Мақталы көшесінің тұрғындары Путинді Шымкентке шақырмақшы

04.02.2020
Қаралды: 411

Шымкент қаласының «Хамза» деп аталып кеткен аумағындағы қатар жатқан үш көшенің тұрғындары кейінгі 9 жылдан бері бір мәселені көтеріп жүр. Осы уақыт аралығында қала мен облыста бірнеше әкім ауысты, облыс орталығы Түркістан қаласына барып орнықты. Ал көше тұрғындарын толғандырған проблема осы күнге дейін шешілген жоқ.

 

Әңгіме аталған аумақтағы Мақталы, Москва  және «Интернациональная» көшелері тұрғындарын толғандырған мәселе жөнінде. Бұл аумақтан ілгеріде, кеңестік кезеңде жоғары кернеулі электр желісі тартылған. Кейін ол тұстарға тұрғындар үй салып, көшелер түскен. Сол кезде электр желісі бағаналарының біразы көше ортасында, жол үстінде қалып қойған.

 

Бертінде бұл аумақта үйлер көбейді, көлік қатынасы артты. Сол кезде түрлі қауіптер туындай бас­тады, адамдардың жолдан ары-бері өтуі қиындады. Осыдан бес жылдай бұрын жол ортасындағы бағаналардың біріне көлік соқтығысып, үш азамат тіл тартпай кетті. Тар көшеде жарық беретін шамдар жоқ. Қошқарата өзені ағып өтетін тұстан салынған көпір ескі. Міне, көше тұрғындарының бұрын­ғы-соңғы әкімдерге осы және басқа да проблемаларды айтып, көмек сұрап жүргеніне бірнеше жылдың жүзі болды. Көше тұрғындары бұған байланысты Президентке, «Нұр Отан» партиясына, әкімдерге, тиісті басшыларға бірнеше мәрте хат жазған, олардың бірқатарына жауап келген, біреулерге мәселені шешу туралы тапсырмалар берілген. Алайда тұрғындар айтып жүрген қауіпті жол қиылысына белгі қойылғанымен басқадай уәделер сол күйі орындалмады.

 

Міне, осы проблемалар таяуда Шымкент қаласының әкімі болып тағайындалған Мұрат Әйтеновке де айтылды. Қала әкімі Абай ауданы басшысының есеп беру жиынына қатысқан кезде тұрғындар оған шешімін таппай жатқан қыруар мәселелер жөнінде айтты. Осының ішінде әсіресе Жәкен есімді азаматтың сөздері көп адамның назарын аударды.

 

«Біріншіден, сізді қызметке тағайындалуыңызбен құттықтаймын. Екіншіден, сізге біздің көшемізге Ресей Президенті Владимир Путинді шақыру ниетіміз бар екенін жеткізбекпін. Біз Мақталы деген көшеде тұрамыз. Көршілес Москва және «Интернациональная» көшелерінің тұрғындарымен өте татумыз, проблемаларымыз да бір.

 

Шымкент биыл ТМД елдерінің мәдени астанасы болып бекітілді ғой. Бізде «Москва» деп аталатын көше бар. Ал Москва – ТМД-ның астанасы. Оның үстіне біз жақта үлкен шіркеу салынып жатыр. Оның құрылысы жақын арада бітеді, біз соның ашылу салтанатына Путинді шақырмақ ниеттеміз», – деді ол кісі.

 

Бұл тосын жай қаланың жаңа әкімін таңқалдыр­ғаны рас. Әрине, ол мұның сырын сұрады. Жәкең оған 9 жыл бойы шешімін таппай жүрген мәселелер туралы айтып, оның көмекшілеріне бірнеше құжат тапсырды, өзі әкімнің жеке қабылдауына жазылды.

 

Біз кейін қала әкімін осы жайдан құлағдар еткен азаматты жолықтырып, одан Ресей Президентін Шымкентке шақыру туралы ойлары қаншалықты рас екенін сұрадық.

 

«Қайтеміз енді, жылдар бойы шешімін таппаған мәселелерге жаңа әкімнің назарын аудартқымыз келгесін жасаған амал ғой бұл. Тым құрығанда көшеге электр шамдарын орнатып берсе екен дейміз. Әйтпесе Путинге расында да хат жазбақшымыз. Мүмкін ол Шымкентке келер, мүмкін келмес. Ал келемін дегендей хабар шықса, біздің басшыларды білесіз ғой, көшені айнадай жарқыратып қоятын болар деп ойлаймыз. ТМД-ның мәдени астанасын ұятқа қалдырмайтын шығар деген үміт бар», – дейді ол кісі.

 

Мінеки, Шымкентте осындай да оқиға болып жатыр. Ал қаланың жаңа әкімі Абай ауданы тұрғындарының бұл өтінішін орындар ма екен? Әлде ол кісі де өзінің алдында келіп кеткен әкімдер сияқты мәселені шешуді сөзбұйдаға салып, кейінгілерге «мұраға» қалдыра ма? Аталған көше тұрғындарының көкейінде осы сұрақ тұр.

 

Р. ҚАЛТАЙ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ