Кібісе жылдан жұрт неге қорқады?

24.01.2020
Қаралды: 331

Биылғы жыл – кібісе, яғни 366 күнмен аяқталатын жыл. 2016 жылдан бергі тәуліктердің 24 сағаттан артылып қалған минуттары жинақталып, алдағы ақпан айына бір күн болып қосылады, ол 29 күнде аяқталады. Бір қызығы, осы жылдан, әсіресе 29-ақпаннан қатты қорқатындар бар.

 

«Иесі қисық жан» дейді

 

Кібісе жылға қатысты нанымдар негізінен хрис­тиандарда, оның ішінде орыс халқында көбірек таралған. Былай деп айтылады:

 

Касьян деген әулие Құдайдың ібіліс-сайтан, жын-перінің бәрін аспан әлемінен қуамын деген жоспары барын оларға айтып қойыпты. Сосын күнәсін мойындап, шын өкінген. Құдай оны аяп, жеңілірек жаза беріпті: жанына маңдайынан ұрып отыратын періште қосыпты. Періште оны үш жыл бойы жазалап, төртінші жылы босатады екен. Адамдар 29-ақпанды «Әулие Касьян күні» деп атайды. Касьян жұрттың өзіне төрт жылда бір-ақ мәрте келетін күнді теліп қойғанына қапа болыпты. Сондықтан жазадан босағасын адамға барынша зиян тигізуге тырысады деседі.

 

Кібісе жылдан қорқатындар бұл жылы маңызды шешімдер жасауға, жаңа іс бастауға, жұмыс ауыстыруға, отбасын құруға болмайды деп сенеді. Өйткені ондай бастамаларға «қисық» Касьян кедергі келтіреді, зиянын тигізеді деп үрейленеді. Тіпті 29-ақпан күні ештеңе істемей, есік-терезесін тарс жауып, бүркеніп жатумен уақыт өткізетіндер қазіргі күндерге дейін бар көрінеді. Касьян жаңа нәрсені көрсе, ол сынады, нәрестеге көзі түссе, оған  қатер төнеді деп қорқатындар бар.

 

Жұртты үрейлендірген жылдар

 

Кібісе жылдың «қорқыныштылығына» осындай жылдары орын алған жайсыздықтар да себеп болған. Тарихта жұрттың есінде қалған мұндай жылдар баршылық.

 

Мысалы, 1908-ші, кібісе жылы Сібірде «Тунгус метеориті» құлаған.

 

1912 жылы әйгілі «Титаник» кемесі апатқа ұшырағаны белгілі.

 

1948 жылы Ашхабадта жер сілкінісі болған. Ресми деректерге қарағанда, зілзала 110 мың тұрғынның өмірін қиыпты.

 

1960 жылы Чилиде қуаты 8,5 балдық жер сілкінісі болған.

 

1968 жылы НАТО-ға қарсы социалистік блок – «Варшава шартына» мүше Чехословакияда тарихқа «Прага көтерілісі» деген атпен енген көтеріліс болды. Сол кезде оған КСРО әскер кіргізді. Көтеріліс аяусыз басып-жаншылды.

 

1976 жылы Шығыс Қытайда жойқын зілзала болып, 750 мың адам қаза тапты.

 

1988 жылы Арменияда жер сілкінісі орын алды. Онда 23 мың адам мерт болды.

 

2000 жылы Ресейдің «Курск» атомдық суасты кемесі апатқа ұшырады. Мәскеу метросында лаңкестер жарылыс жасады. Осы жылы Париж үстінде бұған дейін ең сенімді, қауіпсіз саналып келген «Конкорд» ұшағы құлады.

 

2004 жылы Мәскеу метросында, «Трансвааль» аквапаркінде лаңкестер жарылыс жасады. Мектепке шабуыл жасалған атышулы «Беслан оқиғасы», лаңкестердің екі ұшақты жарып жіберген оқиғасы да осы жылы орын алды. Индонезиядағы алапат тайфун мен зілзала да осы жылдың 26-желтоқсанында болғаны жұрттың есінде.

 

2008 жылы Оңтүстік Осетияда соғыс болды.

 

2016 жылы Еуропаның бірқатар елдерінде лаңкестік шабуылдар орын алды. Түркияда да лаңкестер наурыз, мамыр, маусым айларында көптеген адамдардың өмірін қиған бірнеше жарылыстар жасады.

 

...Әйтсе де жамандық атаулының бәрі тек кібісе жылы орын алады деген дұрыс болмайтын сияқ­ты. Мысалы, адамзат тарихындағы Бірінші, Екінші Дүниежүзілік соғыстар 1914-ші және 1939 жылдары, Ұлы Отан соғысы 1941 жылы басталды. Чернобыль апаты 1986 жылы орын алды. 2001 жылы лаңкестер Нью-Йорктегі Бүкіләлемдік Сауда үйін ұшақпен соғып қиратты. 2011-де Жапонияның Фукусима атом-электр станциясында жарылыс болды. Қай жылы болса да  әйтеуір әлемнің әр түкпірінде бір жайсыздықтың орын алып жататыны рас қой.

 

...Қысқасы, өзгелер «жаман жыл» атайды екен деп кібісе жылдан жамандық күтпейік. Ой-санамыз арқылы тек жақсылық шақырайық.

 

Р. ҚЫДЫР.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ