Бәленің бәрін шетелдік көліктерге жаба салу оңай

27.01.2020
Қаралды: 428

«Шетелдік нөмірлі көліктер пәлен апат жасады, пәленбай адам қаза тапты» деген баланы алдағандай әңгіме ғой. Әңгімені содан бастайды. Көпшілік «иә, барлық апатқа солар кінәлі, елден шығарып жіберу керек» деп айтсын, пікір қалыптаса берсін деген тәсіл. Ал қате аяқ астынан ғой, нөмірдегі тудың суретінен емес.

 

«200 мың көлік» тек «армяндар» мен «қырғыздар» екен. Өз басым бұл дерекке күмәнмен қараймын. Базада жоқ болса қалай есептейді? Ресейлік нөмірліні санап тауыса алмайтын шығар. Оралда бағдаршамда 10 көлік тұрса, бесеуі «RUS». Автобазарда сатуға шығарылған жалпы көліктің 70 пайызы «орыстар».

 

«Шетелдік нөмірлі көліктер жол ережесін бұзғыш» дегені де ең бірінші айтылғандай тәсіл. Шетелдік көлікті тек есерсоқтар арнайы ала ма өзі, не боп кетті сонда? Қайта шетелдік көлікпен мұқият жүруге тырысады, өз атында болмағасын проблемасы күрделі.

 

Иә, ережені өрескел бұзатындар болады. Неге? Жауапкершіліктен «толық босатылғасын» араларынан еркінситіндер табылады. Ал сол көліктердің ешбір базаға тіркемей еркін жүруіне жағдай жасап қойған кім?

 

«Шетелдік нөмірлі көліктер айып­пұл төлемейді екен». Төлегенде қандай! Сақтандыру бойынша кімнің атында, айыппұл да соған. Кейбір көліктердің иесін таба алмайтыны рас шығар. Ал неге табылмайды? Мемлекеттің қыруар ақшасы кеткен цифрландыру бағдарламамыз, «Сергек», «ақылды қиылыстар», қаптаған камералар қайда? Қоғамдық ортада темекі тартқаны да камераға түсіп қалып айыппұл келіп, сотқа шақырмай ма әдетте?

 

Көлік иесі қалайда табылатын қылып тіркейтін жүйе жасасын.

 

«Шетелдік көлікті алатындар салықтан жалтаратындар» дейді. Енді ойлап қараңыз, жылына бір рет төленетін 10 мың теңге салық үшін 1-3 миллион теңгеге тағдыры күмәнді көлік әкеліп, мың есе шығынға қалуға бел байлар ма едіңіз?

 

Көлік тіркеуге қойылатын «Еуро-4» талабы туралы айтады. Осындай нәрселерді енгізгенде алдымен халықтың тұрмысына, табысына, мініп жүрген көлігіне сараптама жасау керек қой. Еуропа талабын қою үшін халық та Еуропадағыдай өмір сүруі тиіс. Жағдайы жетіп тұрса, бәрі шірік арбаны емес, «Еуро-4» талабына сай су жаңа «Тойота» не «Мерседесті» салоннан алмай ма?

 

Тіркеу үшін көліктің жасы 7-ден аспауы тиіс (шығарылған еліне байланысты). «ІSOFІX» балалар орындығын бекіту жүйесі, шұғыл қызмет шақыру «ЭВАК» батырмасы болмаса қазақстандық нөмір ала алмайсың. Алайда салондағы су жаңа ресейлік «ВАЗ»-да да жаңағы «SOS» батырмасы сияқты жүйелер жоқ. Бірақ неге елге кіргізіп, тіркеуге неге рұқсат береді?

 

Ал армениялық және қырғызстандық нөмірмен елге кірген көліктердің «БИПЕК»-тегі не «АзияАвто» құраған көліктерден қай жері кем? Олар – Жапония, Германия, АҚШ сияқты автоөндірісі ең мықты елдерде шығарылғандар, Армения мен Қырғызстанда құрастырылып жатыр деп ойлап қалмаңыздар.

 

«Еуро-4» талабы экология үшін, ескі көліктер қоршаған ортаға зиян» дейді. Егер халық жөні түзу, жаңалау көлік алмаса, бәрі 20-30 жылғы ескі-құсқымен жүрсе, экологияға зиян келмей ме?

 

Тіркеу үшін төлейтін салық та ақылға сыйымсыз қымбат. Миллион теңгелеген не деген салықтар?! Миллион теңгенің көлігіне миллион жарым салық төлеу деген ескі феодалдық замандағы кедейге «екі сиырың болса, бір сиырын салыққа тө­леу­ге міндеттісің» дегендей тұрпайы талап қой.

 

Ал утилизациялық алым мем­лекеттік бюджетке түсе ме, әлде жеке меншікке ме? Оның бағасын кім қояды? Не нәрсе негізге алынады?

 

«Шетелден кірген көлікке қазақстандық жалған құжат, нөмір жасатады» дейді. Иә, мүмкін. Қулар, айлакерлер атам заманнан бар, бола да береді. Заңды рұқсатын берсе, ондай қылмыстардың алдын алады. Әйтпесе ондай құйтырқы жолды іздейтіндер бәрібір шығады. Жолын табады, себебі жемқорлық бар.

 

Шетелдік көлік иелері алаңдарға жинала бастады. Ақтау мен Атыраудағының видеосын көрдім, Оралда да Салтанат сарайы мен автобазар­ға жиналды. Митингтегілер біз көлігімізді тіркеуге қарсымыз деп жатқан жоқ. Кейбір адамдар солай қате түсініп жатыр. Керісінше, жиындағылар тір­кеуге рұқсат беруді сұрап, кірген көліктерді шекарадан шығарамыз деген күрт өзгеріске қарсылық көрсетуде.

 

Көліктің бәрін кіргізіп жіберіп, жұртты тығырыққа тіреу ақылды ше­шім емес. Бәрі қазақстандық нө­мірмен жүргісі келеді. Егер тіркеуге рұқсат беріп, кейін тіркемей жүр­гендерді қатаң жазалап жатса, әңгіме бөлек. Тіркеуге жағдай жасалмай, мәселені ушықтырып, қиындық қолдан жасалып отыр.

 

Тап осы мәселеге қатысты шешім шығаратындар Ресейдің қас-қабағына қарай бермей, автонарықтағы жекелеген топтардың мүддесі үшін жұмыс істемей, халыққа тиімді заңды қабылдап, батыл шешім жасайды деп үміттенемін. «Окошко» жасасын да, «елге кіріп кеткен көліктерді» тіркеуге рұқсат берсін. Тіпті қылмыскерге де амнистия жасайды ғой. Тіркеудегі еуро-талапты жеңілдетсін, елдің бәрі ондай көлік алатын жағдайда емес. Ал нағыз тыйым керек болып бара жатса, іштегінің мәсе­лесін шешіп алып, сырттан кіретінді тайға таңба басқандай қылып заңмен нақтылап тыйсын.

 

«Медиация, медиация» деп қа­қылдап жүрміз ғой, билік пен көлік иелері медиациялық ымыраға келсін. Сонда құда да тыныш, құдағи да разы болады.

 

Нұрлыбек РАХМАНОВ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ