«Мен – қазақпын!» деген әр азаматтың құлағына алтын сырға

24.01.2020
Қаралды: 408

Монғолиядағы қазақтар монғол жұртымен 150 жыл бірге өмір сүрдік. Сондықтан бұл халықты жақсы білеміз. Жартымыз қара шаңыраққа көшіп кетсек те әлі де аға­йындар ауыл аралас, қой қоралас өмір сүріп жатыр. Бетімізден қағып, сен қазақсың деп айтқан емес. Қазақтар, Құдайға шүкір, Мон­ғолияда өсіп-өндік, оқып-жетілдік.

 

Монғолдар – мінезі өте кең, жомарт, ақкөңіл халық. Тілі басқа болса да жүрегі бір, діні басқа болса да тілегі бір, момын халық. Жаман ұлт деген болмайды, жаман адам деген болады. Өмір сүру салты қазаққа өте ұқсас. Бұлардың тілінде қазақтың үш мыңдай сөзі бар. Бес түлік малды, ақ тамақты, әсіресе жылқы малын өте қастерлейді. Әлемде жо­йылған көшпенділер өмірі, киіз үйде тұру, түйемен, басқа көлікпен көшіп-қону, аламан ат бәйгесі, айғыр жарысы, жорға, жүйрік, құнан, дөнен, тай жарысы, палуан күрестіру, садақ ату сияқты монғол ұлтына ғана тән ата-баба құндылықтары тек Монғолия елінде сақтал­ған.

 

Жыл сайын мемлекеттің тәуелсіздік мере­кесінде патшасынан бастап қарашасына дейін тамашалап, ұлттық ойындарынан жоғары деңгейдегі жарыстар барлық аймақ, аудан, ауылдарға дейін түгел ұйымдастырып, қадір тұтып қастерлейді және дәріптейді. Бұл мейрам 11-шілдеде басталып, үш күн қатарынан дүбірлі ұлан-асыр тойға жалғасады. Біздегі Астана күніне ұқсас, бірақ мазмұны, мақсаты басқаша. Бізде негізгі той Астанада болса, оларда барлық облыс, ауданды, ауылды толық қамтитынында және тек ұлттық өнермен, дәстүрмен өткізуінде. Шетелден әнші шақырып, артық шабылу, ысырапшылдық, ақша шашу жоқ. Керісінше, дүниенің түкпір-түкпірінен туристер ағылып келіп, ел экономикасына сүбелі қаржы құяды.

 

Айтпақшы, тағы бір ерекшелігі, бұл мейрамда палуандарға жығу, күресу сатыларына байланысты мемлекеттік ең жоғары атақ, шен, дәреже береді. Мысалы: «начин», «заан», «харцага», «аварга» деген сияқты спорттық дәрежелер сіңірген еңбегі, жетістігіне байланысты беріледі. Монғолия еліндегі аз қазақтың ішінен мемлекеттік «заан» (піл) дәрежесіне жеткен жалғыз палуан Әбдіқажы Тердікбайұлы (1946 ж.), мемлекеттік «начин» дәрежесіне қолы жеткен балуандар Қожағапан Белдеубайұлы (1951 ж.), Нұрқадыл Тоқтарбайұлы (1951 ж.), Бақыт Одынайұлы ағаларымыз (1982 жылы) күресіп, намысты бермей, монғол палуандарымен тірескен еді.

 

Әрбір монғол азаматы ұлттық ойындарға үлкен құрмет көрсетіп, қаны ойнап, өте кие тұтады. Озып келген аттың не болмаса жыққан палуанның шыққан терін маңдайына жағатын «жұғысты болсын» дейтін салты бар. Міндетті түрде бұл мейрамға ел Президенті, министрлер, депутаттар – барлығы ұлттық киім­дерін киіп келіп қатысып, сый-сыяпаттарын көрсетеді.

 

Міне, бұл да ұлттық өнерге баймын, патшамын демей, халықтың ата салтына үлкен құрмет көрсеткенінің айғағы. Ал бізде мемлекет­тік мейрамдарда ұлттық өнер көрсетіле ме?

 

Ат, палуан, көкпарды қадірлесек, оны енді ғана қолға алып жатырмыз. Жалпы халықтың ұлттық өнерге, ата-баба дәстүріне қызықпай, құрметі артпай ешқашан монғол палуандарын жеңе алмаймыз. Қажымұқандар, Балуан Шолақтар баршылық, оларды баптап, намысын қайрап, аялап,  додалы топқа салатын, ішкен асын жерге қоя қолдайтын бұқара халық керек. Ұлттық спортқа жан-тәнімен қызығатын жігерлі жастар керек. Оларды ақшалай және рухани демейтін ұлтжанды меценат азаматтар да керек.

 

Мысалы, Астанада хоккей болса, шетелден әншілер келсе, опера-балет болса, қазақтар топырлап, тай-тұяғымен қалмай келеді де, ал өзіміздің ұлттық ат бәйгесі, күреске, көкпарға, айтысқа,  дәстүрлі әншілер концертіне, өнерлеріне, спортына немқұрайлы, өгей баласындай қарап, менсінбейді, келмейді. Бұл деген отарлаудың ойранынан ұлттық мента­литеттің кері айналып, өзгеріп кеткенінің, жаңаша ұлтсызданған қазақ болғанының куәсі ме?

 

Монғолия елінің ұлттық мейрамы «Надымды» көруге әлемнің түкпір-түкпірінен туристер ағылып келеді. Енді қайтсін, әлем жаппай отырықшылыққа айналғаннан кейін байырғы халықтың өмір сүру, көшпенділік салты бәріне тансық қой. Осыдан екі жыл бұрын Монғолия елінің астанасы Ұланбатыр қаласында бұрын-соңды әлемде болмаған ұлттық құндылықты насихаттаған, таңғажайып үлкен той болып өтті. 6014 палуан күресіп, 4249 ат жарысып, 11 мың 129 атбегілер сапқа тұрған керемет оқиғаны Гиннестің рекордтар кітабына енгізіп, ұлттық спортын, ат-палуанын ұлықтаған ұлы тойын жоғары деңгейде ұйымдастырып, насихаттап, әлемге атой салды. Ал осындай қам­қорлық көрсетіп отырған елде ұлттық өнер, ұлттық спорт дамымай көрсін...

 

Палуандарының мықты, қайратты, етті болатыны қанмен, жанмен, ананың сүтімен, әкенің күшімен даритын сияқты. Таулы өлкесі, ерекше табиғаты да, калориясы күшті ет және сүт өнімдері, таза, тұнық сулары да әсер ете ме деп ойлаймын.

 

Жапонияның ұлттық палуан додасы – сумоны осы монғол ағайындар түгел жаулап алған. Дагвадорж деген азамат ең жоғары шеніне дейін алып, жапондардың, әлемнің ең құрмет тұтатын палуанына айналған. Оның артынан көптеген інішектері қазір сумоны дүрілдетіп тұр.

 

Жапондар жеген тамағынан деп ойлап, Мон­ғолиядан ет алдырып жеген. Оның еш әсері болмай, бәрі-бір монғолдар жеңісті бермеген. Қазақ елінде өзіміздің ұлттық өнерді, ұлттық спортты дамыту үшін мемлекет ерекше қам­қорлығына алып, әлде де қыруар шаруалар атқару керек. Қазақтың қанында атқұмарлық, күреске жанкүйерлік, көкпарға қызбалану, айтысқа арқа қозу жоқ емес, баршылық, сол қасиетімізді көктете білгеніміз жөн. Алдында айтқанымдай, халықтың сана-сезімін оятып, жалпы барлық ұлттық құндылықтарды мемле­кеттік биік деңгейге көтеріп, халықты атойлап өздері жоқтаушы, жанкүйер болатын дәрежеге жеткізу керек деп ойлаймын. Ұлттық өнер, ұлттық спортты балабақшадан бастап мектеп бағдарламасына енгізіп, сана-сезіміне құйып тәрбиелеп, қанына дейін сіңіру керек. Мемлекет және жеке атымтай жомарт азаматтар қолдаушы, жанашыр болып, қазақша палуан күресі, ат бәйге, жорға, дөнен, құнан, тай жарыстарын  бөліп тұрақты түрде сайыстар ұйымдастырып, халықты ұлттық өнерге бетбұрыс жасату керек.

 

Еліміздегі мемлекеттік мейрамдарға ұлттық өнер, ұлттық спорт түрлерін міндетті түрде енгізуіміз өте маңызды мәселе. Әлем халқы біздің шыққан тегімізді азиялықсыңдар ма, әлде еуропатектісіңдер ме деп шатасады екен. Себебі Олимпиадаға өңкей басқа ұлттардың сары, көккөз, шегір азаматтары барса, тірлігіміз ешқандай көшпенділерге ұқсамай тұрса, әрине, солай айтатын жөні бар. Болашақта өзіміздің ұлттық спорт ойындарын Олимпиада деңгейіне жеткізіп, қосуды мақсат етейік. Кешегі ат үстінде ойнаған, алысқанды қоймаған көшпенділер ұрпағына ұлттық құндылықтарды қастерлемеу ұят жағдай, ағайын! Үзілгенді жалғап, тамырға қан жүгіртейік. Мәңгілік елдің мұраты – ұлттық құндылықтар. Әлемді біз ештеңемен таңқалдыра алмаймыз, тек ұлттық ерекшелік­тері­мізбен, дәстүрлі құндылықтарымызбен ғана таңқалдырамыз.

 

Ардақты ағайын, әңгіменің мәні тереңде екенін сезген шығарсыздар? Мен – қазақпын деген әр азамат осыған өз үлесімізді қосып, дамытуға атсалысайық!

 

Бақытбол БЕРІМБАЙҰЛЫ, ұлт жанашыры.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ