Сайрагүл Сауытбай: «Шведтер халық мүддесі мен адам құқын бәрінен биік қояды»

13.01.2020
Қаралды: 220

Қытайдан бас сауғалап Қазақстан­ға келген Сайрагүл Сауытбайдың оқиғасынан дүйім жұрт хабардар. Өткен жылы ол отбасымен Швецияға кеткен еді. Содан бері оның өмірінде нендей өзгерістер болып жатыр? Таяуда біз оның өзімен хабарластық.

 

– Сайрагүл ханым, хал-жағдайыңыз қалай?

 

– Жағдайымыз өте жақсы. Жаңа ортаға үйренісіп жатырмыз. Шүкір, барлығы ойдағыдай.

 

– Бұл ел сіздер үшін қаншалықты жайлы болып жатыр? Жалпы, Швеция қандай мемлекет екен?

 

– Швеция экологиялық ортасы тамаша қорғалған, орманмен көмкерілген, ауасы таза, өмір сүруге өте ыңғайлы ел екен. Мұнда байырғы тарихи қала құрылыстары сол күйінде сақталған. Тұрғындары қарапайым, мейірімді, кішіпейіл. Тыныштықты қалайтын, әділетшіл халық. Адамдары өте сабырлы келеді. Істің байыбына жеткен соң ғана қорытынды шығарады. Өте қайырымды. Қазірге дейін 17 мемлекеттен 3 миллион босқынды қабылдап, оларға азаматтық беріп отыр.

 

Бұл елдің көшелерінде бағдаршам болмайды. Бірақ автокөлік, велосипед және жаяулар жолы өте анық сызылған. Егер сіз жолдан өтер болсаңыз көліктер тоқтап, жүргізуші қолын бұлғап, «өтіп алыңыз» деп ишарат етеді. Бұдан олардың адамдарға деген қарым-қатынасының жүйелі бір тәртіпке түскенін байқауға болады.

 

Шведтердің өз тіліне деген құрметі адамды еріксіз сүйсіндіреді. Швед тілін білмеген адамды жұмысқа алмайды. Жұмыс істеу үшін шведше білу керек деген басты шарт бар.

 

Бұл жерде еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейінгілердің барлығы өз тілімен қоса ағылшын тілін де өте жақсы меңгерген. Сөйте тұра қандай жағдай болмасын өз тілінде аса  мақтанышпен сөйлейді. Дәлел ретінде бір оқиғаны айтайын.

 

Адвокат Айман Омарова бізді көруге Швецияға екі рет келді. Соңғы келгенінде ол кісімен бірге дүкен араладық. Сатушы ағылшынша жетік сөйлеп тұрған Айман ханыммен сөйлескісі келмей, шведше шала сөйлеп тұрған менімен өз тілінде сөйлесті. Олардың ана тіліне деген осындай шексіз құрметін Қазақстандағы қазақ тілінің жағдайымен салыстырсам, еріксіз күрсінемін.

 

Швецияда халықтың мүддесі мен адам құқығы өте жоғары тұрады екен. Ол үшін барлық мүмкіндік қарастырылған. Қарапайым қызметкерден  мемлекет басшысына дейін өз жалақыларынан 30 пайыз қаржы аударып, үйсіз-күйсіз, мүгедек, жұмыссыз жандардың баспана және тұрмыстық қамтамасыздандыру мәселесін түбегейлі шешкен. Сондықтан мұнда үйсіз-күйсіз адам жоқ. Сондай-ақ 100 пайыз тегін емдеу жүйесі қалыптасқан. Мұндай абзал саясат дамыған мемлекеттерде де жолға қойылмаған шығар.   

 

– Тіліне, климатына үйреністіңіздер ме?

 

– Қазір швед тілін үйреніп жатырмыз. Мекемелерде, дүкендерде, басқа да орындарда шама-шарқымызша тілдесіп, қала­уымызды ұғындыра аламыз. Негізі бізде әу бастан тіл мәселесінде ешқандай қиындықтар туындаған жоқ. Ол жағынан әрдайым үкімет тарапынан жіберілген арнайы қызметкерлер көмектесті. Қазір де солар ар­қылы барлық жұмысымыз дер кезінде ше­шімін тауып жатыр. Ал ауа райына келер болсақ, мұнда қоңыржай климат, қыста аса суық болмайды екен. Қазір ауа райы тура көктемдегідей болып тұр. Бұл елдің тамаша табиғаты, ауасы, теңіз-мұхиты, тып-тыныш ортасы маған өте ұнады. 

 

– Баспана, жұмыс мәселесі қалай шешілді? Жалпы, күнкөріс қалай болып жатыр? Құжаттарыңыз толық реттелді ме?

 

– Швеция бізді тегін баспанамен қамтамасыз етті. Жарық, су – барлығы тегін. Қазір үкіметтен берілетін ең төменгі тұрмыстық қамсыздандыру қаражатымен күн көру­деміз. Тұрмыс қаражаты ай сайын дәл уақытында беріледі. Елдің заңына сәйкес, бізге 2025 жылға дейін азаматтық куәлік берілді. Тегін ем алу қызметін де иемденіп отырмыз.

 

Енді швед тілін толық үйреніп, өз мамандығымыз бойынша жұмыс істесек дейміз. Тілді жетік меңгерсек, барлық мәселе өз шешімін табады.

 

– Азық-түлік бағасы қандай?

 

– Тауарлар бағасы халықтың қалтасына лайықты, бағада тұрақтылық бар. Дүкендерден керекті заттардың барлығын табуға болады. Мұсылманша тұтыну бұйымдарында,азық-түлікте халал деп жазылған. Бірақ, өкінішке орай, бұл жақтан Қазақстан өнімдерін кезіктірмедім.

 

– Ол жақта қазақтар бар ма?

 

– Біз тұрған қалада қазақ жоқ. Бірақ басқа қалалардағы бірнеше қазақ отбасылармен жақсы байланыстамыз. Сонда да «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» дейді ғой, өз елімде қала алмағаным – бұл мендегі ең үлкен өкініш.

 

– Сайрагүл ханым, Қазақстанға қандай да бір өкпе-ренішіңіз бар ма?

 

– Қазақстанға ешқандай өкпе-ренішім жоқ. Қазақ халқы ұдайы бірлікте болып, тіліміздің мәртебесін биіктетсе, ақ сақалды аталарымыз бен ақ самайлы әжелерімізге көбірек қамқор болып, ақыл-кеңестеріне көбірек құлақ түрсе деймін. Тілейтінім де осы.

 

– Күні кеше 2020 жылға аяқ бастық. Жан-жақты шырша құрып, барлық жерде сауық кештері болып өтті. Ал Швецияда мейрамды қалай тойлайды екен?

 

– Бұл елде мерекені өте жақсы тойлайды екен. Бірақ аста-төк ештеңе болмайды. Мейрамханаларда топтасып отырыстар өткізбейді. Дегенмен барлық жерде шамдар орнатылып, әсемделеді, безендіріледі. Мекеме орындары демалыс алады. Сөйтіп, 24-желтоқсаннан халық мерекеге дайындала бастайды. Алдымен ата-әже, әке-шешелеріне, басқа да етжақындарына түгелдей мерекелік сыйлықтар дайындайды. Одан кейін барлығы өз отбасыларында бас қосып, жақсы тілектер айтып, мейрам күндерін өте мағыналы өткізуге тырысады. Денсаулыққа қатты мән беретіндіктен арақ-шарап көп ішілмейді.

 

– Қазақ халқына қандай жаңажылдық тілектер айтасыз?

 

– Бүгін «Замана» басылымына сұхбат берудің орайы келіп тұрған сәтті пайдалана отырып, қазақ халқына тағы бір рет шексіз алғысымды білдіргім келеді. Ал «Замана» газетіне айтарым: істеріңізге сәттілік тілеймін. Қашан да халықтың жаршысы болып жүре беріңіздер, қаламдарыңыз қарымды, ойларыңыз жүйрік, шыққан белестеріңіз биік болсын!

 

– Әңгімеңізге рақмет.

 

М. ҚҰРБАНҚЫЗЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ