Болат Бақауов не бүлдірген?

22.01.2020
Қаралды: 169

Кешегі аптада әлеуметтік желілерде Павлодар облысының әкімі Болат Бақа­уов пен оның көмекшісі ұсталды деген хабар кеңінен таралды.

 

Осы хабарлардың бірінде Б.Бақауовтың үстінен облыс әкімдігінде істейтін лауазымды шенеунік арызданған деп айтылды. Бірқатар блогерлер өздерінің әлеуметтік желідегі жеке парақ­шаларында «әкімдікті полиция қоршап тұр» деген ақпар таратты, «әкімнің үйі тінтілді» деді.

 

Алғашында бұл сөздерді жалған деп нақты жоққа шығарғандар болмады. Арада бір күн өткесін ғана әкім орынбасары Арыстанбек Қабыкенов өздерінің қалыпты жұмыс істеп жатқандарын мәлімдеді, облыс әкімі де өз қызметін жалғастырып жатыр деді.

 

Ал кешегі жұмада Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті Павлодар облысының әкімі Болат Бақауовтың тергеуі жүріп жатқанын айтты. Басқа мәлімет берген жоқ,  тергеу мүддесіне байланысты әзірге бұдан басқа мәлімет берілмейді деді.

 

...Болат Бақауов мемлекеттік қызметке бизнес саласынан келген. 2011-2014 жылдар аралығында Ақсу қаласының әкімі болды, кейін Павлодар қаласының әкімі қызметін атқарды. 2016 жылы Павлодар облысының әкімі лауазымына тағайындалды, өткен жылғы маусым айында өкілеттігі ұзартылды.

 

Осыдан бір айдай уақыт бұрын Б. Бақауовтың портреті қайырымдылық аукционына қойылғанынан да жұрт құлағдар. Оны  Павлодар қалалық мәслихатының бір депутаты сатып алған еді. Кей деректерде портреттің 31 миллион теңгеге сатылғаны туралы айтылады. Кейін Бақауов портреті сатылуының заңдылығы тексерілген болатын. Сосын бұған қатысты әңгіме біраз тыншыған еді.

 

Кешегі апта ортасындағы тосыннан шыққан «Бақауов ұсталды» деген сөзді естіген жұрт осы оқиғаны да бір еске алды, бүгінде «Бақауов не бүлдірді екен?» деп жүр.

 

Н. ӘБДІ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ