Ақжарқынға баршамыз араша сұрайық

15.01.2020
Қаралды: 161

Ақжарқын нақақ күйді. Албырт жастығынан. Он екіде бір гүлі ашылмаған жас қой, бір арамзалардың құрбаны болды, алданып қалды.

 

Әке-шешесі тұңғыш қызының қамын ойлап, үміттерін үзбей күтіп жүр. Гуанчжоу түрмесінде жұмыс істеп жүріп, қытай тілін үйреніп алған қабілетті, ақпейіл қызымыз қайсарлығының арқасында жан мен тән азабына шыдап бағуда.

 

Тұтқындарға қоқыс қалдықтарынан тамақ жасап береді екен. Соны жегізбейміз деп Ақжарқынның анасы Зуһра Сейтімова бірнеше мәрте несие алған, тіпті үйлерін де сатып жіберген, өздері баспана жалдап тұрып жатқан көрінеді.

 

Ақжарқынның ісімен Қазақстан Үкіметі, Президент пен Елбасы жақсы таныс. Ақжарқынның анасы Тоқаевқа хат жазған, ол хатпен таныс екен, өзі бір ретінде қандасымызға араша түскендей болған, алайда оң нәтиже шықпады. Бұл іске мән беріп, шындап кіріспесе болмайды. Қытай жағы босаңдықты байқап отыр. Біздің тарап талап ете білсе, табандылық танытса, әлемдік күштердің ықпалдастығына сүйенсе, шешілмейтін дау, алынбайтын қамал жоқ.

 

Қазақ халқы 23 жастағы Ақжар­қын Тұрлыбайдың нақақ отырғанын сезіп, біліп, оның ақтығына сеніп отыр. Ең болмағанда жазасын елге, қазақ жеріне ауыстырса екен деп те тілеушілер көп. Қытай Құдайдан күшті емес, ол да Құдайдың құлы, оларда діни сенім болмаса да адами түйсік бар болар. Бір кілтін табуға болар, тек біздің жақ – адвокаттар, елшілік, Үкімет, Президент пен Елбасы осыған мық­тап кіріссе екен!

 

Қаршадай қазақ қызына араша түсе алмаймыз ба? Ел емеспіз бе? Мемлекет емеспіз бе? Ар-намыс, ұятымыз қайда? Алланың алдына барғанда қай бетімізбен қараймыз?

 

Абзал пайғамбарымыздың бірі саналған Ибраһимді отқа салғанда қарлығаш қанатымен су сепкен, құмырсқа аузымен су тасыған екен. «Алапат өртті осы әрекеттеріңмен сөндіреміз деп ойлайсыңдар ма?» – дегендерге: «Өртті өшіре алмайтынымызды білеміз, бірақ ертең қиямет-қайымда Алла-тағала пай­ғамбарларыңды өртеп жатқан кезде сендер не істедіңдер деп сұрап қалса, қайтеміз? Сондықтан Алланың қаһарына ұшыраудан қорқып, осылай өзімізше су тасып жүрміз», – деп жауап берген екен. Ал біз ше? Біз не істеп отырмыз? Ең құрығанда ниетте бір болайық, дұғада бір болайық. Алла ақ ниетке береді. Бәлкім біздің бұл арашамыз шын арашаға айналар. Алла арғысын жеткерер. Аллаға бұл іс оп-оңай.

 

Ақжарқын бар қазақтың қызындай тұлымы желбіреп өспеді ме, ата-анамды қуантамын, жар сүйемін, ана боламын деп армандамады ма – армандады, әлі үмітті, алайда нақақтан, қара ниетті біреулердің кесірінен осындай ауыр сынға тап болды. Оны Алланың берген рухы, рахымы, өмірге деген сенімі ұстап тұр. Егер ол шынымен қылмыскер болса, бес жылда шаруасы бітіп кеткен болар еді. Жоқ, Ақжарқын бес жылда қытайша үйренген, үйіне хат жазған, яғни өмір үшін, бостандық үшін күрескен, әлі де күресуде. Оның жұдырықтай жүрегі үмітке толы, алдағы күнге сенімі бар.

 

Қылмысты саналы түрде жасаған адамда мұндай қажыр-қайрат болмайды. Ол айып мойнына қойылып, сот үкімі шыққанын білген бойда-ақ ар-ұжданы өзін жазғырып, іштей жегі ойдан іріп-шіріп құри бастайды, өз-өзін жеп бітеді. Өз-өзіне қол жұмсап, өлтіруге де барады. Ақжарқын бес жыл ішінде мұны істеген жоқ. Өйткені ол таза, ешқандай да қылмыскер емес. Атына заты сай бейкүнә қазақ қызы. Бар айыбы – алдан­ғаны. Сондықтан біз енді оны анау-мынау деп жазғырғанша, Алладан пана сұрайық, адам қалпымызбен тілеу­қорлыққа жарайық, Ақжарқын арқылы біз де сынаққа ұшырап жатқанымызды жан жүрегімізбен сезінейік!

 

Ақжарқын қызымыз да мұсылман баласы, ата-анасымен, арғы ата-бабасымен мұсылмандар, пайғамбарымыз Мұхаммедтің үмбетінен. Ендеше бір Алланың атымен өз бауырымызға, қаршадай қазақ қызына, қандасымызға араша түсейік!

 

Ақжарқынға – араша! Араша! Араша!

 

Мұнайдар БАЛМОЛДА.

Орал қаласы.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ