Әлем назары Айсұлтанға ауды

27.01.2020
Қаралды: 581

Кешегі апта соңында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың немересі, Дариға Назарбаеваның екінші ұлы  Айсұлтан Назарбаевқа қатысты шыққан әңгіме бүкіл елдің назарын өзіне аудартты. Бұл оқиға біздің елімізді ғана емес, бүкіл әлем жұртшылығын да елең еткізді деуге болады.

 

Айсұлтан Назарбаев жайлы болып жатқан әңгімелерді қазір барлық әлеуметтік желілерден, ақпараттық порталдардан, түрлі блогерлердің жазбаларынан көруге болады. Тіпті қазақстандық бірнеше ақпарат құралдары мен бірқатар оппозиция өкілдері де өздерінің Айсұлтанмен сөйлесіп, сұхбат алғандарын жазып, видеоларын жариялауда.

 

Айсұлтан Назарбаев туралы бұған дейін де түрлі дау-дамайлар болғаны белгілі. Оның өміріне қатысты түсі­нік­сіздеу жайлар да біраз әңгімеге арқау болған еді.

 

Міне, сол Айсұлтан өткен жылдың сәуір айынан бері әлеуметтік желілерге шықпай кеткен екен. Кешегі бейсенбі күні ол «Фейсбук» әлеуметтік желісіндегі өз парақшасында кенеттен бірінен соң бірі бірнеше жазба жариялаған. Өз жазбаларында Айсұлтан соңғы кездері өміріне қауіп төніп тұрғанын, оның көзін жойып жіберуі немесе «жүйке ауруы» етіп шығаруы мүмкін екенін жазған. Сол себепті ол жұрттан көмек сұраған. Тіпті бүкіл әлем алдында сұхбат беруге да­йын екенін мәлімдеп, өзінің байланыс нөмірін қалдырған.

 

Бір айтарлығы, ол телефон нөмірі нақ­ты болып шыққан. Сол нөмір бойынша оған көптеген адамдар хабарласып, Айсұлтанмен болған видео және аудиожазбаларын «Ютубта» жарыса жариялап жатыр.

 

Негізінде бұл оқиға қайтіп басталып, қалай қарай өрбитінін айту қиын. Айсұлтанның сөздерінің қаншалықты шындыққа жанасатыны да әзірге беймәлімдеу. Тіпті бір сөзінде ол магия туралы да айтып қалды. Ал өзінің туған әкесі Рахат емес, Нұрсұлтан Назарбаев деп, мүлде тосын нәрсенің шетін шығарғандай болды.

 

Қысқасы, жатқан бір жұмбақ, құпия. Оның шешімін табу да оңай емес.

 

Бұл оқиға енді неге барып тіреледі? Ол жаңаша сипат алып, одан әрі өрттей лаулап кете ме, жоқ әлде бықсып барып басылып қала ма? Бұл жөнінде ешкім де болжам жасап бере алмайды. Бірақ қалай болғанда да ол төңі­ректе бір шикіліктің болып жатқаны айдан анық.

 

М. КЕЛЕСБАЙ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ