Түрік бауырларымыз ерекше автокөлік жасап шығарды

13.01.2020
Қаралды: 224

Түркия алғаш рет өз күшімен отандық жаңа автокөлік жасап шықты. Ол электр қуатымен жүреді.

 

Түркия 1960 жылдары «Devrіm» деп аталатын өз отандық көлігін жасамақшы бол­ған, бірақ жоба аяқсыз қалған еді. Сол арман ақыры орындалды.

 

«TOGG» деп аталатын бұл машина Түркия­ның солтүстік-батысындағы Гебзе өңірінде шығарылады. Сынақ ретінде шығарған машинаны тексеріп, жүргізіп көрген Президент Ердоған мырза олардың алдағы 2022 жылдан бастап сатылымға шығатынын жеткізді.

 

Бұл көліктерді бес біріккен түрік кәсіпорны шығармақ. Түрік ақпарат құралдарының айтуынша, бұл көліктердің дизайнын «Пининфарина» деп аталатын, атақты «Феррари» машиналарын жобалаған компания жасаған.

 

«Түрік халқының өз отандық көлігін шығаруды көздеген 60 жылдық арманы бүгін орындалды», – деп сөз бастаған Түркия елбасы: «Бұл көліктерді жасайтын зауыт Бурса аймағынан салынады. 2021 жылға қарай құрылыс жұмысы аяқталып, автокөліктер 2022 жылдан бастап сатылымға шығады. Бұл кәсіпорын 4300 адамды жұмыспен қамтиды. Келесі 15 жылда біз осындай 5 түрлі машина шығаратын боламыз», – деді.

 

Таралған ақпараттарға қарағанда, екі дөңгелегі тартатын автокөлік қуаты – 200 ат күші, ал төрт дөңгелегі сүйрейтінінің қуаты 400 ат күшіне тең екен. Оған литий ионды батарея салынған. Жарты сағат қуаттасаңыз, 80 пайыз ток толтыруға болады. Онымен 300-500 шақырым жол жүре аласыз.

 

Бұл автокөліктер «4G» және «5G» технологияларымен жабдықталады. Егер де кептелісте ұзақ тұрсаңыз, онда ұйықтап алуға да болады. Себебі машинада өзі жүретін қабілет бар. Ол өздігінен баяу жүріп және тоқтай алады.

 

Өз тарапымыздан Түрік еліне құтты болсын айтамыз, 2050 жылға дейін әлемнің 5-ші держава еліне айналу ұлы жоспарының ертерек орындалуына тілектестігімізді біл­діреміз.

 

Жексен ТОҚТАРБАЙ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ