Шымкентіміз ағылшынша атаулардан аяқ алып жүргісіз болып барады

22.01.2020
Қаралды: 163

Шымкентті шырайлы шаһар дейді. Оған дауымыз жоқ. Десе де қаламызда көңілді күпті ететін тұстар да аз емес.

 

Айтпағымыз Шымкенттегі кәсіпкерлік нысандардың маңдайшасындағы қаптаған шетелдік атаулар туралы. Расында да, қала ішіне шыға қалсаң атаулары ағылшынша айқайлап тұрған орындар аз емес. Мәселен, бір ғана Тәуке хан даңғылының Адырбеков пен Тәшенов көшелерінің аралығындағы бөлігінде қаншама қазақшадан қағылған ғимараттар бар. Қадам басқан сайын дүкендер мен тамақтану орындары «EUROMAGG», «DіcNastіa», «Celebrіty Style», «Soprano», «JEІHYN cіty», «GLOBAL COFFEE», «Eldorado» деп тізбектеліп кете береді.

 

Қала бойынша да осылардан қалыспайтын нысандар жетіп артылады. Солардың қатарында  «Noble House», «The Secret», «Olіvіa», «Unіon Lounge & Party Bar», «17th Avenue», «Hurma Bahchasі», «Saka grand», «HALІ GALІ», «Sanjak», «Garden Chalet», «CHESTER» атты мейрамханалар мен ресто-барлар, «ALFA-MED», «Іnterteach», «Atlant Clіnіc», «GRAND CLІNІKA», «Shymkent Medіcal Servіces», «MEDvoyage», «Smart Clіnіc», «Dіves Group» атты медициналық орталықтар, «GraMaD», «AZІYA», «Juіcy», «GORІLLA», «Magaz» секілді ірілі-ұсақты азық-түлік дүкендері, «ART-Street Studіo», «Bloom Beauty Concept Studіo», «Golden Class», «The Glam», «FLAME» секілді сұлулық салондары, «Smіle Center», «AІPLUS», «Let Start», «Kіnder Boom», «Nur educatіon», «Shym_kіds» деп аталатын балалар оқу және даму орталықтары, «SkyPark», «VІLLA», «Kono Hotel», «Seoul Hotel & Restaurant», «BellagіO» атты қонақүйлер бар. Оған «MEGA PLANET», «Shymkent Plaza», «Magnum», «Fora», «Mechta.kz» дегендерді де қосыңыз. Ал бұлардың мағынасын түсініп жатқан біреу бар ма?

 

Бұл айтып отырғандарымыз санаулысы ғана. Атын орысша қойған нысандарды есепке алмағанның өзінде шетелденгендерді түгелдей тізбектеп шығу мүмкін емес. Осындай қазақылықтан ауылы алыс, айтқанда тілің бұралатын ала шұбар атаулардың көптігі кәсіпкерлерді ойландырмайтыны қынжылтады. Мұндайлар кейде жат елде жүргендей әсер қалдырса да бүгінде оларға көргенде көзіміздің, естігенде құлағымыздың үйреніп бара жатқаны одан да өкінішті.

 

Мемлекеттік тілдегі атауларға басымдық беру керек деп қанша жанталасқанымызбен мұндай мәселе тек Шымкентте ғана емес, еліміздегі барлық қалаларда бар жағдай. Ал бұған қашанғы бейжай қарауға болады? Қашанғы жайбарақаттық танытамыз? Бұлай жүре берсек түбінде қазақшамыз құрдымға кетіп тынбасына кім кепіл?

 

Ондайлардың саны жапырлап көбейіп келе жатқанын көрген сайын алдағы оншақты жылдағы тіліміздің жағдайын ойлаудың өзі қорқынышты. Ана тілімізге атау бұйырмай қала ма деген күдік басым. Сондықтан еліміздегі барлық ойын-сауық орындарының, дүкендердің, кафелер мен мейрамханалардың, сұлулық салондарының, тағы да басқа орындардың қазақшалануын заң тұрғысынан қатаң қадағалау қажет секілді. Әрбір шетелдік атау үшін әлгіндей нысандардың басшыларына белгілі бір дәрежеде айыппұл салынатын болса бұл мәселені әжептеуір ретке келтіруге болар еді. Өкінішке орай, оны қолға алып жатқан ешкім жоқ. 

 

Осындайда «әкімдер ай қарап отыр ма?» деген сұрақты қойғың-ақ келеді.

 

М. ЫБЫРАЙ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ