Оман сұлтандығын «Шығыс ертегісіне» айналдырған адам

22.01.2020
Қаралды: 389

Таяуда Араб түбегіндегі шағын ғана Оман сұлтандығының билеушісі Кабус әл-Саид қайтыс болды. Ол 79 жаста еді.

 

Сұлтан тағына 1970 жылы отырған болатын. Оманды жарты ғасыр бойы басқарған Кабус сұлтанды бүкіл ел болып үш күн бойы аза тұтып ақырғы сапарға шығарып салды.

 

Кезінде Африканың мешеу елдерімен деңгейлес болып, артта қалған Оманды осы Кабус сұлтан көтерген еді.

 

Ол кезде бұл аумақты мекендеген тайпалар бір-бірімен бітіспес жаулықта болған. Оман өз алдына дербес имамдық болып тұрған, ал Кабустың бабалары Маскат сұлтандығын билеген. Елдің артта қалғаны сонша, онда аурухана, мектеп деген атымен болмапты, тұрғындардың басым бөлігі кедейшілік шегінде өмір сүрген. Бүкіл елдегі асфальт жолдың өзі 10 шақырым ғана болған. Қараңғы халық өркениет жаңалықтарынан мақұрым қалған. Елде радио тыңдауға, тіпті етік киюге, көзілдірік тағуға да тыйым салынған кездер болыпты.

 

Бұл елде 1964 жылы алғашқы мұнай кеніштері ашыл­ған. Ал шетке мұнай сатудан түскен қыруар қаржы сұлтан сарайындағы сандықтарда сақталыпты. Бірде сұлтан сарайындағы сандық толы долларды егеуқұйрықтар жеп қойып, осыны естігесін халық толқуы басталған.

 

Ал Кабус сұлтан Ұлыбританияда әскери білім алған. Ол билік басына 1970 жылы ағылшындардың қолдауымен келген. Яғни мемлекетте қантөгіссіз төңкеріс болып, әкесі Саид бен Таймур тақты 29 жастағы жалғыз ұлы Кабусқа өз еркімен босатқан. Кабус сол кезде алдына елді гүлденген мемлекетке айналдырамын деген мақсат қойған. Билік басына келе салып өмірдің барлық салаларын қамтитын реформаларды бастаған. Оман мен Маскатты біріктіріп, тайпалардың қарсыласуын тоқтат­қан, шекаралас мемлекеттермен бейбіт қатынас орнатқан, елдің атауын «Оман сұлтандығы» деп жариялаған. Оның жүргізген реформаларының нәтижесінде Оман алдыңғы қатарлы ел деңгейіне көтерілген. Экономикалық өркендеуіне, табиғатының әр алуандығына орай қазір әлемде оны «Шығыстың ертегісі» деп атайды. Жылдың 350 күнінде аспан ашық, жазда 40-50 градусқа дейін аптап ыстық болатынына қарамастан оған баратын туристер көп. Өйткені инфрақұрылымдар, адамға қажетті жайлылықтың барлығы да жасалған.

 

Бүгінде Оманда кедей, жұмыссыз, баспанасыз адам жоқ. Ұрлық атымен кездеспейді, қылмыс өте аз. Елде тазалық қатаң сақталады.

 

Оманда 1970 жылдары орташа айлық жалақы 300 доллардың шамасында болса, 1991 жылы ол 7 мың долларға жеткен, кей деректерге қарағанда, қазір 60 мың долларға теңеліп отыр.

 

Бұл елде білім беру, денсау­лық сақтау салалары тегін қызмет көрсетеді. Әрбір бала кәмелет жасына толған соң-ақ оған тегін жер телімі беріледі. Үй салу үшін қаржы қажет еткендерге жылына 6 пайыз өсіммен несие береді. Аз қамтылған деп саналатын отбасыларды тегін пәтермен қамтамасыз етеді.

 

Оман өзінің ертеңгі күнін де есепке алып отырады. Онда мұнай қорының қашан таусылатыны да есепке алынып қойған. Олар табиғи газ экспорттайды, туризмнен де мол табыс түсіреді. Табиғи байлық түгесілген соң экономиканы қалай тоқыратпау жағын да назарға алып, тиісті бағдарламалар жасап қойған.

 

Оман сұлтандығы 2010 жылы адам дамуының индексі бойынша әлемдік көшбасшы деп танылған, 2017 жылы ең қауіпсіз елдер  рейтингінде 4-ші орын алды, ал өткен, 2019 жылы  адам игілігінің ғаламдық индексі бойынша әлемде 2-орынға ие болды.

 

Міне, өзін жарты ғасырда осындай жоғары деңгейге жеткізген сүйікті сұлтанын Оман елі ақырғы сапарға қимай шығарып салды. Өкініштісі, оның артында ұрпақ қалмады. Кабус сұлтан 1976 жылы өзінің туысының қызына үйленген, онымен 3 жыл бірге тұрған, бірақ араларында бала болмағасын ажырасқан. Кабус сұлтан одан кейін үйленбеген.

 

Ал Кабус сұлтанның орнына Оман билеушісі болып оның 65 жастағы немере інісі сайланды. Бұл елде билік сұлтанның ұрпағына немесе аталас туысына беріледі. Сұлтан елдің басшысы, Премьер-министрі, әскердің Бас Қолбасшысы, Сыртқы істер министрі, Қорғаныс министрі және Қаржы министрі болып та табылады.

 

Оманның жаңа сұлтаны Хайсам бен Тарек әл-Саид ағасы Кабус сұлтанның істерін ары қарай жалғастыруға ант берді.

 

...Оман елінің жер көлемі – 309 мың 500 шаршы шақырым. (Салыстыру үшін: Біздегі жер көлемі ең үлкен саналатын Қарағанды облысының аумағы 428 мың шаршы шақырымды құрайды). Халқы – 4 миллион 600 мыңдай адам, оның 1 миллионнан астамы – Пәкстан, Үндістан, Шри-Ланка сияқты елдерден барған арзан жұмыс күшін құрайтын адамдар.

 

"ЗАМАНА".

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ