Тышқан таңқалдырады

22.01.2020
Қаралды: 474

Шығыс, Батыс күнтізбелерінде Тышқан жылын «Егеуқұйрық жылы» («Год Крысы») деп атайтыны белгілі. Негізінен тышқан мен егеуқұйрық – жақын туыстар, екеуі де кеміргіштер класының тышқандар «әулетіне» жатады.

 

Жалпы, тышқандар тез көбейеді. Аналықтары жыл бойына 5-тен 8-10 мәртеге дейін балалай алады. Әр ретінде 5-6, 10-12, тіпті 15-20-дан туатындары да бар.

 

Кей деректерге қарағанда, бүгінде әлемде 15 миллиардтай тышқан мен егеуқұйрық тіршілік етуде. Ал олардың біреуі жылына 12 килодай азық жейді екен. Құдай сақтағанда, бұл «ағайындылардың» шамадан тыс көбейіп кетуін балаларының жартысынан көбі, кей жылдары тіпті 80-95 пайызы жетілмей жатып өліп кететіні немесе табиғи жауларына жем болатыны тежеп келеді.

 

Сондай-ақ оларда қатты ашыққан кезде өз туысын жеп қоятын да әдет бар. Өйткені аштыққа төзімсіз. Азық жетіспейтін кездері аналықтары әлсіз баласын жеп қояды. Сол себепті олардың ішінен тек мықты, өмірге бейімдері ғана өсіп-жетіледі. Ал тышқанның «әкесі» баласы үшін бас қатырмайды, азық іздеп інге кірген жағдайда оларды тойғанынша жеп кете береді. Бірақ бұл заңдылық емес – олардың тіршілігіне тән бір құбылыс қана.

 

Егеуқұйрықтар да осындай. Яғни жануартекті азықты, кей кезде өз туысын, балаларын жеп қоятын кездері болады. Олар тіршілікке тым бейім, епті. Дегенмен олардың аса көбейіп кетпеуіне түрлі аурулар мен табиғи жауларынан бөлек, егеуқұйрық етін жеңсік ас ретінде тұтынатын халықтар да өзіндік «үлесін» қосып келеді.

 

Бұл тіршілік иелері туғаннан кейін тез өсіп, 35 күнде-ақ жыныс­тық жағынан жетіледі. Аналықтары бала туғасын арада бір күн өтпей-ақ күйі келіп, еркегімен шағылысуға дайын болады. Олардың өмір ұзақтығы негізінен 2-3 жылдан аспайды, 5 жылға дейін тіршілік ететіндері сирек. Олар психологиялық салмаққа шыдамсыз келеді, стрестен өліп кететін кездері бар.

 

Туыстас болғанымен тышқан мен егеуқұйрық бір-біріне жау. Дене тұрқы біршама ірі, күшті егеуқұйрық тышқанды көрсе, талап тастайды, жеп те қояды. Сондықтан олар бір-бірімен қоңсы қонбайды.

 

Егеуқұйрық тышқаннан әлдеқайда қу, епті, өміршең. Сондықтан ол туралы таңқаларлық оқиғалар жиі айтылады. Мысалы, егеуқұйрықтар өзіне құрылған торды алдын-ала сезеді, одан айналып өтеді.

 

Олар қандай да бір техногендік немесе басқадай апатты да алдын-ала сезеді. Мысалы, адамдар олардың апатқа ұшырайтын кемеден ертерек сытылып шығуға тырысатынына, соғыс кезінде бомба түспейтін үйге қашатынына  талай мәрте көз жеткізген. «Оларда алтыншы түйсік бар» деп айтылады.

 

Зерттеу нәтижелеріне қарағанда, егеуқұйрықтар жалпылама ойлай алады, олар тіпті түс те көре алады. Оларда адамдардағы сияқты қытық бар, тіпті сирек жағдайда сықылықтаған тәрізді үн шығарып, күле де алады екен. Егеуқұйрықтардың «тіл байлығы» адамдардікі сияқты, олар көптеген шиқыл түрлері арқылы бір-бірімен «тілдеседі», мол азық табылғанын немесе қауіптің төніп тұрғанын хабарлай алады. «Олар жағымды музыканы да байыптап тыңдай алады», – дейді ғалымдар. Мұның бәріне түрлі зерттеу­лер, тәжірибелер арқылы көз жеткізілген көрінеді.

 

Негізі кеміргіштер ретінде тышқандар мен егеуқұйрықтар шаруашылыққа өлшеусіз зиянын тигізеді. Азық-түлікті жейді, бүлдіреді, ыдыстарды теседі, электр желілерін, тіпті бетон мен металды да кеміріп тастайды. Олардың тістері өмір бойы өседі, сондықтан олар қатты нәрсені кеміріп, тісін қайрамаса жүре алмайды. Сондай-ақ олардың түрлі жұқпалы ауруларды таратып-тасымалдаушы ретінде келтіретін зияны да аз емес.

 

Дегенмен бұл тіршілік иелерінің адамзатқа тигізіп жатқан пайдасы да баршылық. Ол негізінен медицина саласына байланысты. Оларды медициналық мақсатта, түрлі ауру себептерін анықтау, дәрілер әсерін сынақтан өткізу үшін пайдаланады. Осындай «жақсылығы» үшін, мысалы, Ресейдің Новосибирск қаласындағы академиялық қалашықта тышқанға үлкен ескерткіш орнатылған. Гранит тұғырымен қосқандағы биіктігі 2,5 метрлік ескерткіште көзілдірікті тышқанның ДНК молекуласын тоқып отырғаны бейнеленген. Ескерткіш «Мышь, вяжущий ДНК», яғни «ДНК тоқушы тышқан» деп аталады.

 

Бұл – ғылымға, оның ішінде медицинаға қосып келе жатқан үлкен үлесі үшін тышқанға көрсетілген құрмет белгісі. Өйткені олар түрлі тәжірибелер жасауға мыңдап қолданылады, осы тәжірибелер кезінде мертігеді, өледі, тәжірибеден кейін де олар жойылуға жатады. Осындай тәжірибелердің арқасында ғалымдар көптеген аурулардың пайда болу себептерін анықтаған, дертті емдеуде тиімді дәрі-дәрмектер шығарып, оларды бірінші кезекте осы тышқандарға қолданып сынақтан өткізген.

 

...Жалпы, тышқан тұқымдастары мен олардың түрлі әсері туралы ұзақ айта беруге болады. Біз тек ең басты деректерді ғана сөз еттік. Білгеннің зияны жоқ.

 

Р. ҚАЛТАЙ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ