Екі қазақ, бір орыс құлы бар екен...

15.01.2020
Қаралды: 322

Таяуда қой сатып алуға Нұр-Сұлтанның сыртындағы бір ауылға бардым. Мекен-жайды тауып барсам, 40-50 қойы бар, 200-300 тауығы бар, бордақылаған жабағылары тізіліп тұрған күрді әйел есік ашты.

 

Қазақшасы судай. Саусағы мен құлағында – алтын. Ауқатты екені көрініп-ақ тұрды.

 

Көзімнің қырын салсам, ауласында үш жігіт қызмет етіп жүр. Бір орыс, екі қазақ. Үшеуі де сол жерде «времянкада» тұрады екен. Ішімдікке қатты салынып кеткені ісіген беттерінен байқалып тұрды.

 

Қойды бір қазақ сойды, екінші қазақ ішек-қарын тазалады. Орыс «паяльникпен» бас үйітіп, арасында су тасып тұрды. «Қайдан келген жандар?» – деп сұрап едім, күрді әйел: «Алматыдан әкелдім, әйелдері үйінен қуып шыққан», – деді.

 

Қойды сойғаны – Октябрь деген қазақ. Көзінде нұр жоқ, адамға тіке қарай алмайтын, қолында кісен болмаса да құлдық тағдырына бас иген жан болып көрінді. Күрді әйелдің дауысынан шошып қалған. Аянышты реализм. «Қазақ – бомж» деген ұғымды жүрегім қабылдағысы кел­мейді екен...

 

Әйелге тоқтының құны – 40 мың теңгені беріп, бас үйіткен орыс пен ішек-қарын тазалаған қазаққа 500 теңгеден, қой сойғанға 2500 теңге тө­ледім. Бірақ жігіттердің ақшасын үй иесі – әйел жинап алды. «Неге өздеріне бермейсіз?!» – деп жұлқынып едім: «Времянкаға қарыз», – деп кесіп айтты.

 

Құл ұстайтындарды естіген бір бөлек, көрген бір бөлек екен.

 

Самат НҰРТАЗА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ