Марапат алу жолындағы қулық-сұмдықта алдымызға жан салмайтын болдық

15.01.2020
Қаралды: 243

«Қазақстанның пәлен жылдығы», «Ата заңның түген жылдығы», «Пәлен салаға еңбегі сіңген қайраткер», «Түген салаға қанды тер төккен үздік», «Аңырақай шайқасында жебе жонған ардагер» деген секілді марапаттарға ие болып жатқандардың тізімін қарап шықсаңыз, марапат­қа ие болғандардың үлкен бөлігі «порох иіскемеген» шенеуніктер екеніне көз жеткізуге болады.

 

Мәселен, мектепте бір күн жұмыс істемеген «ҚР білім беру ісінің үздіктері» арамызда өріп жүр.

 

Мысал үшін, газетке «Пәленбай облыстың әкімдігі «Шүршітқырылған» төбеге гүл шоқтарын қойды» деп ақпарат берген журналистер «Қазақ мемлекетінің 5500 жылдығы» медалімен марапатталып жатқанын көрдіңіздер.

 

Ең бастысы, әлгі «мұңлықтар» кәдімгі еңбегі сіңген ардагердей, марапаттан бас тартқанын көрмедік.

 

Бірақ қалай бас тартсын? Жанын жалдап, тамыр-таныс жағалап, сый-сияпат ұсынып жүріп өзі әзер жетсе.

 

...«Бүргенің аяғын көрген» немістер соғыс жылдарында марапатты оңды-солды тарата бермепті. Марапаттау бірнеше санатпен жүзеге асырылған. Ең жоғары атақ алу үшін міндетті түрде алдыңғы шептегі ұрыстарға қатысу керек болған.

 

Штабтағылар ең соңғы санатпен ғана есепке алын­ған.

 

Өздері біртүрлі халық. «Мерседесті» ойлап табуға бастары жеткенімен бізге жету қайда оларға? Біздің қулық-сұмдыққа дүниедегі немістен де ақылды ұлттар ілесе алмай қалды.

 

Бізді «жартылай жабайы» деп жүрген Бораттың жағын айыру керек.

 

Өмір ШЫНЫБЕКҰЛЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ