Болат Назарбаевтың 20 жастағы қызға үйленгені рас па?

20.01.2020
Қаралды: 201

Соңғы жылдары ел арасында Елбасы Н. Назарбаевтың інісі Болат Назарбаев туралы сөз көбейіп тұр. Оған Б. Назарбаевтың еліміздің бірқатар аумақтарында өзінен тараған балалардың тойларын дүркірете өткізуі себеп болып отыр деген дұрыс шығар.

 

Естеріңізге сала кетейік, тек өткен жылдың өзінде ғана ол кісі осындай екі той өткізген болатын. 2019 жылдың тамыз айында Шығыс Қазақстан облысының  Үржар ауданына қарасты Көктерек деген ауылда ұлан-асыр той берген. Той оның Еркежан есімді қызының 1 жасқа толу құрметіне жасалған, яғни тұсаукесер тойы еді. Тойға 45 миллион теңгеден аса қаржы жұмсалған. Осының 21 миллионына 7 «Лада Гранта» көлігі алынған болатын. Одан бөлек, 1000 лотерея тегін таратылып, әртүрлі заттай ұтыстар қойылған. Тойға көптеген эстрада жұлдыздары қатысқан. Ол тойда баланың анасы аталған ауданның тумасы деп айтылған еді. Яғни Б.Назарбаев тойды қайын жұртында берген болатын.

 

Арада көп өтпей, 2019 жылдың қазан айында Б.Назарбаев Болат есімді ұлының туған күніне және сүндеттелу құрметіне арнап тағы да бір үлкен той өткізді. Бұл жолғы той елдің  оңтүстігінде – Түркістан облысының Шардара ауданында болып өтті.

 

Онда барлығы 25 жұп салым тігілген аламан көкпар берілді, салымға 7 «Нива» автокөлігі, 300 мың, 500 мың теңгеден ақшалай сыйлықтар тігілді. Б.Назарбаев тойда бата берген ақсақалға қалтасынан 1000 доллар шығарып берген.

 

Бұл жолы Б. Назарбаевтың қайын жұрты Сүткент ауылынан деп айтылды. Ол кісі той кезінде аталған ауылдағы тұрмысы төмен бірнеше отбасыға 500 мың теңгеден және 1 миллион теңгеден ақша үлестірді дегенді де естігенбіз. (Біз бұл екі той туралы газетімізде егжей-тегжейлі жазғанбыз).

 

Жалпы, Б. Назарбаевтың жасаған тойлары туралы ел ішінде желдей есіп айтылып жүрді. Ара-арасында «тағы да той өткізіпті», «тағы да әйел алыпты» деген сияқты сөздер таралып жатты.

 

Осындай әңгіменің бірі таяуда тағы да елді елең еткізді. Әлеуметтік желіде «Б. Назарбаев 20 жастағы қызға үй­леніпті», «21-ші мәрте үйленіпті» деген сөздер таралды.

 

Осыған қатысты жарияланған су­реттердің бірінде Б. Назарбаев біраз адаммен бірге үстел басында отыр, оның артқы жағында бірнеше адам түрегеп тұр. Оған қатысты аудиожазбада былай деп айтылады:

 

«Болат Назарбаев біздің Бақанасқа күйеу бала болыпты. Желтораңғының 20 жастағы қызын алып жатқан көрінеді. Анау ақ көйлектегі қыз. Кеше «проводын» жасапты. Ортасында отырған – Болат, сол жағында Бақанастың әкімі Смағұлов отыр».

 

Осыған байланысты жүктелген тағы бір суретте Б. Назарбаев үш жас қыздың ортасында тұр.

 

Тағы бір бейнежазбада қызды шығарып салуға жиналған бір топ адамның оған сырға тағып жатқаны түсірілген. Біреулер: «Үкілі кәмшат, бүрмелі көйлек...» – деп қосыла әндетіп жатыр.

 

Бұл жайға байланысты таралған бір аудиожазбада  мынадай деп айтылады:

 

«Қыз Желтораңғынікі. 25 жаста. Алматыда ән салады екен. «Өзім алмаймын, балама» деп айтты дейді. Бірақ өзі алып жатқан сияқты дейді. Соған аудан әкімі, бәрі отыр ғой «Ақ отауда». Сол жерде келісім жасасқан ғой. Бермеймін деген екен, «бересің, еще как бересің!» депті. Жағдай жасаймын, бәрі де болады депті дейді».

 

«Болат Назарбаев Қақпақтыға келген бе деймін? Әртістермен, концерт қоюға келіпті дейді ғой. Содан Бақанастағы «Ақ отауға» апарып күтіпті әкімдер. Ана ақ кофтадағы жап-жас қыз Назарбаевтың әйелі дейді. Қызға үй сыйлаған, әкесіне джип машинасын мінгізген дейді. Сондай жаңалық болып жатыр. Қаскелең-Топардың қызы дейді ғой.

 

Бәсе, ана жерде орамал тағып тұрған – Топардың қызы. Менің қайнымның інісінің әйелі. Соны танып тұрмын да.

 

Осы ақ кофталы қызды Қаскелең-Топардың қызы дейді ғой. Жап-жас қыз дейді. 21-ші әйелі дейді ғой. Сондай «сообщение» келіп жатыр. Жаңалық сол», – дейді тағы бір аудиожазба жүктеген әйел.

 

Осы суреттер мен видеолар әлеуметтік желіден жиі бой көрсетумен болды. Оған қатысты өз көзқарасын білдірген адамдардың түрлі пікірлері де жарияланып жатты.

 

Ал арада бірер күн өткесін бұл жайды теріске шығарушылар бой көрсете бас­тады. Солардың бірі былай деді:

 

«...Ақ кофтада отырған – менің кластасым Жансаяның қызы Гүлден. Оны Болат Назарбаев алайын деп жатқан жоқ. Болат Назарбаев Бақанасқа баласы үйленетін бір қызға сырға салуға барған. Суретте Гүлденнің жанында отырған – Болат Назарбаевтың әйелі, Гүлденнің продюсері екен. Гүлім тәте, Мараттар – барлығын кафеге шақырған, сурет сол жерде түсірілген.

 

Бүкіл интернетте ол Гүлденге сырға тағуға барды деп өсек болып жатыр екен. Бұған сенбеңіздер! Жансаяның қызы оған тимейді!»

 

Аудиожазбада алқына сөйлеген әйел осылай дейді. Өзі әкімдікке көпбалалы ана ретінде үй алу үшін құжат тапсыруға асығып бара жатыр екен. Желіде таралған хабарды көре салып, мән-жайды түсіндіруге кіріскенін айтады. «Жұрттың бәріне түсіндіремін деп жағым талып кетті», – дейді ол.

 

Сондай-ақ бұл әңгімеде аты аталған Гүлден есімді қыз да (фамилиясы Сағатова екен) өзінің «Инстаграмдағы» жеке парақшасында жұртшылыққа арнап үн қатты, ол да өзіне қатысты айтылып жат­қан сөздерді жалғанға шығарды.

 

«Құрметті оқырмандар! Сіздерге айтарым: Ешқандай үйлену, ешқандай сыр­ға салу болып жатқан жоқ мұнда. Фотода – ағам мен жеңгем, менің өнерімнің жанашырлары. Сол кісілердің арқасында өнер­де қалықтап жүрміз. Енді, қазақ бол­ған соң сый-құрмет көрсетеміз ғой, бір шәугім шайымызбен құрметтеп шақырып едік, бүкіл Қазақстан жар салып, арты осылай болыпты. Олай болмайды, өтірік-өсекке сенбеңіздер!

 

Видеодағы қыз да мен емес. Ұзатылып жатқан – мүлде басқа қыз.

 

Иә, сол жерде де ағамыз жүр, бірақ шындығы сол. Суретте – менің ата-анам, елдің құрметті азаматы Болат ағам және қасындағы сүйікті жеңгеміз Динара. Бұл кісілер тек менің өнерімнің жанашырлары. Қазір мен үшін екінші анам мен әкемдей болған кісілер.

 

Жалған ақпарат таратуды доғарыңыздар!» – дейді ол.

 

...Міне, соңғы бірер күнде әлеуметтік желілерде кеңінен таралып, жұрттың тал­қысына себеп болған фотосуреттер мен видеожазбалардың нақты жай-жапсары осындай көрінеді. Қалай бол­ғанда да Б. Назарбаев бүгінгі күннің аңыз-адамына айналып тұр. Жұрт ол кісі туралы не айтылса да сене беретін болды. Екі ортада іске қатысы жоқ талай жандар пікір білдіріп, айтысып-тартысып, эмоцияларын бір шығарып барып басылды.

 

Жалпы, бұл оқиғаны не деп бағалауға болады өзі?

 

Т. ТҰРАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ