Қазақстанда жақын арада жарқын болашақ орнай қала ма?

23.01.2020
Қаралды: 185

2020 жылдың қаңтарынан бастап мұғалімдердің жалақысы 25 пайызға, мәдениет саласындағы қызметкерлердікі 35-50 пайызға, әлеуметтік сала қызметкерлерінің жалақысы 30-60 пайызға өсетіні туралы жаңалық былтырғы жылдың соңғы айларында айтыла бастаған еді.

 

Жаңалық жағымды-ақ, десе де базар бағасымен қатар өскен еңбекақы халық жағдайының жақсаруына аса септігін тигізе қоймайтын секілді. Осыған орай әлеуметтік желінің белсенді қолданушысы Тимур Азиров Қазақстанның экономикалық жағда­йы­на байланысты өзіндік ой-пікірін білдіріпті. Онда ол былай дейді: 

 

«Мен өзімді мысалға келтіре отырып, қазақстандықтардың әл-ауқаты туралы айтқым келеді. 2013 жылы салоннан әйеліме «Suzukі SХ4» маркалы дәл осы жылы шығарылған жаңа көлік алдық. Бұл көлік құны сол кезде, ұмытпасам 26,5 мың доллар болды. Сол кездегі курспен есептер болсақ, бұл 4,5 миллион теңге еді. Қазір бұл көліктер 7-8 миллион теңге тұрады. Яғни екі есеге қымбаттаған. Бір қызығы, жалақылар өскен жоқ. Қазақстандықтар орта есеппен шамамен 100-150 мың теңге алады делік. (Одан да аз жалақылар бар). Сонда 150 мың теңге айлығы бар адам дұрыс деген көлікті қалай сатып алмақ? Мен есептеп те көрдім. «Skoda», «Suzukі», «Nіssan», «Qashqaі», «Kіa», «Rіo» секілді орта санаттағы көліктер шамамен 7-9 миллион теңге аралығында тұрады. Орта көлемдегі жалақы алып жатқан қазақстандық 7 миллион теңгені қалай жинамақ?

 

Қазіргі нарықтағы жағдайға қарап, ақша жинаудың өте қиын екенін бағамдауға болады. Сондықтан ол 2-3 миллион теңге алғашқы жарна салып, көлікті несиеге алды делік. Қалған қарыз соманы ай сайын 75-80 мың теңге шамасында төлеп тұру керек болады. Ол өзі айына 150 мың теңге алады, соның 80 мың теңгесі несиеге кетеді, арғы жағында қалатыны – 70 мың теңге».

 

Желі қолданушысы жуық арада Қазақстанда ешқандай оң өзгеріс бола қоймайды дейді.

 

«Мен алдағы 10-15 жылда Қазақстанда әл-ауқат өседі дегенге сенбеймін. Ақша барған сайын азаюда. Ұлттық қордағы ақшалар жұмсалып жатыр, мұнай бағасы төмендеуде, кәсіп түрі азаюда. Жуық арада мен ешқандай жарқын болашақ көріп тұрғаным жоқ. Бәлкім бір нәрсе өзгерер, қандай да бір керемет реформалар қабылданар. Уақыт өте экономикамыз дамып, әл-ауқатымыз көтерілер. Бірақ қазір емес.

 

Біз досыммен осы туралы сөйлесіп қалдық. Жұмыс іздеп жүр екен. Мен одан 200 мың, 300 мың, 400 мың, 500 мың теңгелік жалақысы бар қандай жұмыстар қарастырғанын сұрадым. Ол қазір нарықта бәсекенің өте жоғары болып тұрғанын және ондай жалақының жоқтығын айтты. Ондай жалақы бар, әрине, бірақ ол жерде отырғандар қызметінен кетуді мүлдем жоспарламайды. Елімізде жалақы көтерілмейді. Себебі қазір жұмыс берушілердің өздерінің де жағдайлары мәз емес», – дейді ол.

 

Дегенмен ол өз тарапынан қазақстандықтарға мынадай бір кеңес айтады:

 

«Әрине, бәрін емес, десе де біз досым екеуміз қазақстандықтарды шағын кәсіп құтқарады деген шешімге келдік. Оның салығын төлеу, жүргізе білу, сұраныс­қа сай жұмыс істеу деген нәрселер де бар. Сондықтан егер де сіз мұнымен ешқашан айналыспаған болсаңыз, бизнесті міндетті түрде оқып-үйрену керек болады. Бірақ сіз шағын шаштараз, дүкен, тағы да басқа нәрсе ашар болсаңыз, кәсіптің түріне, бағытына байланысты ол сізге 200 мың теңге мен 1,5 миллион теңге аралығында табыс әкелетін болады. Мен сізге дәл қазір мемлекетке үміт артудың қажеті жоқ деп кеңес берер едім. Мемлекет дәл бүгін бір нәрсені өзгерте қалып, дұрыс шара қолдана қалған күннің өзінде де елдегі экономикалық жағдай ең аз дегенде бес жылдан соң ғана өзгереді. Себебі барлық жүйе қалыптасып, мемлекет қандай да бір бағыттан табыс тауып, елде ақша көбейе бастауы үшін уақыт керек. Бірақ 5-10 жылда Қазақстаннан қазақстандықтар бай болатындай ешқандай үміт көріп тұрғаным жоқ. Сондықтан мен сіздерге өз шағын кәсіптеріңізді ашу туралы ойлану керектігін айтқым келеді. Тіпті бұл үлкен дүкен болмай-ақ қойсын, бір жерден екінші жерге тауар сататын интернет-дүкен болсын немесе аз салыммен, салымсыз бастайтын кәсіп түрі болсын, байқап көруге мүмкіндік туса керемет болады. Ол кезде ешнәрсе жоғалтпайсыз, керісінше, көбірек ақша табуға мүмкіндік туады.

 

Жалпы айтар болсақ, ме­ніңше, елде экономикалық өсу болады, бірақ өте баяу. Бірақ сол уақытқа дейін қарап отыруға болмайды ғой. Доллар бағамы енді ешқашан бұрынғыдай 150-180 теңге болмайды. Доллар қа­зіргіден де қымбат болуы мүмкін. Сол үшін, егер сіз табысыңызды көбейткіңіз келсе, шағын кәсіп туралы ойланыңыз. Ол сізді де, мемлекетті де құтқарады. Қазақстанда шағын кәсіп көбейген са­йын еліміз де байи бастайды».

 

...Тимур мырза осылай дейді. Ал оның пікірімен қаншалықты келісуге болатынын шағын кәсіп­пен айналысып жүрген кәсіп­керлер айтсын.

 

М. БИБОЛ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ