Қандастарды қорғауға неге баршамыз болып атсалыспаймыз?

22.01.2020
Қаралды: 466

Қытайдағы 10-20 жылға дейін бас бостандығынан айырылып кеткен қазақтардың саны әлі күнге дейін белгісіз болып тұр. Не үшін, қалай «қылмыскер» атанғанын ұқпаған, түсінбеген күйі сотталғандардың қай лагерьде екендігінен туыстары да, ата-аналары да бейхабар күйде.

 

Олардан хабар-ошар жоқ

 

Қытайдағы «Саяси үйрету лагері»  шын мәнінде қандай орын? «Атажұрт еріктілері» қоғамдық бірлестігінде Қытай қазақтарының мәселесіне атсалысып жүрген жазушы-журналист Құнанбай Байжиенұлы өз сөзінде бұл туралы былай дейді:

 

«Түрлі жағдайлармен жазықсыз сотталдым деушілердің саны жиырма мыңдай бар. Бұлардың бәрі де ең әуелі саяси үйрету лагерьлерінде болды. Біздің білуімізше, ешқандай үкімсіз, тергеусіз 15, 16, 18, тіпті 20 жылға дейін абақтыға жабады екен. Туыстарына хабарлау жоқ,  қамалғандар тіпті өздерінің қайдағы түрмеде екендігін де білмейді. Сотталған туыстарының қай түрмеде жатқанынан әлі күнге дейін хабарсыз қалғандар көп. Олар Қазақстандағы туыстарына барғандарды да жауапқа тартып отыр. Негізі дінге қатыстыларды көп жылға соттау қарастырылған екен. Дінге қатысы бар болып сотталғандарға сонау бір жылдары медреседе оқыдың, намаз оқыдың, мешіттерге бардың, мешіт салдың деген айыптар тағылған».

 

Қаскелеңнің іргесіндегі Үшқоңыр ауылында тұратын Ақықанқызы Халида апамыздың жағдайы өзгелерге қарағанда мүлдем мүшкіл екен. Сонау 2016 жылдан бері «сая­си үйрету лагеріне» қамалған үш ұлы мен үш келінінен кейінгі уақытта мүлдем хабарсыз қалған. Құлжадағы Күнес ауданына қарасты Қарағаш қыстағында тұрған ұлдары Рақымбергенұлы Сатыпалды, Оразжан, Ахметжан сол жақта құрылысшы болып жүрген. Мен барғанда төсек тартып жатқан Халида Ақықанқызы былай деді:

 

«Балаларым ешкімге зияны жоқ, өз жұмысымен айналысып, тиесілі жалақысымен күнелтіп отырған. Сол құрылыста жүрген жерінен ұстап алып кетіпті. Үлкен екі ұлдың әрқайсысын 20 жылға кесіпті, кейінгі ұлды 10 жылға кесіпті деп естідік. Бар жазығы – намаз оқиды. Келіндерімнің үшеуі де ұйғыр, намаз оқып, хиджабта жүреді. Соған байланысты оларды да соттады. Немерелерімді балалар үйіне өткізіп жіберіпті. Мен қазір балаларымның ешқайсысынан хабарсызбын. Келіндерім – Мәметжанқызы Тоқтыгүл, Мирайқызы Бахаргүл және Шарафат үшеуі бірдей сотталған болатын. Олардың ішіндегі 11 жылға сотталған үлкен келінім Тоқтыгүл сол түрмеде әлдебір нәрседен қатты уланып, ауруханаға түсіпті, кейін босатылып, Қарағаш қыстағындағы үйге келіпті деп естимін. Балалар үйіне өткізілген барлық немерелерімді қолына алыпты деп те ес­тідім.

 

Осы күнге дейін бостандыққа шыққан үлкен келініммен сөйлесе алмаймын. Себебі біздің балаларымызбен байланысқа шығуға Қытай үкіметі тыйым салған. Міне, осының барлығына шыдамай, жолдасым қан қысымы көтеріліп, дүниеден өткеніне екі жылдай боп қалды. Ал мен де әр күнімді қан жылаумен өткізіп келемін. Олардың қайдағы түрмеде екендігін де білмеймін. Біреулерден ішкі Қытайдың түрмесінде, кірпіш зауытында жұмысқа жегілген деп естіп қалдым».

 

Туысын іздеуден неге қорқады?

 

«Атажұрт» қоғамдық бірлестігіндегі арызданушылар бүгінгі күнде Қытай азаматтығындағы қазақтар екен. Сондықтан болар, мұнда келген туысы, әлде танысы, тіпті көршісі болса да ешқайсысы өздерінің аты-жөнін нақты айтып бере алмайды. Себебі Қытайда түрмедегілердің өзгелермен тіл қатысуына тыйым салынған.

 

Телефоннан фотосын шығарып алған тағы бір жігіттің есімі Мұзафар Смайылұлы болады. 1986 жылғы бұл жігіт сырттай 11 әлде 12 жылға сотталған деген сөз бар. Мұның бар мәселесі – телефон сатқаны және ол телефондарынан «Жұма мүбәрак болсын!» деген сияқты дінге қатысты сөздер мен суреттер шыққан екен. Бар жазығы осы.

 

«Қытайдағы туыстары аманаттап еді» деп бір кісі телефонмен Сейсенғазы Әлімғазыұлы деген жігіттің суретін жіберіпті. Аты-жөнімді айтпай-ақ қойсаң деп өтінген. Ешқандай хабарсыз кеткен. Намаз оқығандығы үшін 2017 жылы сотталған.

 

Мынау, 1990 жылы дүниеге келген Мөл­дір атты қыздың тағдыры да бұлардан кем емес. Ешқандай кінәсі жоқ Мөлдірді 11 жылға соттаған. Іле автономиялы облысының Нылқы ауданы, «Нәсілді» ара фермасында туып-өскен Мөлдірдің ендігі тағдырына араша түсуге «Атажұрт» бірлестігі ғана емес, баршамыздың атсалысқанымыз жөн дер едік.

 

Таяуда ғана «Атажұрт» қоғамдық бір­лестігіне келген Баймұрат Жұмғайұлы өзінің бір кездері осындағы лагерьдің сақшысы болғанын айтты. «Ол жерде полиция өкіл­деріне де, қыстақтағы басшыларға да шексіз билік берілген. Мәселен, қыстақ басшысы өзінің қол астындағы жұмысшылары өз жұмысын дұрыс атқармаса, ол адамды соттатып жіберуге құқылы. Бұл жай қыстақ бастығының өзі. Ал полиция екі адамды үкімсіз атып салуға да құқылы. Мұны полициядан ешкім сұрамайды. Бізде онбасы деген билік өкілі болды. Ол қыстақтағы он отбасыны басқарады. Онбасылар – шаш ал десе басыңды қоса алатын нағыз әпербақанның өзі! Олардың кімді соттап, абақтыға жаптырамын десе де өз еркі. Мен лагерьдегі сақшының жұмысына әу баста ешқандай түсінігім болмай келгенмін. Ол жердегі шындықтың бәрін өз көзіммен көрген соң келгеніме өкіндім.

 

Бізді жаңадан салынған қазақ мектебіне жіберген. Қарасам, бұл мектепті жауып, орнын түрмеге айналдырыпты. Қамалғандардың ішінде жастардан бастап, 80 жастағы кемпір-шалдарға дейін бар екен. Жағдайлары адам нанғысыз халде. Оларды кір­гізетін дәліздегі есіктерді бір-бірімен жабыс­тыра салған сияқты, әрең ашылады. Ешкім-ешкімді көре алмайды. Әсіресе анау келген жазықсыз адамдардың аяқ-қолына кісен салғанда, олардың қолына көрпе мен жамылғысын өздеріне арқалатып жіберіп отырғанына қарап өзімді кімге теңерімді білмей қалдым. Бұл жұмыстан қалайда кеткім келді. Бірақ «жұмыстан шығамын» десең де жауап­қа тартыласың. Себебі мұнымыз үкіметтің саясатына қарсылық деп танылады. Алдағы қиындықтарға қарамай, өзім де, әйелім де елге жеттік», – дейді ол.

 

...«Атажұрт» еріктілерінің арқасында Қытай лагерьлері туралы шындық бүкіл әлемге ашылды. Әлі де ашыла бермекші. Бірақ біз осы мәселеге неге дүйім қазақ болып атсалыспаймыз?

 

Таяуда Қытайдағы аз ұлттардың зорлық көріп отырғанына байланысты баспасөз мәслихаты өткізілді. Ұйымдастырушылар – Ерғали Серік, заңгер Ләззат Ахат, журналист-публицист Қуандық Шамахай, тарихшы Жұмамұрат Кеңесұлы, Қапар Ахатұлы Қытайдағы мұсылман қауымының құқықтары тапталып жатқанын ресми түрде жария­лады. Оған Қытайдағы «саяси үйрену лагерінде» болғандар келіп қатысты.

 

Бірақ біздің анау жерде бір жиын, мынау жерде бір жиын өткізгеніміз бәрібір де аздық етеді. Бұған баршамыз болып атсалысқанымыз дұрыс болар еді.

 

М. ӘМІР.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ