Адамдар ұшақта жанын шүберекке түйгендей болып отырмаса екен

16.01.2020
Қаралды: 243

Өткен жылдың соңында Алматыда болған, 12 адамның өмірін қиған ұшақ апатына байланысты жұртшылық арасында сөз көп. «Қазіргі мамандардың кәсіби деңгейі төмен», «мықты кадрлар жетіспейді», «Азаматтық авиацияда қызмет етіп жүргендердің көбінің арнайы мамандығы жоқ», «біздегі авиацияның оқу-жаттығу базасы нашар» деп апат себебін сан-саққа жүгіртіп жатыр.

 

Біреулер бұл салада жеке­меншік компаниялардың  жүргенін алға тартып, «олар қауіпсіздікті қамтамасыз етуден гөрі пайда табуға көбірек көңіл бөледі» дегенді айтады. «Әркімнің қолынан шыққан ескі ұшаққа тәуелді болмай, қашан өзіміз сапалы ұшақ шығаратын заманға жетер екенбіз?» – деп жатқандар да бар.

 

Расында да кейінгі жылдары елімізде ұшақ, тікұшақ апаттарының жиілеп кеткені рас. Әр жылы дерлік екі-үш оқиға орын алады. Олардың бірқатарында апат се­бебі экипаж қателігінен деп көр­сетіледі. Техникалық ақау, ауа райының жайсыздығы да негізгі себептер ретінде айтылады. Ал ке­шегі «Фоккер-100» ұшағының әуеге көтерілмей жатып апатқа ұшырауына не себеп болды екен?

 

...Жалпы, «Фоккер-100» ұшақтарының Қазақстанға әкеліне бастағанына биыл жетінші жыл тол­ғалы отыр. Біздегі «Bek Aіr» компаниясы мұндай әуе көлігінің  алғашқысын 2013 жылы сатып алыпты. Бүгінде «Bek Aіr» компаниясында осындай 8 ұшақ бар, олардың 6-уы ішкі бағыттарда қызмет көрсетеді.

 

Ал Нидерландыдағы «Фоккер» зауыты «Фоккер-100» ұшақтарын шығаруды 1986 жылы бастаған екен. Бұл әуе көліктері жолаушы тасымалына тұңғыш рет 1988 жылдың сәуір айында кіріскен. Аталған зауыт 11 жылда 283 ұшақ жасап шығарыпты. Яғни ол «Фоккер-100» ұшағын жасауды 1997 жылы тоқтатқан. Бүгінде әлемнің бірқатар елдерінде қызмет көр­сетіп жүрген мұндай ұшақтар бұ­рын қолданыста болған тран­спорт­қа жатады. Оларды бір ел екінші елден сатып алады немесе оны иемденгесін басқаларға лизингтік пайдалануға беріп табыс табады.

 

Мысалы, өткен 27-желтоқсанда апатқа ұшыраған «Фоккер-100» ұшағы (борт нөмірі №UP-F1007) 1996 жылғы сәуір айында жасалған екен. Ол содан бері бірнеше шетелдік компаниялардың менші­гінде болған. 2013 жылдың шілде айында Қазақстандағы оралдық «Bek Aіr» жекеменшік компаниясының иелігіне өткен. «Bek Aіr» оны 2016-2017 жылдары ауғанстандық екі компанияға лизингтік қолданысқа берген. Сондай-ақ бұл ұшақты 2018 жылдың желтоқсанынан 2019 жылдың 15-шілдесіне дейін джибутилік бір компания пайдаланып келіпті.

 

Кейбір сарапшылардың аузынан мұндай ұшақтардың жарамдылық мерзімі 20 жылдан аспайды деп те айтылып жатыр. Енді бір сарапшылар күтімі жақсы болса, «Фоккер-100» ұшағын одан да ұзақ уақыт пайдалануға болады дегенді айтады.

 

Ал оқиға орын алған күні-ақ апаттың «экипаждың немесе навигациялық топ жұмысының қате­лігінен, немесе техника ақауынан болуы мүмкін» деген алғашқы бол­жамдар айтылғаны белгілі. Осының бәрі адамды сан түрлі ойға салмай қоймайды.

 

«Фоккер-100» ұшақтары қызмет көрсетуді бастаған 1988 жылдан бергі 30 жылда 17 мәрте апатқа ұшырапты. Түрлі мемлекеттерде орын алған осы оқиғалар кезінде 183 адамның өмірі қиылған.

 

2016 жылы Қазақстанда ұшақтардың қауіпсіздігін тексеретін халықаралық қауымдастықтың ау­дитінен міндетті түрде өтуін көз­дейтін талап енгізілген. Сол кезде «Bek Aіr» компаниясы оны заңсыз деп, бұған қатысты Бас Прокуратураға шағымданған, кейін ондай аудиттен өту жөніндегі ереже күшін жойған еді.

 

Ал сол жылы 27-наурызда Ас­танада бортында 121 адамы бар «Фоккер-100» ұшағы (№UP-F1012) апатқа ұшырай жаздаған болатын. Алдыңғы дөңгелегі ашылмай қалған ұшақ алаңға тұмсығымен жер сүзе әзер қонған. Содан кейін мұндай ұшақтарға толық тексеруден өтпей ұшуға тыйым салын­ған еді.

 

2018-жылғы ақпан айында «Ал­маты – Атырау» бағытында бара жатқан «Фоккер-100» ұшағында да техникалық ақау орын алып, ол Тараз қаласына қонуға мәжбүр болған.

 

Осының бәрі де ұшақ апатына техникалық жағдай себеп болды ма екен деген ойға жетелейді. Ал «Bek Aіr» компаниясының  өкіл­дері ұшақтың техникалық даярлығында кемшілік болмағанын айтады. Олар «Фоккер-100»-дің құлауына оның алдында ұшып шыққан ауыр ұшақтың екпінінен туындаған құйын себеп болуы мүм­кін деген болжам білдірді. «Ұшуға түбегейлі тыйым салынуы мүмкін» деп таралып жатқан сөз­дер­ге байланысты компания басшысы Нұрлан Жұмасұлтанов: «Он­дай жағдайда бізге басқа елге кетуге тура келеді», – дегенді айт­ты.

 

...Қалай болғанда да бұл апаттың негізгі себебін арнайы комиссия анықтайды. Талай жанға қайғы жұтқызып, денсаулығына залал келтір­ген мұндай сұмдық оқиғалар енді қайталанбаса екен.

 

Т. ТҰРАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ