Мекемтас Мырзахметов: «Біздің қарашаңырағымызды белсенділер өртеп жіберген»

28.01.2020
Қаралды: 465

Белгілі ғалым, абайтанушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, профессор Мекемтас Мырзахметов ағамызға Түркістан облысындағы Түлкібас ауданының әкімдігі үй салып берді. Үй Майбұлақ ауылынан бой көтерді. Осыған орай біз ол кісіні қуанышымен құттықтап, әңгімеге тарттық.

 

– Мекемтас аға, осы қуанышты оқиғаға орай өзіңізбен аз-кем сұхбат құрсақ деп едік.

 

– Сұрақтар дайын болса...

 

– Үйдің неліктен ауылдық жерден салынғаны қызық болып тұр. Енді сонда тұратын боласыз ба? Кәдімгі, типтік үй шығар?

 

– Үй дайын, тек газ кіргізу сияқ­ты бірер ұсақ-түйек шаруалары ғана қалды. Құдай қаласа, көктемге қарай кіреміз деп отырмыз. Аудан әкіміне рахмет, мейірімі түсіп, осындай ізгі іс жасады. Жобасын өзім сызып бергенмін. Жалпы аумағы 140 шаршы метр. Бізге соның өзі болады, үлкен үйдің қажеті жоқ. Ал үйдің онда салыну себебі – Майбұлақ менің туған ауылым. Онда 1930 жылдары біздің үйіміз болған.

 

– Қара шаңырақ Майбұлақта болған екен ғой. Ол үй сақталған ба еді?

 

– Жоқ. Оны белсенділер өртеп жіберген.

 

– Қалай?

 

– Әкем дәулетті кісі болған. Екі әйел алған. Үйді еуропалық стильде салдырған екен. 1928 жылғы байлардың мал-мүлкін тәркілеу кезінде әкем де «кәмпескеге» ілігіп, түрмеге қамалған, содан оралмады. Үйімізде тығылған алтын болыпты, соны таба алмаған белсенділер кейін баспанамызды өртеп жіберген. Іздегендерін сөйтіп тауып алыпты.

 

– Әкемнің екі әйелі болған дедіңіз, балалары да аз болмаған шығар онда?

 

– Біздің отбасыда 17 адам болған ғой, әке-шешелерімізді қосқанда. Кейінгі әйелінен біз әпкем екеуміз едік. Бауырларымның бәрі дерлік ашаршылық жылдарында опат болған.

 

– Ал өзіңіз қалай өсіп-жетілдіңіз? Қанша бала-шаға өсірдіңіз?

 

– Анам да ертеректе қайтыс болған. Балалар үйінде, мектеп-интернатта тәрбиелендім. Көп қиындық көріп жүріп жетілдік қой әйтеуір. Жұба­йым Бахирамен бес бала өсірдік. Бәрі жоғары білімді, консерватория бітіргендері де бар. Солардан тараған немере-шөберелерге ата-әже болып жүрміз.

 

– Балаларыңыздың әке жолын қуып, ғылым жолын таңдағандары бар ма?

 

– Әрқайсысы өз таңдауымен білім алды. Әрине, олардан доктор жасап шығаруға да болар еді, бірақ оның не қажеті бар? Кімнің де болса, қалаған, меңгерген ісімен елге еңбек етуі, жемісін беруі керек қой. Балаларымның ғылым жолына түскендері жоқ, олар қазір өмірдің әр саласында еңбек етіп жүр.

 

– Ал өзіңіздің ғылымды таңдауыңызға әу баста не себеп болған еді?

 

– Бала кезден көп білуге құмар едім. Бәрінен бұрын мені ұлтымыздың тарихы қатты қызықтырды. Біздің қазақтың тарихы Қытайдікінен де басым. Біз – Азия мен Еуропаға билігін жүргізген ұлы халықтың ұрпағымыз. Бізді көрші тұрған екі империя әлсіреткен. Мысалы, 1916 жылы қазақтар бүкіл Ресей патшалығындағы түркі халықтарының 57 пайызын құраған. Ал қазір 23 пайызға енді жеттік.

 

Біз кеудесін ешкімге бастырмаған мықты халық едік, түрлі қыспақтан орыстанған, мәңгүрт халық деңгейіне түсіп кеттік. Осының негізгі себептерін ашып беру керек болды. Ашып бердім. Бұл докторлық қорғағаннан да қиын іс.

 

– Қазір жасыңыз 90-ды шамалап тұр. Осының бәріне қуатыңыздың жеткені таңқаларлық. Жалпы, денсаулығыңыз, жағдайыңыз қалай?

 

– Мен қазір 92 жастамын. Анам соғысқа әкетіп қалады деп уайымдап, құжатқа жасымды кішірейтіп жазғызыпты. Негізі 1928 жылы өмірге келіппін.

 

Тас жетім болып, талай қиындықты көріп әбден піскенбіз ғой. Түркістанда жұмыс істеп жүргенде бір дәрігер қателесіп басқа дәрі жазып беріп, содан аллергия алып қалғаным болмаса, денсау­лыққа басқадай шағымым жоқ.

 

– Осының сыры неде? Күтінудің  қандай да бір әдіс-тәсілін қолданасыз ба? Жұртқа қызықты болады деп сұрап жатқан жай...

 

– Енді... Құдайдың берген денсаулығы ғой. Ешқандай құпиясы жоқ. Жастайымыздан еңбекке араласқаннан шығар. Арақты ауызға алған емеспін, темекіге жоламағанмын.

 

– Еңбектен әлі де қол үзген жоқсыз. Жұмыс бабымен Шымкентке, Таразға, Алматыға жиі қатынайтын шығарсыз. Ұшаққа отыру керек болады дегендей... Сол кезде жаныңызға біреуді ертіп жүресіз бе?

 

– Қажетті жерге өзім барып-келе беремін. Ұшақпен де.

 

– Қазір қандай жұмыстар істеп жүрсіз?

 

– «Абайтанудан» монография жазудамын. Абай атындағы педагогика университетінде сабақ беремін. Шымкенттегі Абайтану ғылыми-зерттеу  орталығының директорымын.

 

– Осының бәріне үлгеру қиын емес пе?

 

– Аса қиын емес. Дұрыс үйлестіріп отырсаң болды.

 

– Абайтану демекші, биыл елімізде Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы кең көлемде аталып өтпек. Оған да өзіндік тартуыңыз бар шығар?

 

– 15 томдық еңбектерімді беріп отырмын. Ол шығармалардың үштен бірі ғана. Тағы да  даярлаумен айналысудамын.

 

– Сіз қазаққа өзін, тарихын таныту жолында көп еңбек еттіңіз. Елдегі қазіргі қоғамдық-саяси ахуалды да ой елегінен өткізіп отыратын шығарсыз? Бұған байланысты не айтар едіңіз?

 

– Үлкен өзгерістер күтіліп отыр ғой. Қазіргі Президентіміз дұрыс жұмыс істеуге тырысып жатыр. Ұры-қарылармен былғанған ортадан абыройына, атына дақ түсірмей шыққан адам ғой. Өте білімді, бес тілде еркін сөйлейді. Елді түбінде бір дұрыс жолға салар деп үміттенемін.

 

Мемлекетіміз зайырлы ел саналады. Бізге ұлттық идеологияны нықтау керек. Мұсылман елдерінде дінді ұстанса, бізге негізгі қажеті – ұлттық идеология. Оны нәтижелі түрде жүргізу керек.

 

– Ендеше, осы бетіңізбен, шаршамай-шалдықпай, елге еңбек сіңіре беріңіз. Сізге, рахмет, аман болыңыз!

 

Сұхбаттасқан – Р. ҚЫДЫР.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ