Қастер мен Мұрагерге қатысты сот үкімі шықты

27.01.2020
Қаралды: 126

Қытайдан қашып, араша сұрап келген Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлының соты болып өтті. Сот үкімімен олар 1 жылға бас бостандығынан айырылды, жазаларын қауіпсіздігі төмен мекемеде өтейтін болды. Олар Қытайға қайтарылмайтын болды.

 

Сот барысында судья олардың алдын-ала тергеу изоляторында қамауда отырған әр күні екі күн болып есептелетіндіктен енді олар 5 ай 24 күн жазасын өтейтінін айтты. Яғни олардың былтырғы жылдың қазан айынан бастап қамау­да жатқан уақыты да есепке алынады. Сонымен қатар, жігіттердің әрқайсысы 25 мың 250 теңге айыппұл төлеуі тиіс.

 

Осы сот процесінің анық-қанығын олардың адвокаты Ләззат Ахатовадан сұраған болатынбыз. Ол сот барысында біраз кісілердің бас­қа адвокат апарып, лайықсыз қылық көрсетіп, жұртты шулатқанын айтты.

 

«Жұмыстың 90 пайызы істеліп қойған соң сол еңбекті өздері иеленгісі келді ме, білмеймін. Ол кісілердің мұнысын мен резонансты істерде халықтан ұпай жинау деп қана түсіндім, – дейді Л.Ахатова. – Ал сотта екі бала да аздап қобалжыды. Сөздеріңді дайындап алыңдар десем де ашылып ештеңе айта алмай қалды. Сөз соңында жылап қалдым, халық та қосылып жылады. Шыққан соң сол жердегі көпшілік қаумалап алып, ризашылықтарын білдіріп жатты.

 

Сонда да Женева Конвенциясын алға тартып, «олай айту керек еді», «бұлай айту керек еді», «адвокат біліксіздігін танытты» деп желіге бұрқыратып пост салып жатқандар табылды. Ал ол Конвенция нормалары босқын мәртебесі берілгендерге ғана қолданылады. Сондықтан мен ол заңды басты негіз ете алмаймын.

 

Соттың бұл шешіміне Қастер мен Мұрагердің өздері де, әпкесі де дән риза. Негізінен Қытайдан қашқандардың ішіндегі ең қиын іс осы болатын. Біріншіден, олардың отбасы Қытайда, екіншіден, жігіттеріміз екі адам болған соң ұйымдасқан қылмыстық топ болып есепке алынады, ал бұл жазаны ауырлатады. Одан қалса, олар­ға Қытайда қылмыс жасады, мал ұрлады деп түрлі жала жабылды. Ондай қылмысқа бармағандарын толығымен дәлелдеп шықтық. Сондықтан бұл біз үшін үлкен жеңіс болды. Біз хат жазған БҰҰ, өзіміз байланысқан адам құқығын қорғайтын батыстық халықаралық ұйымдар істі бақылап отырған соң да оңды нәтиже болды деп ойлаймын». 

 

Ләззат ханым босқын мәртебесін беруге қатыс­ты арыздың әлі де қаралмағанын, осы іске байланысты оның тоқтап қалғанын алға тартты. Адвокат мұны Қазақстанның Қытай геноцидін толық мойындамауынан деп түсінеді. «Жазаларын өтеп шыққан соң комиссиямен босқын мәртебесін қарауы керек. Босқын мәртебесін берсе, ары қарай азаматтық алуға әрекет жасалады», – дейді ол.

 

Л.Ахатова Өскеменде бұл жігіттердің еш туы­сы жоқ болғандықтан оларды алдағы уақытта заң негізіне сүйене отырып Нұр-Сұлтан қаласына ауыстырып алуды жоспарлап отыр. Сонда Мұрагердің әпкесі де, қорғаушының өзі де оларға жиі барып тұра алатын болады. Әзірге екі жігіт үкім күшіне енгенше Өскемен қаласының тергеу абақтысында бола тұрмақ.

 

М. ӘМІР.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ