Анталиядан лауреат атанып келді

23.08.2016
Қаралды: 1648

Отырар ауданының Ақтөбе ауылында Қажымұқан Мұңайт­пасұлы атындағы жалпы орта мектеп бар. 

Өткен оқу жылында осы мектептің 10-сыныбын Бақдәулет Нұрланұлы есімді өнерлі ұлан бітірген болатын. Ол таяуда ата-анасын және ұстаздарын өзінің өнердегі бір жетіс­тігімен қуантты.

Түркияның Анталия қаласында биыл­ғы сәуір айынан бері «ЭКСПО – 2016» деген атпен Бүкіл­әлемдік ботаникалық көрме өткізіліп жат­қаны белгілі. Ол алдағы қазан айының соңына дейін жалғасады. Бақдәулетке, міне, осы ЭКСПО-ға барып, өз өнерін көрсету бақыты бұйырыпты.

Анталиядағы ЭКСПО-да Түркиядағы Қазақстан елшілігінің және Астанадағы Марат Омаров басқаратын «Талант» өнер мектебінің ұйымдастыруымен «Балалар мен гүлдер» атты халықаралық өнер фестивалі өткізіліпті. Яғни оның арнайы алаңдарында дүние жүзінің әр түкпірінен барған жасөспірімдер өз өнерлерін көрсетіпті. Осы алаңдардың бірінен қазақстандық өнер иелеріне арналып сахна қойылған екен, Бақдәулет сонда ән шырқаған. Бауыржан Есебаевтың «Қазақстаным, ұлы Отаным-ай!» әнін нақышына келтіре орындаған Бақдәулетті қазылар алқасы бір ауыздан 1-ші дәрежелі дипломға лайық деп тауыпты, ол аталған фестивальдің лауреаты атанған.

Бақдәулет биыл 11-сыныпқа барады. Ол өз мектебіндегі «Жас таланттар» атты үйірмеге 4-сыныптан бері қатысып келеді екен. Домбыра тартады, әндер, термелер орындайды.

«Бақдәулет сабақты да жақсы оқиды, – дейді оның ұстазы әрі жетекшісі Айдос Сембек. – Ол облыстық, республикалық және халықаралық байқауларда жүлделі орындар алып жүр. Биылғы наурызда Астанада өткен «Көктем әуендері» атты халықаралық байқауда 1-ші орын алып, лауреат атанған. Сондықтан да ол Анталияға барған жас жеткіншек өнерпаздардың қатарына алынды».

Бақдәулеттің әкесі Нұрлан электрмен дәнекерлеуші болып жұмыс істейді екен, анасы Айгүл – үй шаруасында. Бақдәулет – отбасының үлкені, оның екі інісі мен қарындасы бар. Қарындасы ән өнерін таңдап, інісі бокспен шұғылданып жүрген жайы бар екен.

Бақдәулеттің арманы – белгілі әнші болу, елімді танытатын өнер иесі болсам дейді ол. Біз оның осы асыл арманына жете беруіне тілектеспіз.

Р.ҚЫДЫР.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ