Гүлден Сағатова туралы жұрт не дейді?

22.01.2020
Қаралды: 421

«Болат Назарбаев Бақанастан тоқал алды» деген өсек тараған соң біз осы оқиғаның екінші кейіпкеріне айналған Гүлден Сағатованың өзімен хабарласуға тырыстық. Мақсатымыз айтылып жатқан әңгімелердің анық-қанығын өз аузынан есту еді. Біз оның «Іnstagram» желісіндегі парақшасына кіріп, сондағы көрсетілген телефон нөміріне бірнеше рет қоңырау шалдық. Өшірулі тұрғанын білген соң өзіне жеке хат жаздық. Жазбасына пікір қалдырдық. Ешбіріне жауап болмады.

 

Кейін Г. Сағатованың тікелей эфирге қосылғанын пайдаланып, одан сұхбат алғымыз келетінін айттық. Ол: «Маған жан-жақтан журналистер хабарласып жатыр. Бірақ мен ешкімге сұхбат бермеймін. Сондықтан маған хабарласпай-ақ та, жазбай-ақ та қо­йыңыздар», – деп бірден бас тартты. Оның бұлай ат-тонын ала қашуының себебін де онша түсіне қоймадық.       

 

Гүлден Сағатова жас әнші ғана емес, актриса әрі балерина екен. Тойларда нәзік даусымен талай жұртты тамсандырып жүрген әдемі қыздың кейінгі салған фотоларының астына жұрттың қалдырған пікірлерін қарап шықтық. Онда жұрт: «Біреумен суретке түсуге қорқатын заман десей, Гүлден, сабыр ет», «Жалған ақпарат болғаны жақсы жаңалық екен!», «Анығын, дұрысын түсіндіріп жазсаңшы, қызым, өтірік екенін...», «Өтірік болғанына қуанып қалдым. Бұрын сені танымайтын едім. Хайптың мүмкіндігі шексіз ғой. Өнерің өрлей берсін!» деп қуанғандай болса, енді бірі: «Бір күнде танымал болып кеттің бе?», «Жалған ақпарат тараған күндері сізге жазыл­ған едім. 6500 «подписка» еді, қазір 16 мың. Біздің халық өсекке жақын ғой, шіркін!», «Күшті хайп жасап берді сізге...», «Бір-ақ сәтте жұлдыз болып шыға келдіңіз! Үндемей отыра беру керек еді бір апта» деп таңданыс білдірді.

 

Сондай-ақ «Жастау жігіт жоқ болды ма?», «Жұрт не десе де таңдау өзіңіздікі. Болат ағамен бақытты болыңыз!», «Бір ойым өтірік дейді, бір ойым шын дейді. Қайсысына сенерімді білмей, сені қатты қызғанып тұрмын» дегендер де кездесті. Оларға Гүлденнің өзі: «Ол – менің ағам, әкем десем де болады» деп қысқа жауап қайтарған.

 

Желі оқырмандарының арасында әнші қыздың сұлулығына сүйсініп, оған сәттілік, бақыт тілеп жатқандар да аз болмады.

 

Осымен ел арасында желдей есіп, жылдам тараған бұл әңгіменің нүктесі қойылған сияқты. Десе де елді елең еткізген өсек әңгіменің арқасында жұртшылық жас қыздың өзімен ғана емес, өнерімен де таныс болып қалды. Әлеуметтік желінің «құдіреті» қандай десеңші... 

 

М. ШЫНҰЗАҚ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ