«Ғаламшар әдебиеті» журналының тұсауы кесілді

28.01.2020
Қаралды: 338

Өткен аптада Шымкент қаласындағы «Отырар» өңірлік ғылыми-әмбебап кітапханасының «Елбасы залында» «Galamshar adebіetі – Global lіtera» атты дүниежүзілік әдебиет және өнер альманах-журналының таныстырылымы болып өтті.

 

Аталған журнал 2014 жылы негізі қаланған, дүние жүзінің 94 елінде өкілдері мен мүшелері бар Әлем халықтары жазушылары одағының тұңғыш әрі жеке басылымы болып табылады. Журналдың бас редакторы және идея авторы – ақын, сазгер, журналист, қоғам қайраткері, Әлем халықтары жазушылары одағының президенті Қайрат Дүйсен. Альманах қазақ, орыс, ағылшын, араб, әзірбайжан, бенгал, вьетнам, испан, индонезия, итальян, қытай, қырғыз, неміс, парсы, португал, француз, өзбек, хинди, түрік, жапон – бас-аяғы 20 тілде таралады. Оған Қазақстаннан бөлек, Ресей, Украина, Ұлыбритания, Пәкстан, Оман, АҚШ, Бельгия, Мысыр, Непал, Аргентина, Кения, Грекия, Румыния, Хорватия секілді дүние жүзінің 55 елінен 255 автордың туындылары енген.

 

Аталған кеште алғашқы сөз тізгінін кітапхана саласының ардагері Күлия Айдарбекова алып, журнал авторын жиналған қауымға тереңірек таныстырды. Одан кейін Қайрат Дүйсен сөзге шықты.

 

«Алғашында Әлем халықтары жазушылары одағы туралы ешкім білмейтін. Қазір бұл халықаралық ұйымға айналып отыр. Ақырындап қанат жайып келеді. Одақ әлемге әйгілі болуы үшін дүние жүзіндегі танымал қаламгерлер осы одаққа мүше болуы керек. Біз сол мақсатымызға жеттік деп ойлаймын. Осындай үлкен одақ болғаннан кейін «Galamshar adebіetі» деген журналды дүниеге әкеліп отырмыз. Мұның ішінде, әрине, басылым Қазақстаннан шыққаннан кейін қазақ әдебиетіне кеңінен орын беріліп, 57 қазақстандық автор­дың шығармалары жарияланды. Сонымен қоса «Қазақ әдебитінің жауһарлары» атты айдарында Күлтегін, Тоныкөк ескерткіштеріндегі жазбалардан бастап, ақын Әбділдә Тәжібаевқа дейінгі 14 автордың туындысы қамтылған», – деді Қ.Дүйсен.

 

Шара барысында Слам Нұрмағамбетов, Әбдінағым Көшеров, Фатима Жүнісова секілді Оңтүстік өңір қаламгерлері құттықтау сөз айтып, жылы лебіздерін білдірді. Сондай-ақ көптеген ғылыми мақалалар мен оқу-әдістемелік құралдардың авторы атанған Зылиха Жантасова маман ретінде журнал мазмұнына қатысты пікір білдіріп, ондағы жас авторлардың туындыларына тоқталды.

 

Журналдың көлемі 40 баспа табақты құрайды. Журнал жылына төрт рет жарық көреді. 

 

М. ҚҰРБАНҚЫЗЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ