керек деп айтылып жатыр.

 

Бактериялық қару санап жатқандар да жоқ емес

 

Қытайдың Ухань қаласындағы вирусология ғылыми-зерттеу институты 2003 жылы 800 адамның өмірін қиған атипия­лық  пневмония эпидемиясын зерттеу нәтижесінде өмірге келген. Оның салынып, жабдықталуына 44 миллион доллар қаржы жұмсалған екен.

 

Міне, осы ғылыми орталықта коронавирустың түр-түрі зерттеледі. Одан бөлек, онда бактериологиялық қару да жасалады деген сөздер бар. Ғаламторда осыған қатысты Израиль әскери барлау қызметінің бұрынғы офицері, бүгінде стратегиялық зерттеулер орталығында жұмыс істейтін  Дэни Шохам деген микробиологтың айтқандары жүр. Ол кезінде Қытайдың биологиялық бағдарламаларын зерттеумен айналысқан екен. Осы адам: «Бұл – Ухань вирусология ғылыми-зерттеу институтының шығарған құпия биологиялық қаруы болуы әбден мүмкін», – деген пікір білдіріпті.

 

АҚШ-тың әскерилері де Қытай биологиялық қару жасаумен айналысады деп күдік келтірген. Мысалы, АҚШ Мем­лекеттік департаменті өткен жылға қатыс­ты берген есебінде осылай деп ашық мәлімдеген екен.

 

Енді бір барлаушылар Ухань институтында маймылға тәжірибе жасалған болуы, арнайы вирус жұқтырылған оның қандай да жолмен зертханадан қашып шығып, ауру таратқан болуы мүмкін деген де болжам айтты.

Жалпы, Қытайда вирустарды зерт­тейтін 4 үлкен зертхана бар екен. Израиль сарапшысының айтуынша, Уханьдағы ғылыми-зерттеу институтының кей зертханалары Қытайдың қорғаныс саласымен бірлесіп жұмыс істейтінге ұқсайды. Д.Шохамның тұжырымынша, Уханьда зерттелген коронавирустар сонда сақталады. Оны ауруды анықтап, оған қарсы екпе шығару үшін ғана емес, биологиялық қару түрінде пайдалануға да мүмкін­дік бар.

 

Әрине, мұның бәрі тек болжамдар ғана ғой. Бірақ адамды ойландырмай қоймайды.

 

Уханьнан қашқан 5 миллион адам қайда жүр?

 

Қауіпті вирус таралған Ухань қаласына қазір сырттан ешкімді кіргізбейді. Оның халқы да сыртқа кете алмайды. Қала толықтай әскер күшімен қоршауға алынған. Онда залалсыздандыру жұмыс­тары жүргізіліп жатыр.

 

Бұл қалада небәрі он күнде жедел түрде бір мың орындық аурухана салынды, қытайлар енді екіншісін салмаққа әрекет жасауда. Қалада бетперде, дәрі-дәрмектер, тіпті азық-түлік те жетіспейді деген сөздер таралуда.

 

Ухань қаласының басшылары карантин жарияланып, қала жабылмас бұрын ондағы 5 миллион тұрғынның басқа жақтарға кетіп қалғаны туралы айтты. Арасында вирус жұқтырғандар бар болса, олар да қатерлі жұқпаны таратушылардың санын арттыруы әбден мүмкін деп қорқып жүргендер бар.

 

Бүгінде Ухань қаласында 100-ге тарта қазақстандық студенттің оқитыны жөнінде айтылуда. Олардың кейбірі алғашында жайбарақаттық танытып, әлеу­меттік желіде «мұнда бәрі тыныш» деген тұрғыда хабар таратқан еді. Кейін бір­қатар студенттер Қазақстаннан көмек сұрады.

 

...Бүгінде Қазақстан мен Қытай арасындағы шекара жабылған. Елімізде сақтық шаралары қолға алынып жатыр. Құдайым Қытайдан шыққан қауіпті вирустың бетін ары қылсын дейік.

 

Д. НҰРПЕЙІС.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ