Әкім болып кім келіп, кім кетпеді?

25.01.2020
Қаралды: 547

Өткен аптадағы Шымкент қаласындағы басты жаңалық – қала әкімінің ауысуы болды.

 

Әкім болып тағайындалғанына небәрі алты ай енді ғана болған Ерлан Айтахановты бұл қызметтен босатты. Яғни оның келгенінен гөрі кеткені тез болды.

 

Әрине, Айтаханов өз еркімен кеткен жоқ, оны кетірді. Бірақ не үшін кетірді? Бұл жағы әзірше жұмбақ. Бұған орай  ешкім ешқандай ресми түсініктеме берген жоқ. Ресми түсінік­теме берілмегендіктен әркім әр­түрлі долбар айтады, сырттан тон пішеді.

 

Үлкен қалаға басшылық қызметке кадрды ешкіммен ақылдаспай әкеле салып, оны әй-шай жоқ алып тастай салу, оның себебі туралы елге ештеңе айтпай отыра беру – нағыз бетімен кетушілік болып табылады. Бұл халыққа пысқырып та қарамау деген сөз. Өкінішке орай, біздің елде осындай билік үстемдік құрып тұр.

 

Әкім болғанына алты ай ғана тол­ған Ерлан Айтаханов не бүлдіріп қойды? Оған жұмыс істеуге неге мүмкіндік берілмеді? Ол келмей жатып кімнің жолын кесіп кетті? Әзірге бұл сұрақтарға жауап жоқ.

 

Шынын айтқанда, осынау қысқа уақыт аралығында ол өзін ерекше тұлға ретінде көрсетіп үлгере алған жоқ. Ауыз толтырып айтарлықтай ештеңе де тындырып үлгермеді. Дегенмен де оны осы аралық ішінде жер-көкке сыйғызбай мақтаушылар көбейіп кетті. Сәл болмағанда оның даңқы жер жарып кете жаздады. Дақпырты желдей тарай бастады. Негізі, әкімді келмей жатып келістіріп мақтай беру де жараспайтын тірлік қой. Мүмкін осының өзі де жоғары жаққа ұнамай қалды ма, кім білсін?

 

Сөз реті келгенде айтарымыз, басшы адамға өзін-өзі мақтатудан, болмашы іс үшін мақтанудан аулақ жүрген дұрыс қой. Әсіресе қазіргідей қиын заманда, халық қатты ашынған кезеңде орынсыз мақтангершілік кімге керек? Шымкентке жаңадан келіп жатқан әкім бәрінен бұрын осы жағын ескерсе дұрыс болар еді.

 

Ал енді миллион тұрғыны бар үлкен қалаға әкім болып тағайындал­ған азамат кім? Өкінішке орай, Мұрат Әйтенов деген есім бұл қаланың хал­қы үшін мүлде бейтаныс. Ол бұл қалада туып-өспеген, қаланың әкімшілік құрылымдарында қызмет істеп шыңдалған адам емес. Бұл жақтың кадрлары оны, ал ол бұл жақтың адамдарын біле бермейді. Жоғарыда отырғандар, міне, сондай кадрды мегаполис аты бар Шымкентке әкім етіп отырғызып кетті. Мүмкін ол жақсы азамат, іскер кадр шығар, бірақ оған бұл қызметті бірден дөңгелентіп әкету оңай болмасы белгілі. Басқасын айтпағанда, айналасындағы адамдарды танып-білемін дегенше де біраз уақыт өтіп кетері түсінікті ғой. Ал одан соң жарты жылға жетер-жетпес уақытта жоғары жақ бұл орынға басқа бір бейтаныс кісіні әкім етіп әкеліп жатса, оған да таңқалмайтын шығармыз. Себебі бұған да елдің еті үйрене бастады.

 

Ал енді жоғарыда отырғандар ойы­на не келсе соны істей беретін мұндай үрдіс қашанға дейін жалғасады? Миллион адамның көзқарасымен санасатын, пікіріне құлақ асатын, халықты тобыр емес, ел деп қарайтын кез қашан туады? Қала басшысын жоғарыдағы бір-екі адамның өзара ойыны негізінде сарт еткізіп тағайындап қоя салмай, бүкіл халық болып нағыз таңдаулылардың ішінен сайлап қоятын күн келе ме?

 

Сұрақтың ең үлкені де осы!

 

...Ал әзірге қаланың жаңа әкімі Мұрат Әйтеновке іске сәт деген тілек айта тұрайық.

 

Жұрт не дейді?

 

Шымкент қаласы әкімінің ауыстырылуы жұрт күтпеген тосын оқиға болды. Бүгінде әлеуметтік желіде бұл оқиғаға қатысты түрлі пікір білдіріп жатқандар көп. Солардың бірқатары төмендегідей.

 

Балтабек Түйетаев: Ерлан Айтахановтың елге істеймін деген игі істері, жақсы бастамалары көп еді. Өкініштісі, уақыт жетпей қалды.

 

Әлімхан Бабашев: Иә, дұрыс айтасың. Алға қойған жоспары көп еді. Амал жоқ, жоғарыдағылар халықпен санаспайды. Қай уақытта халық өз аудан, каласына іскер, мықты әкімін ұсынып, сайлай алар екен?

 

Талап Шынарбекұлы: Айтахановтың қолынан бос уәдеден басқа ештеңе келмейді. Жалпы, Шымкенттің халқы үшін бірде-бір пайдалы іс атқар­ған жоқ. Келді, ішті-жеді, кетті, болды.

 

Әлима Пашанова: Біз, қарапайым халық осы ауыс-түйістен шаршадық. Халыққа жақын адам тағайындалса қуанар едік. Әттең, қоғамда олай емес.

 

Әбдіраман Аққұлов: «Айтақтап салған тазы түлкі алмайды» деген сөз бар қазақта. Өзі жарып шықпаған соң ештеңе деуге болмайды. Ойшыл ойындағыны ойлағанша, тәуекелшіл тірлігін бітіреді. Тәуекелге барып қабылдаған шешімі жоқ әкім болды.

 

Жеңіс Баһадүр: Иә, рас. Е.Айтаханов руханият үшін құптарлық біраз жұмыс істеді. Бірақ төңірегіне жарамсақтар мен жағымпаздар, қолпаштаушылар мен қошеметшілер көбірек жиналып кетті-ау деймін. Әсіресе билікке жақындауға, сөз айтуға мүмкіндігі болатын зиялы дейтін қауым ішінде.

 

Айнуш Айн: Келеді, кетеді, «проходной двор», тындырып жатқан дымы жоқ.

 

Мария Тойтанова: Бізге бәрібір ғой дейін десең, зардап шегетін – халық, экономика. Беймезгіл бұл қай ауысу?

 

Akzhamal Omarova: Халық көреген. Халық айтса, қалт айтпайды. Біраз болды «Айтаханов әкім болып ұзақ отырмайды-ау» дегенді естігенімізге.

 

Еркен Пірімқұлов: Қазіргі әкім де қарық қылмайды-ау, түрі айтып тұр.

 

Т. ТҰРАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ