Әжелер өз өнерін көрсетті

13.01.2020
Қаралды: 304

Шымкент қаласындағы С.Ерубаев атындағы №24 мектеп-гимназиясында «Әже – өнегесі, өресі, өнері биік тұлға» деп аталатын сайыс өтті.

 

Бұл шараны Шымкент қалалық ардагерлер кеңесі әжелер алқасының төрайымы Шарапат Қожахметқызы ұйымдастырды. Біз аталған байқауға қатысты ол кісінің пікірін білген едік. 

 

– Жастарды барлық прогрестің қозғаушы күші, ұлы даланың дәстүрі мен салтын келер ұрпаққа жеткізуші болашағы деп санаймыз. Осы тұста баршамыздың көкейімізде қазіргі жастарды не мазалайды деген сұрақ пайда болары анық. Осыған орай «Әже – өнегесі, өресі, өнері биік тұлға» тақырыбында өткізілетін бұл сайыста жастарымызға ұлттық құндылықтарымызды мейлінше меңгертуге, әженің орнын көрсетуге тырыстық. Негізгі мақсат – жас ұрпақтың айтулы тұлғаларымыз туралы көбірек білуіне мұрындық болу. Себебі жастар ұлы тұлғалардың кей еңбектерімен таныс болғанымен олардың өмірі туралы толық біле бермейді, – дейді Шарапат апа.

 

Сайыс барысында Шымкент қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Исамудин Рысбай сөз алды. Сосын көпшілікке әділ қазылар алқасы таныстырылды. Оның құрамына Шымкент қаласының құрметті азаматы Шерім Медеуов, қалалық жасөспірімдер кітапха­насының директоры Зәкира Сембекқызы, Отбасы, балалар және жастар басқармасының бөлім басшысы Айнұр Сансызбай кірді.

 

Жарысқа Шымкент қаласының төрт ауданынан төрт әже және студенттер мен оқушылар қатысты. Олар Әл-Фараби, Абай Құнанбаев, Жамбыл Жабаев, Ба­уыржан Момышұлы сынды төрт бірдей ірі тұлғаның өмірінен, шығармашылығынан үзінділер келтіріп, сұрақтарға жауап берді. Нәтижесінде І-орынды Әл-Фараби ауданынан келген Тұрсынай Барлыбаева жеңіп ал­ды, ІІ-орынды Қаратау ауданының атынан шыққан Қыздығой Боишева, ІІІ-орынды Абай және Еңбекші аудандарынан қатысқан  Бибіфатима Сұлтанбекова мен Лиза Қуанышалиева иеленді. Әжелер арнайы дипломмен, жаңажылдық жасыл шыршамен және «Ана жүрегі» бейнесімен марапатталды. Үзіліс кезінде әр ауданнан келген әжелер әннен шашу шашты.

 

 М. ШЫНҰЗАҚ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ