Қарақұрттың уы өте қауіпті

23.08.2016
Қаралды: 3478

Ыстық күндері адамдарды улы жәндік­тердің шағу оқиғалары жиі­лейді. Соның ішінде ең қауіптісі – жы­лан мен қарақұрт. 

Биыл Оңтүстік Қазақстан облысында 25 адам қарақұрт шағып, ауруханаға түскен.

Ал қа­рақұрт деген қандай жәндік? Ол қай жерлерде болады, одан қалай сақтану керек?

Қарақұрт – улы қара өрмекші. Денесі шағын. Түсі қара, құрсағында қызыл дақтары бар. Бірнеше көзі барына қарамастан олардың көру қабілеті нашар. Тек заттың түсі мен қозғалысын ғана ажырата алады. Әсіресе ұрғашы қарақұрт улы болып келеді. Оның уы түйе мен жылқыны да өлтіріп жібереді.

Қарақұрт шаққан адамның 10-15 минуттан кейін іші мен кеудесі қатты ауырады. Аяқта­рының жаны кетіп, құрысып қа­лады. Басы айналып, құсқысы келуі мүмкін, тері­сінде қызыл дақтар пайда болады. Дер кезінде жедел жәрдем  көр­се­тіл­месе, қа­рақұрт шаққан ересек адам 7 күннен кейін, ал балалар 5 күнде  өліп кетуі мүмкін.

Әсіресе осы мезгілде қарақұрт­тар тым белсенді болады. Бірақ олар өздігінен адам­ға шабуыл жасамайды. Сондықтан қара­құрт бар-ау деген далалы жерлерде абайлап жүрген жөн. Табиғат аясына демалуға бар­ғанда өрмек­ші торы, қандай да бір жәндіктердің іні жоқ жерлерді таңдауға тырысу керек. Киімге де мән берген дұрыс. Қарақұрт болуы мүмкін де­ген жерлерге ашық-шашық киініп баруға болмайды. Жеңі ұзын киім кию керек. Аяқ киімнің де жабық болғаны дұрыс.

Бұрынырақта ата-бабаларымыз жайлауға шыққанда үй тігетін же­ріне қой жайып алады екен. Се­бебі қарақұрт қойдың иісі шық­қан жерге жоламайды. Сондай-ақ үйді қойдың жүнінен жасалған ар­қанмен қоршап қоятын бол­ған. Осы тәсілді табиғат аясына демалыс­қа шығатындар, жаңа учаскелерге үй салып жатқандар да қолдануына болады.  

Ал қарақұрт шағып алған жағдайда не істеу керек?

Егер адамды қарақұрт шағып алса, ауруды басатын дәрі және көп мөлшерде су ішу керек, сонда у ағзадан табиғи жолмен шығарылады. Көрініп тұрған жараны қолда бар құралдармен: құрамында спирті бар заттармен немесе сутегі тотығымен залалсыздандырған жөн. Сондай-ақ жарақат алған адамды міндетті түрде токсикология бөліміне жеткізу керек. Мүм­кіндігінше уақыт өткізіп алмаған жөн. Дәрігерлер қарақұрт шаққан орынды күйдіруге, кесуге немесе уды сорып шығаруға рұқсат етпейді. Мұндай жағдайда жарақат алған жерге инфекция түсуі мүмкін, ондайда уланған адамды инфекция түсуден де емдеуге тура келеді.

Қауіпті жағдайларға ұрынбас үшін далалы жерлерге барғанда сақтық шараларын барынша жасап жүргеніңіз дұрыс.

Қасиет БІРЖАНҚЫЗЫ, дәрігер.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ