Шаруа ПІРМАТ: «Халықтың көзін ашуға қызмет етуіміз керек»

28.01.2020
Қаралды: 485

Бүгінде жұрттың саяси белсенділігі артып, кей азаматтар партия құру әрекетімен жүр. Биыл кезектен тыс Парламент сайлауы өтуі мүмкін деушілер бар. Сондықтан бұл салада көзі ашық адамдардың айтқаны кімге де болса маңызды.

 

Осы орайда біз кезінде жоғары оқу орындарында, Шымкент қаласы әкімдігінде лауазымды қызметтер атқарған, бүгінде орын алып жатқан кей саяси әрекеттердің ортасынан көрініп жүрген белгілі азамат Шаруа Пірмат ағамызбен (суретте) сұхбаттасқан едік.

 

– Шаруа аға, жағдайыңыз қалай? Қазір немен айналысып жүрсіз?

 

– «Ұлт мектебі» атты журналдың редакторымын. Ардагерлерге арнап «Қадірменді қариялар» деген ұйым құрғанмын, соның шаруаларымен айналысамын. Ұйымның кеңсесі – өзімнің үйім. Түрлі іс-шаралар өткізіп тұрамыз. Анда-санда үйде дас­тархан жаямыз. Таяуда Алаш ардагерлерін еске алуға байланысты үлкен конференция өткіздік.

 

– Ұйымдарыңызды кім қаржыландырады?

 

– Іс-шараларды көбіне өз қаржыммен өткіземін. Көмектесіп тұратын азаматтар да бар.

 

– Жалпы, тұрмыс-тіршілігіңіз қалай? Сізде зейнетақыдан басқа қаржы көзі бар ма?

 

– Кезінде ауыл шаруашылығымен айналысу үшін «Қайтпас» жақтан жалға 1 гектардай жер алғаным бар еді. Мал асырадық, егін ектік. Кейін айналадағы жерлер қала тұрғындарына берілді. Бүгінде мал бордақылаумен айналысудамыз. Ірі қара, уақ мал, жылқы бар. Тұтынушыларға табиғи таза өнімдер ұсынудамыз.

 

– Шаруашылық барысы қалай?

 

– Таза бордақыланған малды шетінен өткізіп жатырмыз. Сұраныс жаман емес.

 

– Қазір қай партияның қатарындасыз?

 

– Осыдан бірер жыл бұрын Жалпыұлттық социал-демократиялық партия мен «Азат» партиясы қосылған, мен сол партияның мүшесі едім, бірақ ол тіркелмеді. Сол партияның, оның Орталық Комитетінің мүшесі болатынмын. Кейін ол партияның басынан не өткенін білесіздер. Шынымды айтсам, қазір оған мүшемін бе, жоқ па, білмеймін. Мені одан ресми түрде шығарған жоқ. Бірақ облыстық ұйымындағылар мені іс-шараларына шақырмайды.

 

– Сізді саяси оқиғалардың ортасынан жиі көреміз. Көзқарастарыңызды бүкпей айтып жүресіз. Бұған байланысты сізге қысым көрсетіп, жұмысыңызға кедергі келтіріп жат­қандар жоқ па?

 

– Жалпы, мен бұрын түрлі қызметтерде істеген адаммын ғой. Сондықтан мені аумақтағы №1 оппозиционер деп есептейтіндер бар. Қандай да біреулердің митингке шақырған үндеуі шықса, мені аңдиды, үйден шығармауға тырысады. Аңдып отырады, көшеге шықсам, жаныма жетіп келеді. Сол келгендерге жанына батыра қатты айтып тастаймын, үнсіз тыңдайды, қызметін, ертеңгі күнін уа­йымдайтынын айтып ақталады. Өздерін әбден танып алдым. Маған олар тегін такси болды, әлгіндей жиындарға барайын десем, айнытуға тырысады, көнбесем, өздері апарады, алып қайтады, бірақ қатысуға мүмкіндік бермеуге тырысады.

 

Мен ондай жиындарға үн қоспай да отыра алмаймын. Өйткені қазіргі жүйе ауысуы керек қой. Бұл елдің болашағы үшін қажет. Халықтың көзін ашуға қызмет етуіміз керек.

 

– Бүгінде елге адал қызмет етемін деп саяси партия құруға әрекет жасап жүргендер бар. Солардың қайсысын қолдар едіңіз? Сізге хабарласатындары бар ма?

 

– Партия құрамын дейтіндерді естіп-біліп отырмыз ғой. Жанболат Мамайды жақсы танимын. «Демократиялық Қазақстан» қозғалысында, «Нағыз Ақ жол», ЖСДП жиындарында бірге болдық, Президиумда бірге отырғанбыз. Оны саяси істерде шыңдалған азамат деп есептеймін.

 

Ж.Мамайдан ұсыныс бар. Мен оның партиясының об­лыс­тағы ұйымдастыру жиындарын өткізуге жәрдем бердім. Бірақ жиынына қатыса алмадым. Біреулер күні-түні телефон шалып, мазамды алды. Бұрын инфаркт алғаным бар, содан қан қысымым көтеріліп кетіп, жатып қалдым.

 

Бүгінде құрылуы мүмкін пар­тия осы болып тұр. Ал Ж.Мамай туралы айтылып жатқан жағымсыз пікірлерге... енді, кім біледі, ішіне кіріп шыққан жоқпын. Кей адамдардың оған сенімсіздік көрсетуі өткен Президент сайлауындағы Қосановтың тірлігінен туындаған құбылыс болар деп ойлаймын.

 

Бір жағы әлеуметтік желілердің де өзіндік ролі болып тұр ғой. Ол бір жағы ақпараттың тез таралуына жақсы қызмет етеді, бірақ екінші жағы да бар: теріс ақпаратты да кеңінен таратады. Мен Ж.Мамайға бүгінгі күндерге дейін сеніп келдім, қазір де сенемін.

 

Жалпы, мен Ж.Мамайды қолдаймын, партия съезіне барамын деген ниеттемін. Ары қарай не боларын уақыт көрсетер.

 

– Келесі жылға деп белгіленген Парламент сайлауының мерзімінен бұрын, биыл өткізілуі әбден мүмкін деп болжам жасап жүргендер бар. Бұған қатысты не айтар едіңіз?

 

– Оны болжау қиын. Бізде қазір таңқалатын ештеңе жоқ қой. Сондықтан алдын-ала болжам жасау абырой әпермейді деп ойлаймын. Өйткені кезінде Президент сайлауы немесе Парламент сайлауы мерзімінен бұрын өткізілмейді деп ресми түрде талай мәрте мәлімдеме жасалған, бірақ кейін олай болмай шыққан, оны жұрт біледі. Мәжіліс сайлауы  ешқашан өз мерзімінде өткізілген емес. Сайлау өз мерзімінде өтеді дейді де, түрлі сылтаумен аяқ астынан шешім шығарып, сайлау­ды өткізе береді. Елдің етек-жеңін жиюға мүмкіндік бермей жасалатын бұрыннан келе жатқан әдіс бар. Мен бізде, Қазақстанда бәрі де мүмкін деген ғана болжам жасай аламын.

 

– Бізде қазір оппозициялық партия бар ма?

 

– Оппозициялық партия жоқ. ЖСДП бар еді, оны да біреулер өзіне қаратып алды.

 

– Өткендегі Ермұрат Бапиді орнынан алып тастаған оқиғадан кейін оның заңсыздығын айтып сотқа шағым түсіреміз деген сөздер бар еді. Соның аяғы не болды?

 

– Ермұрат Бапи кейін заңгерлермен кеңесіп, олар барлығын да заңдастырып қойды, бос әуреге түспейік деген шешімге келген сияқты.

 

– Енді тұрмыс-тіршілік жағына қайта оралсақ. Өзіңіз педагогсыз, ғылым кандидаты, профессорсыз, кезінде мектептерде, колледжде, жоғары оқу орындарында сабақ бердіңіз. Саясатпен, шаруашылықпен айналысамын деп бұл саланы мүлде жылы жауып қоя салмаған шығарсыз?

 

– Иә, өзім қырық жыл еңбек еткен бұл саладан біржола қол үздім дей алмаймын. Кезінде жоғары оқу орнын ашқаным бар, бүгінде соның ғимаратынан жекеменшік мектеп ашпақ ниеттемін. Онда қаладағы №5 мектеп екі жыл отырған. Екі қабатты ғимарат, бірнеше аудиториялары бар, дәлізі кең. Бірақ екі жылдан бері лицензия ала алмай жүрмін. Мектеп ашуға лайық емес дейді. Әзірге осындай кедергілер болып тұр.

 

– Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңіз үшін рахмет.

 

Сұхбаттасқан – Д. НҰРПЕЙІС.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ