Ұсталып жатыр, ұсталып жатыр...

25.01.2020
Қаралды: 472

Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында екі аудан әкіміне байланысты қолайсыз әңгіме шығып тұр.

 

Алматы қаласындағы Алатау ауданының әкімі (2017 жылдың шілде айында тағайындалған) Шахмерден Рыспаев қызметінен босатылды да, арада екі күн өткесін қамауға алынды. Оған Қылмыстық Кодекстің «өзіне сеніп тапсырылған мүлікті иемдену немесе талан-таражға салу» бабы бойынша күдік келтірілуде.

 

Сондай-ақ аталған аудан әкімінің орынбасары мен мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысына да күдік келтіріліп отыр.

 

Сол сияқты, Нұр-Сұлтан қаласындағы Байқоңыр ауданының әкімі (2019 жылдың сәуірінен бері) Асқар Есіловтің де істі болғаны туралы хабар тарады. Бірқатар ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде оның қамауға алынғаны туралы айтылуда. А.Есілов параға аса қымбат бағалы телефон алған көрінеді.

 

Ал кешегі бейсенбіде Алматы қаласындағы Бостандық аудандық сотының төрағасы Алтынбек Бая­нов парамен ұсталды. Бұған қатысты видеожазба жарияланды. Жарияланған дерекке қарағанда, А.Баянов сот хатшысы арқылы біреуден пара алып жатқан кезде ұсталған.

 

А.Баянов Жамбыл облысындағы Мерке ауданының тумасы екен. Ол Жамбыл облыстық, Алматы қалалық соттарында еңбек еткен. Алматы қаласындағы Жетісу және Әуезов аудандық соттарының төрағасы болған. Қаладағы Бостандық аудандық сотының төрағасы қызметіне 2015 жылы тағайындалған екен.

 

Иә, басшылық қызметтегі адамдар ұсталып жатыр, ұсталып жатыр...

 

Р. ҚАЛТАЙ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ