Ақталып шыққан Амангелдінің айтқан сөзі

23.01.2020
Қаралды: 639

Өткен жылы «Сарыағаш-Әділет» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, «Сарыағаш-Инфо» газетінің бас редакторы Амангелді Батырбековке (суретте) қатысты қылмыстық іс қозғалғаны белгілі. Таяуда Түркістан облыстық сотында бұл іске қатысты нүкте қойылды.

 

А.Батырбековтің үстінен сотқа шағымды Келес аудандық білім бөлімінің басшысы Бақтияр Әбдиев түсірген болатын. Іс Қылмыстық-процестік Кодекстің «жала жабу» және «қорлау» баптары бойынша қаралды. Осы істі қараған Сарыағаш аудандық соты А.Батырбековті айыпты деп та­уып, оны 2 жыл, 3 айға бас бостандығынан айыру жазасына кескен. А.Батырбеков өзіне тағылған айыпты мойындамай, апелляция­лық шағым түсірген. Ал бұл істі қараған Түркістан облыстық сотының апелляциялық алқасы А.Батырбековтің іс-әрекетінде қылмыс құрамы жоқ деп тапты, оны ақтады.

 

Біз осыған орай А.Батырбековке хабарласып, оған бірер сұрақтар қойдық.

 

– Әу баста мәселе неден басталған еді?

 

– Сарыағаштан Келес ауданы бөлініп шыққаннан кейін, 2018 жылдың қазан айын­да аталған аудандағы білім бөлімінің басшысы қызметіне Бақтияр Әбдиев тағайындалады. Ол қызметке келе салысымен Келес ауданына қарасты болған 63 мектеп пен оншақты балабақшаның басшыларына Сарыағаштан жұмыстан өз еріктеріңмен шығып келіңдер дейді. Сонымен олар Еңбек Кодексінің 49-бабы, 5-тармағының негізінде жұмыстан өз еріктерімен босаған.

 

Кейін маған саз мектебінің директоры Рыскүл Омарғазиева келіп, Келес ауданында жұмысқа тұруда кедергілер болып жатқанын айтты. Естуімше, білім бөлімінің басшысы «10 мың демей-ақ қояйын, 3 мың доллардан бересіңдер» дегенге ұқсайды. Бірақ мен бұған сенбедім. Содан естігенімді тексеріп көрейін деп екі-үш директордан сұрағанымда олар «бердім деп айтпаймын, өзім құрып кетемін»  деді, бірақ әлгі сөзді растады. Сосын мұны тексерейін деп Сарыағаш аудандық білім бөліміне ресми түрде хат жаздым.

 

Мұғалімдердің жұмыстан өз еркімен шық­қаны туралы құжаттарды видеоға түсі­ріп алдым. Директорлар жұмысынан өз еркімен шықса, олардың босаған орнына арнайы конкурс өтуі керек емес пе? Келес аудандық газетінен сұрастырсам, ондай конкурс тіпті де жарияланбаған. Сосын «Келестегі кеңкелестіктер» сериалымен «Ақшаң болса қалтаңда, талтаңдасаң, талтаңда» деген мақала жаздым. Ол 2019 жылдың 23-ақпанында жарық көрді. Кейін Келес ауданы әкімінің орынбасары бұған байланысты Сарыағаш ауданының әкіміне хат жазыпты, ал әкім оны білім бөлімінің басшысына береді. Не керек, 14-наурызда әлгі бұйрықтағы «өз еркімен» деген сөз «үзіліссіз еңбек шартын жалғастыру жолымен» болып өзгертіледі. Оған дейін «өз еркімен» жұмыстан босағандар өздерінің қызмет орнына тағайындалып, жұмыс істеп жүрген. Бұл жерде үлкен мәселе жатыр.

 

Мақаламда мен бұған қатысты кесімді ештеңе айтқан жоқпын, «алды», «сатты» деп емес, болжам түрінде, «көрінеді», «ұқсайды» деген сияқты сөздерді қолдандым.

 

– «Жала жапты», «қорлады» деп тағылған айыптарға осы жағдай себеп болды ма?

 

– Менің жазғандарымды «жалаға» келтірді, оған қоса «тупой» деп айтты делінген. Бірақ ол менің сөзім емес. «Фейс­букте» бір адам «Кто назначил на такую хлебную должность Бозайского тупого акима?» деп жазыпты. Мен соған сілтеме келтіргенмін. Аудандық білім бөлімінің басшысы болуға біраз адамдардың таласқанын білемін, солардың бірі шығар деп ойлаймын. Маған Бақтияр Әбдиевтің түкке де керегі жоқ, ол Бозайдың әкімі ме, қай жақтың әкімі болғанын да білмеймін.

 

Ал «Ақшаң болса қалтаңда, талтаңдасаң, талтаңда» деген мақала жарық көрген соң бізге Келес аудандық білім бөлімінің басшысынан емес, оның орынбасарынан мақалада айтылғандарды теріске шығару жөнінде хат келді. Негізі Әдеп жөніндегі Кодекс бойынша мұндайда талапты сол мақалада аты аталған адам беруі тиіс. Бір айдың ішінде терістеуге әрекет жасауы керек. Ал Б.Әбдиевтің өзі талапты шілде айында бір-ақ береді, сотқа шағым түсіреді, сот болса, оны қабылдап алады да, процесті бастап жібереді. Мен бұдан бейхабармын, екі сот отырысы менің қатысуымсыз өткен, мені оған шақырмаған. 12-шілдедегі отырыс қаулысына «екі жақ қатысты, келісімге келуге қарсы болды» деген тұрғыда жазылыпты. 27-шілдедегі сот отырысының дискісін сұрасақ, ол күні жарық сөніп қалған дейді. Бірақ адвокаттарым ол күні басқа сот отырыстарының бәрі де болып өткенін анықтады.

 

Жалпы, маған қатысты істі Сарыағаш аудандық сотының судьясы Зәуре Әлсеева жүргізген. Ол кісінің бір іске байланысты маған заңсыз шешім шығарғаны бар еді, оған қоса негізсіз жазылмаған бір-екі мақаламның жағымсыз кейіпкері де болған. Сондықтан мен істі оның жүргізуіне қарсылық білдіріп едім, бірақ аудандық соттағылар судьяны бәрібір де ауыстырмады. Ақырында Әлсеева мені 2 жыл, 3 айға бас бостандығымнан айыру жөнінде үкім шығарып тынды. Айыптаушының 500 мың теңге моральдық-материалдық шығынды өтеу жөніндегі талабын да қанағаттандырып берді.

 

Ал Қылмыстық-процестік Кодекстің талабы бойынша іс сотталушының қатысуынсыз қаралған болса, ол заңды елеулі түрде бұзу болып табылады, ол бойынша қабылданған үкім күшін жоятыны айтылған. Мен апелляциялық шағым бердім. Соның нәтижесінде ақталып шықтым.

 

– Бұдан ары қарайғы әрекеттеріңіз қандай болмақ?

 

– Жалпы, мен кекшіл жан емеспін. Сотта жеңсем болды. Мұның алдындағы сот шешімдері үшін де рахметімді айтып, кете барғанмын.

 

Сотта айыпталушы адам отыратын жерді «аквариум» деп атап жүр ғой, бұл жолы процесті жүргізген судья мені сол «аквари­ум­нан» шығарып, сыртқа отырғызып, Қазақстан Республикасы атынан кешірім сұрады. «Сізге қатысты қылмыстық іс дұрыс көтерілмеді, негізсіз болды, кешіріңіз», – деді. Сосын үкім бойынша менің моральдық және материалдық залалды өндіруіме, тапталған құқығымды қалпына келтіруіме құқым барын сол жерде түсіндіріп берді. Яғни мен оны қаласам да, қаламасам да сот шешімі орындалуы керек.

 

Жалпы, осы іс барысында өзімді қорғауға күш салған жұртшылықтың ықыласына қатты риза екенімді айта кетейін. Қорғаушы болып тегін қызмет көрсеткен адвокаттарым – Шынар Ермековаға, Әбду Ермековке, Болат Сыдықовқа және әділдікті талап етіп сотқа қатысқан барша азаматтарға, қоғам белсен­ділеріне алғысымды білдіргім келеді.

 

Д. НҰРПЕЙІС.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ