«Аралтұздың» өнімі өлімге душар ете ме?

22.01.2020
Қаралды: 361

«– Мынау не зат? Тұз ба? «Аралтұз» ба?

– Атырау қаласында, Арал тұзы.

– «Аралтұзды» Қытай сатып алған...

 

– «Аралтұзды» Қытай сатып алған дейді. Атыраудан алып жатырмыз. «Дина» базарынан. Осыдан басқа тұз жоқ дейді. «Аралтұз» деген мынау, міне... Ішінен «порошок» шығып жатыр. Дуст, дуст... Міне, көріп тұрсыздар ма? Осыны ашып қараңыздар, ішінде адамды өлтіретін дуст бар екен... Сразу өлтірмейді ол, жайлап-жайлап бауырды құртады екен... Көріп тұрсыздар ма?

 

Сенбесеңіздер, «Аралтұзды» ашып қараңыздар... Қандай тұз алу керек енді сонда?

 

– Тұз жоқ Атырауда.

 

– Болмайды ғой мынау дейтін. Тексерту керек мұны».

 

Дәл осы бейнежазбаның әлеуметтік желі арқылы тарағанына біраз уақыт болды. Бұл «Аралтұз» туралы алғашқы әңгіме емес. Осыдан біраз уақыт бұрын да аталған тұздың арасынан «әйнек шықты», «ұсақ таблетка табылды» деген видеолар тараған еді. «Компания Қытайға сатылып кетті» деген сөздер де сол кездері көбірек айтылған болатын.

 

Бұған байланысты компания ресми мәлімдеме де жасады. Онда: «Аралтұз» АҚ соңғы уақытта әлеуметтік желілерде таралып жатқан ақпараттың шындыққа сәйкес келмейтінін ресми мәлімдейді. «Аралтұз» тұзы құрамында табиғи минералдардан – эпсомиттерден және астраханиттерден тұратын табиғи ерімейтін тұнба бар, олар ағза үшін абсолют бейтарап болып табылады. Өңдеуге келіп түсетін шикізат – экологиялық таза. «Аралтұз» АҚ барлық өнімдерін ЕАЭҚ аумағында аккредиттелген тәуелсіз зертханалар тексереді, осы зертхана тиісінше сәйкестік декларациясын берген. Біз «Аралтұз» АҚ ас тұзының экологиялық таза болып табылатынын және әлемдік стандарттарға сай келетінін сенімділікпен мәлімдей аламыз», – деп көрсетілген.

 

Десе де әлгіндей бейнежазбалардың тарауы тоқтаған жоқ. Ел көңілі әлі де күпті. Аталған бейнежазбаға қатысты біз де «Аралтұз» компаниясының өкілдерінен жауап алуға тырыстық. Алдымен «Аралтұз» АҚ-ның PR-менеджері Айнұр Қожабекпен байланыстық. Ол: «Қайдан шыққан видео? Біз бұл туралы өзіміз де білмейміз, бірақ бәрі жалған ақпарат. Өнімдерімізде ешқандай зиянды заттар жоқ. Мүмкін бұл бәсекелестердің ісі болар», – деп жауап берді. Содан соң «Аралтұз» АҚ-ның әлеуметтік мәселе жөніндегі вице-президенті Нағашыбай Әуесхановпен әңгімелестік.

 

– Тұзды жайып қойып, мынау «порошок» деген сөз, қарапайым қазақ тілімен айтқанда, сандырақ әңгіме. Біз тұзды қазамыз, жинаймыз, жуамыз, майдалаймыз, кептіреміз, йодтаймыз. Тұзға сырттан қосылатыны тек йод қана. Тұздың ішінде эпсомит, астанит деген суда ерімейтін бір-екі элементтер бар. Олардың адам ағзасына еш залалы жоқ. Оның ішінде не нәрсе бар екенін білу үшін оны лабораторияда қарау керек. «Аралтұз» АҚ-ның жанында 40-50 адамы бар үлкен зертхана жұмыс істейді. Жалпы, бұл бір сауатсыз, дұрыс емес адамдардың айтқан әңгімесі. Бізді «Қытайға сатылып кеткен», «олай-былай» деп те жатыр ғой. Бізде 1200-ге жуық адам жұмыс істесе, соның ішінде бір түгілі, жарты қытай да жоқ. Мұнда істейтін азаматтардың барлығы – Қызылорда облысы, Арал ауданындағы Жақсықылыш кентінің тұрғындары. Инвесторымыз да, прези­дентіміз де қазақ. Алматыда кеңсеміз бар, сонда 20-30 адам жұмыс істейді. Ішінде бір-екі орыс бар. Басқа бөтен ұлт жоқ мұнда.

 

– Олай болса, мұндай әңгімелер неліктен тарап жатыр?

 

– Меніңше, бұл нарықтың «соғысы» болса керек. Бәлкім бізді біреулер нарықтан шығарып тастағысы келетін болар. Әлде біреулердің сауда-саттыққа таласы шығар. Біз тұздың сапасына сенімдіміз. Өзім де ішіп-жеп отырмын ғой. Қытайдың дәрісі қосылған болса мен неге аламын оны? Біреу келіп дәрі қоспақ түгілі, меке­менің аумағына бөтен адам кіре алмайды. 70-80 адамнан тұратын күзет бар. Бір адам аяғын аттап баса алмайды.

 

– Демек, мұның бәрі қауесет қой?

 

– Таза қауесет, ешқандай ғылыми негізі жоқ қауесет. Бұрын біз демократия болса деуші едік, қазір демократия деп кез келген адам аузына келгенін соғады. Бұл әркім ойына келгенін айтып жатқан демократиядан көріп жатқан азабымыз деп ойлаймын. 95 жылдан бері өнімде ешқандай өзгеріс болған жоқ. Енді теледидардан қарапайым халық көретін бағдарлама арқылы түсіндіргеніміз дұрыс болар деп ойлап отырмын. Себебі халықтың көңілінде күдік болмауы тиіс.   

 

...Н.Әуесханов мырза осылай дейді. Сондай-ақ кәсіпорынның өндірістік зертхана және техникалық бақылау бөлімінің бастығы Қазына Жаңғылышева да өз пікірін білдірді.

 

– Соңғы уақытта әлеуметтік желі­лерде «Аралтұз» өнімі туралы нега­тивті бейнероликтер тарап кетті. Ондағы тұжырымдар тек көзбен көріп, қолмен ұстау арқылы ғана сипатталған. Оның жалған екенін мәлімдегім келеді. «Тұздың құрамына дуст, аспирин қосылған» деген сөздер бар. Ол ешқандай да дуст емес, ешқандай қоспа жоқ. Оның ішіндегі ақ түсті зат – технологиялық процестер барысында майдалау станогынан өткен кездегі езіліп шыққан ақ тұз. Сіздерге айтарымыз, «Аралтұз» – стандартқа сәйкес табиғи өнім. Оған 100 пайыз кепілдік береміз. Сондықтан да қорықпай пайдалана беруге болады, – дейді ол.    

 

Айта кетейік, «Аралтұз» – 1925 жылдан бері жұмыс істеп келе жат­қан еліміздегі тұз қазу мен оны өңдеу бойынша ең ірі кәсіпорын. Оның өнімі тек Қазақстанның ғана емес, ТМД елдерінің аумағына да таралады. Жылына 450 мың тонна тұз өндіретін компания қазіргі таңда 1200 адамды жұмыспен қамтып отыр.

 

М. ӘМІР.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ