5 мың теңге төлесеңіз, қарық қыламыз дейді

23.01.2020
Қаралды: 153

Таяуда әлеуметтік желілердің бірінде бір бойжеткен әдемі әңгіме айтты. «Біз «Даму», «Атамекен» ұсынатын мемлекеттік бағдарламалар арқылы қалай өз бизнесіңізді бастауға болатыны жайлы сіздерге жақсы, пайдалы ақпараттарды бере аламыз.

 

Егер сіз осы туралы ойлап жүрген болсаңыз маған тікелей жазыңыз, бізде арнайы мем­ле­кеттік бағдарламаларға арналған Telegram-чат бар, сол жерге қосамын. Сіздің қай қаладан екеніңіз маңызды емес», – деген соң мынау дұрыс нәрсе екен деп қуанып қалдым. Адамдар көп біле бермейтін ақпараттармен бөлісіп жатқаны қандай жақсы! Сөйтіп әлгі қызбен мен де байланысып көруге тырыстым. Біраздан бері балабақша ашсам деп жүгіріп жүрген әпкеме бір пайдасы болар деген үмітім бар еді.

 

Көп ұзамай ол «WhatsUpp» желісіне шығуымды сұрады. Шықтым. Сөйтсем әлгі қыз: «Бізде мемлекеттік бағдарламаларға байланысты Telegram-чат бар. Ол жерге барлық маңызды ақпараттарды салып отырамыз. Сол жерден барлық сұрақтарыңызға жауап ала аласыз. Негізі ол чат 5 мың теңге тұрады. 5 мың теңгені маған саласыз. Одан кейін мен сізге «доступ» беремін. Сол жерден толық ақпарат ала аласыз», – деп тұр. Оның ақылы екеніне аң-таң қал­ған мен: «Сонда ол сатыла ма?» – деп қайта сұрадым.

 

«Қандай да бір кәсіп ашу үшін сізге қай жерден қандай несие алу керек, ол қалай берілуі керек, мемлекеттік бағдарламаларда қандай жеңілдіктер бар – соны білуіңіз қажет. Оны білу үшін біз арнайы чат жасап қойғанбыз, аса қымбат та емес. 5 мың теңгеге кіресіз, содан соң сізге күнделікті ақпараттар беріліп отырады. Ол жерде арнайы мамандардан сұрақтарға жауап ала аласыз. Осыдан соң сіз қандай да бір кәсіп ашуға ниеттенсеңіз, ары қарай біз сізбен жеке жұмыс жасаймыз. Егер сіз мұғалім болсаңыз, балабақша немесе оқыту орталығын аша аласыз. Ол үшін арнайы бизнес-жоспар жасалуы керек. Сонда кәсібіңіз­дің кірісі мен шығысы көз алдыңызда болады. Соған байланысты сіз ары қарай бізге бизнес-жоспар жасауға тапсырыс бере аласыз. Одан кейін сізбен жеке жұмыс жасалады, толық табысқа жеткенше сізді ертіп жүріп, бәрін көрсетеміз», – деді ол.

 

Бұдан кейінгі бизнес-жоспар жасату да, жекелеген кеңестер беру де ақылы болып кете беретіні айтпаса да түсінікті болды. Бұлар да осылайша өз кәсіптерін дамытып жүрген жандар екен.

 

Әрине, олардың бұл шаруаларын бастан-аяқ теріс дей алмаймын, дұрыс-ақ, ақысын төлеген адамдарға кәсібін жоспарлауға көмектессін, еріп жүріп, кеңестерін бере берсін. Бірақ тегін беруге болатын ақпаратты ақшаға сатып жатқандары қа­лай? Бұл тап бір баудың ішінде тұрып, са­ған қоймадан жеміс берем, бірақ қойманың кілтін сатып аласың деген сияқты нәрсе екен. Бұл да маркетингтің бір түрі болар, десе де ауадан ақша жасайтын әрекетке көбірек келіңкірейтін сияқты. Сол чатты тегін етіп, адамдарға мейлінше бизнес туралы мәлімет берсе, кәсіп бастағысы келетін қаншама жандарға жол көрсетер еді. Содан соң ары қарайғы қызметтерінің құнын қаншаға баласа да өз шаруалары. Ал мұнда «а» дегенінің өзі ақша.

 

...Әр қадамын «ақша» деп басатын жандар шынында да көбейіп келе жатыр. Мұның бәрі  ненің белгісі? Дамудың ба, дағдарыстың ба?

 

М. ӘМІР.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ