Қайран қазағым! Көрмеген бар ма азабың?

23.01.2020
Қаралды: 387

1737 жылғы 16-қараша күні әйел патша Анна Иоановнаның пәрменімен Сібірде (қазіргі еліміздің солтүстік өңірі) құл саудасын жүргізу заңдастырылды. Осындағы жарлықта: «...түземдіктер қолға түссе, оларды сатуға, шоқындырып, ақысыз-пұлсыз тегін ұстауға рұқсат етіледі» деп жазылған.

 

Құлдық езгі әсіресе Ойрат хандығының құлауы мен орыстардың қазақ даласына ағылып келуімен байланыс­ты күшейген үстіне күшейе түсті.

 

1755 жылы жоғарыдағы құл саудасын заңдастырған патша Анна Иоановнаның пәрменіне қосымша жарлық қабылданып, помещиктер сатып алған құлдарын тауар ретінде айырбастауға, оларды шоқындыруға ерікті делінген. Бұл заң 1822 жылы «Сібір қазақтарын басқару» ережесі шыққан соң күшін жойды. Демек, отарлаушылар 1737-1822 жылдары 85 жыл бойы қазақтарды құлдыққа сатумен айналысты. Академик Манаш Қозыбаев: «Қазақ – отаршылықтың ең бір жексұрын түрін көрген ел. Кейбір тарихшылар орыс отарлауын ақтағысы келіп, орыстар құл саудасын жасамады, жергілікті халықты қырмады, тек ғана шикізатын пайдаланды дейді. Егер сіз профессор Фурсовтың 1915 жылы жарық көрген «Сибирские чтения» атты жазбасын оқып көрсеңіз, қазақтар әлемдегі ең жексұрын отаршылықтың түрін көргенін білесіз. Жазбада отарлаушылар қазақтың қыз-келіншектерін пайдаланып жезөкшелер үйін жасақтау үшін арнайы қосын жіберіп, қазақтың жас қыздарын байлап-матап ұстап әкел­гені жайлы, оларды базарда қойша сатқаны жайлы көрсетілген...» деп жазады.

 

Сол сияқты қазақ оқығандарының бірі Телжан Шонанұлы өзінің бір жазбасында құлдыққа сатылған қазақ қыздарының тағдырын ашына отырып: «Жарлы қазақтардың балаларын сатып алып, үкімет орысқа құл қылып бермек. Қыз балаларды каторгаға айдалғандарға қатын қылып бермек. Соның үшін патша 1825 жылы әмір қылады: «Қандай жолмен болса да қазақтан қыз балалар сатып алыңдар, оларды каторгаға айдалғандар­ға қатын қылу керек» деген» деп баян­дайды.

 

Жоғарыда Шонанұлы айтқандай, қазақ қыздарын сатып алып, күң ретінде ұстау ХІХ ғасырдың ортасына дейін жалғасып келді. Саудаға түскен қазақтардың (1737 жылғы дерек) құны: 40 жастағы қазақ әйелі – 12 сомға; 30 жастағы жігіт (әйелімен бірге) – 1 ат, 1 құлын және 16 сомға; 16 жастағы бозбала – 12 сомға; 20 жастағы жігіт – 15 сомға сатылған. Сол заманда құр аттың құны 91,5 тиын екенін есепке алсақ, құл саудасы аса тиімді болғаны байқалады.

 

Осындай тиімді саудадан пайда табу үшін қазақ даласында адам аулау науқаны үздік-үздік жүргізіліп тұрған сыңайлы. Қазақ даласын зерттеуші ғалым Г.Потанин өзінің бір жазбасында: «Сібір орыс-казак жасағы Ірбітке құл сату үшін Қазақ даласына жиі-жиі жорық жасап тұрған. 1743 жылы қарашада жүзбасы Дороховтың 280 адамдық қарулы отряды Қазақ даласына шабуыл жасап, 42 ер адамды құлдыққа сату үшін тұтқынға алып, 812 бас мал айдап кетті» дейді.

 

Қазақ жерінен құлдыққа түскендер Орал, Ертіс, Есіл шекара ше­біндегі бекіністерге сатылып кететін. Жалпы, Ресей көлемінде құл сататын үлкен базар 1631 жылы ашылған Ірбіт (Ирбит) жәрмеңкесі болды. Мұнда құл саудасы ХVІ ғасырдың ортасында қатты қарқын алған. Онда ересек құлдар 25-50 сом аралығында, балалар 10-25 сом көлемінде сатылған. Патша ағзам қазақтарды құлдыққа сату жайлы ұлықсат бере отырып, үкіметке бағынышты қазақ сұлтандарына құл ұстауға мүмкіндік жасаған. Бұл жайды «мүмкіндік» дегеннен гөрі империяға бағынышты түркітектестер арасына от тастау дегенге саяды. Мысалы, 1755 жылы 5-қыркүйекте жоғары мәртебелі патша Нұралы хан­ға жолдаған грамотасында: «Қашқан баш­құрттардың әйелі, бала-шағасы, мал-мүлкі сізге және сізге қарасты старшын-сұлтандарға сыйлық болсын», – деген. Осы оқиға қазақ даласында құл пайдаланудың заң жүзіндегі алғашқы актісі болды», – дейді Крафт.

 

Осы тұстағы қазақ жұртының ахуалы жайлы Шоқан Уәлиханов досы А.Майковке жазған хатында: «Сібірде бұратаналарды тек итке талатпайды, одан басқаның бәрін істейді» дейді. Қазақ даласында балалардың құлдыққа сатылуы, біріншіден, далаға шеп-белдеу және бекіністер пайда болып, ғасырлар бойы мекен еткен жерінен айырылған қазақтар ашаршылыққа ұшырады. Оның үстіне отарлау­шылардың әскери отряды «шепке шабуыл жасады» деген желеумен қырғын-сүргін ұйымдастырды. Осындай жаугершілік һәм ашаршылықтың салдарынан далада бала сату науқаны қызды. Орыс зерттеушісі А.Левшин: «Малы мен жерінен айырылған қазақтардың ат-көлігі барлары шетке босып қашса, аса ауыр тұрмыс-тау­қыметіне тап болған жанұялар өз балаларын құлдыққа сата бастады. 1815 жылы Кіші жүз жерінде бір айдың ішінде 200 қазақ баласы өте арзанға сатылды» деп жазады.

 

Сол тәрізді Петербор Ғылым академиясының мүшесі, профессор В.Даль: «Шекара бойындағы қазақтар осы қыста тағы да өз балаларын сата бастады. Жақында мен 75 сомға (ассигнациямен) сатып алынған төрт ер баланы көрдім» десе, 1802 жылы Троицк қалалық таможня мекемесі Сауда министрі Румянцовке жазған қызметтік докладта: «Қазақтардың көбі жалаңаш-жалпы, еркегі, әйелі, балалары қаңғырып қайыр сұрап жүреді. Бұлардың аянышты халі көзге ерекше түседі» деген жолдар бар.

 

Қысқасы, 1819 жылы І-Александр патша «бұратана балаларын құлдыққа сатуға, алыпсатарларға сатып алуға» рұқсат еткен құжат қабылдайды. Сол сияқты Алексей Левшиннің де жазбасында (1832 жылы жарық көрген) базарда сатылып жатқан қазақ балаларының құны жайлы дерек бар. Онда ер бала 4-5 қап арыш бидай, қыз бала 3-4 қап арыш бидайға сатылғаны айтылады.

Керекулік тарихшы Жеңіс Марданұлы: «Осы заң шыққан тұста орыс-казак атты жасағы қазақ ауылдарын шауып, қолға түскен балаларды жеке өндірісі бар помещиктерге сатумен шұғылданды», – десе, көрнекті тарихшы Е.Бекмаханов: «Басыбайлы еңбек күшін пайдаланатын ірі-ірі тау-кен заводтарының иесі мен орыс помещик­теріне балаларды құлдыққа сату туралы Александр-І патшаның арнайы шығарған заңы арқылы рұқсат беруінің нәтижесінде Гурьевте бір айда 100 қазақ баласы: ұлдар – 4,5 дорба, қыздар 3,4 дорба қара бидай ұнына сатылды» дейді.

 

1911 жылы Семейде шыққан «Записки географического общества» атты басылымның 5-ші бетінде: «1808 жылы орыстар қазақ балаларын сатып алуға және айырбастауға үкімет атынан құқық алды, бірақ сатып алынған құлдар 25 жасқа толғанда еркіндік алатын болды. Бұл әлі либералдық заң еді. Өйткені бұл заң шықпай тұрып орыс-казактар және әртүрлі әскери қызмет атқарған адамдар қазақтардың әйелдерін, балаларын және жұмысшыларын күшпен тартып алатын еді. Біраз воевода қазақ әйелдерден гарем ұстайтын. Әйелдердің бағасы салыстырмалы өте төмен болды: 7 жастағы қыз 20 тиын тұрды, ал ұл бала 25 тиын, ересектердің бағасы 10-нан 20 сомға дейін көтерілді. Сауда өткізетін орталық ол Ірбіт жәрмеңкесі болды» деп жазады.

 

1808 жылы 23-маусымда шыққан жарлықта: «Барлық ерікті орыс азаматтары қырғыз (қазақ) балаларын айырбастауға, сатуға, мынадай жағдайда рұқсат беріледі: 1. Жасы 25-ке жетсе; 2. Айырбасшылар мен сатып алушылар бұл жөнінде (сату, айырбастау, сатып алу, алмастыру жөнінде) Орынбор шекаралық комиссиясына мәлім­десе; 3. Әрбір сатып алушы тұт­қынды басқа біреуге беруге ерікті делінген.

 

1819 жылғы 13-ақпандағы Сенат бекіткен жарлықта: «Қырғыздар және қырғыз әйелдері 1808 жылғы жарлыққа дейін сатып алынғандар және жарлықтан кейін сатып алынғандар деп бөлін­гендіктен, алғашқылары өмірінің ақы­рына дейін қожайынының қолында қалады, ал соңғылары 25-ке толғаннан кейін азат деп есептелінсін» де­лінген.

 

ХVІІІ ғасырдың бірінші жартысында басталған құл саудасы 1822 жыл­ғы 22-шілдеде қабылданған «Сібір қырғыздары туралы жарғы» негізінде тоқтатылды. Аталмыш жарғының 276-параграфында: «...Осы күннен бастап жа­ңадан құл ұстауға қатаң тыйым салынсын» делінген. Бірақ Н.Крафттың дерегі бойынша: «Қазақ даласында құлдықтың толық жойылуы 1875 жылдан кейін орнады»  дейді.

Расында қазақтарды құлдыққа сату оқиғасы 1822 жылы патша үкіметі заң қабылдап тыйым салғанымен тоқтаған жоқ. Тағы бір құжатта 1859 жылы Батыс Сібір генерал-губернаторы Г. Гасфордтың бұйрығымен 400-ге жуық қырғыз (қазақ) құлдарға бостандық беріл­гені туралы мәлімет бар.

 

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,

журналист-зерттеуші, ҚР мәдениет қайраткері.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ