Кәттақорғандағы ерекше емдеу орталығы жайлы естігенсіз бе?

16.01.2020
Қаралды: 1014

«Адамға шама келсе өлмеу керек, өлмеу үшін өмірге келмеу керек» деген бар. Жарық дүниеге келген екенсің, 12 мүшеңнің әрқайсысы уақыт өте сыр беретіні белгілі. Ал ондайда алдын-ала тексеріліп, «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздейін» деп қамданатындар өте сирек.

 

Сол сирек жандардың қатарында «Замананың» тұрақты оқырманы, жанашыры, шымкенттік Жұмаш Әуелбекова бар. Ол кісі таяуда Өзбекстанның сонау Самарқан облысына қарасты Кәттақорған дейтін өлкесіне барып, ем алып қайтыпты. Кешегі аптада біз Жұмаш ханыммен арнайы сөйлесіп, Кәттақорғандағы емдеу орталығы жайлы сұрап білдік.

 

«Кәттақорған дейтін шағын қала екен. Соның «Қазақауыл» деп аталатын массивінде  «Ергаш ата» деп аталатын емдеу мекемесі барын ағайындарымыздан бұған дейін есітіп жүретінбіз, – дейді Жұмекең. – Содан жаңа жылдың алдында емделіп, денсаулықты бір реттеп алайық деп шештік те, қызым мен немеремді алып жолға шықтық. Таңғы 9-дар шамасында Қапланбекке жетіп, алдын-ала келісіп қойған таксист жігітпен кездестік. Олар Кәттақорғанға адам жеткізумен арнайы айналысады екен. Біздің теңгемен 15 мың төлеп едік, діттеген жерге 4-тер шамасында жеткізіп салды.

 

Барғанша біраз қиналдық. Жолы нашар екен. Кәттақорған деген жер өте көне, тозығы жеткен қышлақ болып шықты. Халқының жұпыны тұратыны үйлерінен, көшелерінен байқалып тұр. Ал біз барған «Ергаш ата» емдеу орталығының ашылғанына 27 жыл болыпты. 52 жастағы Бердіқұл Ергашов дейтін кісі басқарады екен. Барған кісілерді алдымен тіркеуге алады. Сосын біртіндеп өзі қабылдап, тамыр ұстап, диагноз қояды. Ертеңіне қалауыңша УДЗ, МРТ секілді аппараттармен тексерілуге мүмкіндік бар. Бірақ біз өзімізді мазалаған сырқат түрін шамамен біліп барғасын, оны қажет етпедік. Өт, асқазан-ішек аурулары мазалайтынын, бастың жиі ауыратынын дәрігерге айттық. Ол кісі 32 түрлі шөптің сығындысы қосылған тұнбаға зәйтүн және миндаль майын араластырып берді. Онысын өздері «Малқан» деп атайды екен. Бара сала сіміріп алу керексің. Өмірінде май ішіп көрмеген мен секілділерге әлгі «Малқанды» ішу оңай болмады. Жүрек айнып, жаның мұрныңның ұшына келеді. Бірақ сонша жерден барған соң, амал жоқ, ем үшін шыдайды екенсің...»

 

Осыдан кейін Жұмаш ханымдар емдеу орталығынан сәл қашықта орналас­қан үш қабатты қонақүйге жайғасыпты. Күн сайын таңертең арнайы автобус қонақүйдегі адамдарды орталыққа алып келеді, екі сағат түрлі ем-шараларды қабылдап болғасын, жататын жерге қайта жеткізіп салады екен. Олар осылайша 12 күн емделіпті.

 

«Біз барғанда сол жердің қыз­меткерлері «Адам аз кезде келдіңіздер, жолдарыңыз болды» деп айтқан. Соның өзінде 2-3 мың адам ем қабылдап жатыр екен. Орын жетпегендер емдеу орталығының жертөлесіне де жата бе­ретін көрінеді. Таңғалдық. Былайша қарап тұрсаң, артық ештеңе жоқ, бәріне әлгі «Мал­қанды» береді, бүйрек пен асқазанға арналған шөп шайы бар. Сосын 15 минуттық массаж тағайындайды.

 

Арнайы үлкен залды «Нуга бест» секілді жаттығу құрылғыларымен жабдықтап қойған. Соған барасың. Болды. Ағза тазалауға келген кісілерге тамақ ішуге тыйым салын­ған. Алмадан жасалған арнайы шырын сатылады екен. Соны ғана ішесің. Күніне 2 литр шырын ішуге міндеттіміз. Бірақ бір қызығы, қарнымыз мүлдем ашпады. Сол жерде жатқан кісілерден естігенім, оған да арнайы бір емдік дәрі қосылады екен», – дейді Жұмаш ханым.

 

Әңгіме барысында Жұмекең бізге бір қызық жайтты айтып қалды. Әлгі орталықтың бас дәрігері Бердіқұл Ергашов ем­делушілердің бәріне «Малқанды» өзі ішкізеді екен. Оны тіпті қасындағы кө­мекшілеріне, мейірбикелеріне де сеніп тапсырмайтын көрінеді. Және оның ішінде нендей шөп бар, қалай дайындалады, оны да құпия сақтайды. Айтпақшы, сосын әр аптаның сейсенбі және бейсенбісінде адамдарды өзі арнайы қабылдап, «үш­кіреді» екен. Қамшымен, қанжармен дем салады. Бұл рәсім үшін ниет еткен теңгеңді қосымша төлейсің. Сосын құлақтың түбіне салатын екпесі бар. Оған өзбектің сумымен 10 мың бересің. Нендей екпе, қай жақта жасалғаны құпия сақталады.

 

«Құлақтың түбіне салған «укол» мықты дегесін салдырып көріп едім. Жаным шыға жаздады. Басым екіге жарылып кеткендей ауырды. Ал басқа біреулерден сұрастырсам, керісінше, «көзіміз шайдай ашылып, ұйқымыз тынышталып қалдық» деп айтты. Ал дәрігердің өзі «Демек, сізде прогресс бар, ем жүріп жатыр» деп қысқа қайырды. Бірақ екінші құлаққа салдыруға жүрексіндім, – дейді Жұмаш ханым. – Ал енді қызым мен немерем туралы айтайын. Әуелі Алла, сосын әлгі «Малқаннан» кейін қызымның өтінен бір уыс тас түсті. Сосын әлгі ел айтып жүрген паразиттерді де байқадық. 12 күн ішінде әжептеуір жеңіл сезініп, ішкі құрылысында өзгерістер байқалды. Немереме де жақты. Бәріміз 5-6 кило салмақ тастадық. Бірақ соңғы күндері өзімнің тым әлсіреп қалғанымды байқадым. Бойымда қуатым болмай қалды. Сосын сол жердегі диеталық дәмханалардың біріне кіріп тамақтанып, күш жинап алдық».

 

Кейіпкеріміздің айтуынша, Кәттақор­ғандағы бұл жерге Қазақстаннан, әсі­ресе Ақтөбе, Атырау, Алматы облыстарынан барып емделушілердің қатары тым көп екен. Тіпті жыл сайын осында келуді әдетке айналдырған кісілер де кездесіпті.

 

«Біз барғанда үлкен бір ғимарат салынып жатқан еді. Сол жердегі емде­лушілерден естігенім, әлгі құрылысқа атыраулық бір бақуат кісі демеушілік жасап жатыр екен. Әйелі қатерлі ісікке шалдығып, талай жерге тексе­ріл­генімен, шипасы осы «Ергаш атадан» табылыпты. Оның қаншалықты рас немесе өтірік екенін білмедім, адамдар солай деп айтты. Бұл орталыққа рак ауруының алғашқы сатысында барып емделсе, айығып кетуге мүм­кіндік бар көрінеді. Тіпті таяуда қатерлі ісіктің 3-сатысындағы бір әйел барып, дертіне шипа тауыпты. Бердіқұл дәрі­гердің бақылауында, 46 күн бойы қатаң ережемен емделіпті деп сол жердегі кісілер жарыса әңгімелеп берді.

 

Ал енді көзбен көргенімді айтайын, Батыс жақтан барған бір жігіт псориаздан құлан-таза айығып кетті. Бармаған жері, баспаған тауы қалмаған екен. Үстіндегі жаралары қабыршақтанып түсе бастағанда қуанышы қойнына сыймай, бәріне әңгімелеп берді», – дейді Ж.Әуелбекова.

 

Кез келген нәрсенің белгіленген бағасы бар. «Ергаш ата» емдеу орталығында ем алудың бір күндік құны біздің ақшамен 8 мың теңгені құрайды екен. Ал егер 5-10 адам болып топталып барсаңыз, 5 мыңға дейін түсіруге болатын сияқты. Оның сыртында әлгіндей «үшкіруге», құлаққа екпе салуға, шырын сатып алуға кеткен шығындарды да қосыңыз. Қысқасы, арзан ештеңесі жоқ сияқты. Соған қарамастан қызмет көрсету сапасы көңіл көншітпейді, санитарлық тазалық сақталмайды», – дейді Жұмаш ханым.

 

...Әр адамның ағзасы әртүрлі. Біреуге жаққан ем екінші адамға кері әсер етуі мүмкін. Сондықтан біз Кәттақорғандағы бұл мекеме керемет екен, бәріне бірдей шипалы деуден аулақпыз. Тек көрші елде осындай ерекше емдеу орталығы барын, ондағы жағдайды жерлесіміздің айтуымен оқырмандарға жеткізсек дедік. Бұдан тиісті ой түю өз еркіңізде, құрметті ағайын! Ауырмаңыздар!

 

С. МАҚҰЛБЕК.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ