Оңтүстіктің абыз ақсақалы еді

10.01.2020
Қаралды: 53

Екі ғасыр тоғысының куәгері, Оңтүс­тіктің абыз ақсақалы, жазушы-драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Оңтүстік Қазақстан облысы мен Бәйдібек ауданының Құрметті азаматы, «Шаянның Шолоховы» атан­ған Еркінбек Тұрысов  ағамыз дүниеден өтті.

 

Ол кісімен өмірде аға-інідей болып ширек ғасырдай сыйласқан едік.

 

...2010 жылғы 28-29-қазанда ұлтымыздың біртуар батыр ұлы Бауыржан Момышұлының туғанына 100 жыл толуына байланысты мерейтой ұйымдастырылып, ғылыми конференция өтті. Оған Әзілхан Нұрша­йықов, Мекемтас Мырзахметов, Шерхан Мұртаза, Еркінбек Тұрысов, Мархабат Байғұт секілді ағаларымызбен бірге біздің оңтістіктен де бір топ ақын-жазушылар қатысты. Сол кезде аға буын жазушылармен жүзбе-жүз кездесіп, әңгіме-дүкен құрып, мәре-сәре болып қалдық, естелікке суретке түстік. Тараздан қайтқанда Оңтүстік Қазақстан жеріне бағыт алдық. Ерекеңнің өтініш-ұсынысы бойынша Бәйдібек баба мен «Қос ана», «Домалақ ана» кесенелеріне барып, ағамыздың туған жері Талдыбұлақ ауылы тұрғындарымен, табиғатымен танысып қайтуды мақсат еттік. Сондағы Еркін ағаның туған жер топырағын көріп, бізге әрбір дөңі мен сайын, әрбір тасына дейін, бала кезіндегі асыр салып ойнаған кезеңдерін еске алып, даланың керімсал таза ауасын кеуде кере жұтынып, масаттана қуанғанын көрсеңіз еді! Біз де оның туған жерімен танысқанымызға шаттандық. Бізді Дінмұхамед Қонаев атамыздың аяқ басқан, демалған жеріне апарып,  келіндері әкелген жаңа туған бие саумалынан бір-екі ұрттап: «1990-жылдары осында Димаш ағамыз келген болатын. Оңтүстік өңірін, соның ішінде біздің ауданымызды аралап, егіс­тіктің, мал шаруашылығының жағдайымен танысты. Ата-бабаларымыз аманат етіп қалдырған қасиетті жері­мізді, жәдігерлерімізді осы келгенінде де біздің есімізге түсірді. Ол жерлерді көздің қарашығындай сақтап, қадір тұтуды есімізге қайта-қайта салды. Міне, біз қазақтың ұлы перзенті отырған, өсиетін, дана сөздерін айтып, бізге аманат етіп қалдырған қасиетті жерде отырмыз. Осы тарихи орынды өз басым ерекше қадір тұтамын, осында келген сайын өзіме күш, қуат аламын», – деп еді.

 

Еркінбек аға Д.Қонаевтың аманатын  орындады деп анық айта аламыз. Ол Президент Н.Назарбаевтың қабылдауында болып, оңтүстіктегі тарихи жерлер мен жәдігерлердің маңыздылығы туралы баяндады. Қолдау тауып, тарихи орындарды, кесенелерді қалпына келтіруге, Алғабас ауданының атауын «Бәйдібек ауданы» деп өзгертуге еңбек сіңірді. 2000 жылдардың басында Д.Қонаев атындағы халықаралық қоғамдық қордың мұражайын салуда да бізге жанашыр, дәнекер болды.

 

Жатқан жеріңіз жайлы, топырағыңыз торқа, жаныңыз жұмақта болсын, аға!

 

Айыпберген БАЛТАБАЕВ,

Д.Қонаев атындағы республикалық қоғамдық қоры Мақтаарал аудандық филиалының директоры, ақын-жазушы, Мақтаарал ауданының Құрметті азаматы.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ