Мұнай, бензин, теңге, салық...

20.01.2020
Қаралды: 182

Қымбатшылықтың қарапайым халықты қыспаққа алып келе жатқанына біраз болды. Алдағы уақытта мұның бір тоқтамы бола ма, әлде осылай кете бере ме? 2020 жылы экономикамызда қандай өзгерістер орын алар екен? Бұл сұрақтарға жауапты біз белгілі экономист Арман Байғановтан алған едік. Ол 2020 жылға қатысты былай деп отыр:

 

– Доллар бағамына мұнайдың бағасы қашанда бірінші әсер етеді. 2020 жылы мұнайдың бағасы бареліне 65-70 долларды құрауы мүмкін. Мұндай кезде теңге де уақытша тұрақтайды. Бірақ соған қарамастан 2020 жылдың соңына дейін доллар басқа да инфляциялық жағдайларға байланысты 400 теңгеге дейін өседі деген болжам жасап отырмын. 

 

Бензин де қымбаттауы мүмкін. Ресейде «АИ-93» маркалы бензиннің литрі біздің курспен есептер болсақ, 250-260 теңге. Соған сәйкес Қазақстанның 160 теңгелік бензиніне ресейліктерден сұраныс жоғарылап, оны жасырын жолмен сатып алушылар көбеюде. Осыдан елде жанармай тапшылығы орын алмас үшін Үкімет бензин бағасын көтеруге мәжбүр болады. Ол 10 теңгеге көтеріліп, 170-175 теңге болса да мәселені шешпейді. Ресейден сұраныс болмауы үшін біздегі бензин бағасын 190-200 теңгеге дейін көтеру керек болады.

 

Бұл жылы рубль тағы қымбаттауы мүмкін. Мен осыдан екі жыл бұрын рубль бағамы 6 теңгеден асады деген едім. Ол кезде рубль 5,5 теңге шамасында болған. Қазір солай қарай кетіп бара жатыр. Рубль өссе, Ресейде бензин бағасы да жоғарылайды. Сондықтан бізде бір-екі жылдың ішінде «АИ-93» маркалы бензиннің литрі 190-200 теңгеге жетуі мүмкін. Ал бензин бағасы қымбаттаған соң, өздеріңіз білесіздер, инфляция болады, тауарлар да, жолкіре де қоса қымбаттайды, – дейді ол.

 

Сонымен қатар Арман мырза еліміздегі салық мөлшерінің де теңге құнына байланысы бар екенін айта кетті.    

 

– Қазір экономикамызда да өзгерістер болып жатыр. Кіші және шағын бизнестерді салықтан босатты. Қаржы министрі бұдан бюджетке түсетін қаржы көлемі 200 миллиард теңгеге дейін қысқарады деп жоспарлап отыр. 

 

Ал менің болжамым бойынша мемлекеттік бюджет көлемі 200 миллиард емес, кем дегенде 300-400 миллиард теңгеге дейін кемуі мүмкін. Олай деуімнің себебі бар. Негізінен қазынаға қаражат ірі және орта бизнестен түседі. Бірақ олар осындай жеңілдікті пайдаланып, орта кәсіпті шағын кәсіпке ауыстыра бастауы мүмкін. Яғни өз кәсібін бірнеше шағын кәсіп түріне бөліп тастап, оны туыстарының атына жаздырып қоя салады. Нәтижесінде бюджетке түсетін салық азая бастайды. Бюджетке ақша түспеген соң теңгенің де құны төмендей бастайтыны заңдылық. Оған жол бермеу үшін осы үш жыл мораторий кезінде орта кәсіп болып тіркелгендер шағын кәсіпке ауыса алмайды деген тыйым болуы керек шығар. Сонда бюджетке келетін шығын мөлшері көп болмауы мүмкін. 

 

Негізі ТМД елдерімен салыстырғанда Қазақстанда салық көлемі аздау. Мәселен, Ресейде қосымша құн салығы 20 пайыз болса, бізде 12 пайыз. Табыс салығы оларда 13, бізде 10 пайыз. Оларда салық жоғары, соған сәйкес рубль да мықты.

 

Бізде бүгінде аз қамтылған, тұрмысы төмен отбасыларға арналған әлеуметтік бағдарламалар көбейіп жатыр. Ол да теңгенің құнына әсер етеді, – дейді ол.

 

...Сарапшы осылай болжам жасап отыр. Сонда бұл салықты көбейтіп, әлеуметтік төлемдерді азайту керек дегенге сая ма?

 

М. ЫБЫРАЙ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ