«Крысалар» кеміп, елге еңбек ететіндердің қатары көбейе бергей!

15.01.2020
Қаралды: 170

Баяғыда түрмеде авторитеттер («ворлар», түрмеде авторитеттердің бәрі «ворлардан» болған) карта ойнап отырғанда егеуқұйрық нанның қиқымын тістеп, қаша жөнеліпті. Байқап қалған біреуі оны жалма-жан етігімен ұрып өлтіріпті. Бәрін мұқият қарап отырған ең беделді ұры ілік іздеп:

 

– Сен ұрысың ба? – деп егеуқұйрықты өлтірген ұрыға сұрақ қояды. Ол:

– Иә, – деп жауап береді.

– Крыса келді. Нанның қиқымын ұрлады. Ол да ұры емес пе? – дейді.

– Иә... – деп қарсы уәж айта алмайды.

 

– Ол ұры болса, онда неге өз бауырыңды өлтірдің? Ол да сен сияқты ұрлап күнін көріп жүр емес пе? – деп жоқ жерден басын бәлеге тығып жібереді. Егеуқұйрықты өлтірген кісі жауап таппай, үнсіз қалады. Қалған авторитеттер: «Сен өз бауырыңды өлтірдің!», «Енді бұл әрекетіңе жауап беруің керек! Саған екі күн уақыт береміз», – деп қатаң қыспаққа алады.

 

«Пәлен деген авторитет өз бауырын нанның қиқымы үшін өлтіріпті» деген сөз бүкіл түрмеге тарайды. Межелі уақыт жетіп, ең беделді авторитеттер жиналып:

 

– Бауырыңды неге өлтірдің? – деп сұрақтың астына алады. Айыпталушы:

 

– Крыса – ұры. Мен де ұрымын. Екеуміз бауырмыз. Бірақ оған менімен бір дастарханда отырып ас ішу западло ма? Ол неге өз бауырынан ұрлайды?! Мен соны түсінбедім, – деп ақталған екен. Ұтымды жауабына риза болған авторитеттер айыпталушының арқасынан қағып, ризашылығын білдіріпті-міс. Осы оқиғадан кейін «общактан» тиын жымқыратындарды «крыса» деп атайтын болған деседі.

 

P.S: Бұл жылда елімізде адам «крысалардың» саны азайып, ұлт үшін еңбек ететін азаматтар көп болғай!

 

Аяз БИ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ