Қытайдың ісі қазақты қазаққа қарсы қойды

13.01.2020
Қаралды: 199

2019 жылы елдің назарын ерекше аударған жайттардың бірі – Алматы облысының Ақсу ауданындағы Қытай жұмысшылары мен жергілікті тұрғындардың төбелесі және Қытайдан қашып келіп, пана сұраған екі жігіттің оқиғасы. Осыған байланысты сот ісінің басы-қасында жүріп, қызылағаштық бес жігітті, сондай-ақ Қастер мен Мұрагер есімді екі қандасымызды қорғауына алған адвокат Ләззат Ахатовамен сұхбаттасып, өзімізді қызықтырған сауалдарға жауап алған едік.

 

– Ләззат ханым, халықаралық заң нормаларына сәйкес, қандай да бір елден зәбір көріп, жапа шеккен азаматтар шекара бұзып, басқа елге босқын мәртебесін сұрап барса, оларға қылмыстық іс қозғалмауы керектігін бір сұхбатыңызда айтқан едіңіз. Сонда Қастер мен Мұрагерге қатысты қозғалып отырған істің заңсыз болғаны ма?

 

– Екі жігітке шекараны заңсыз бұзып өтті деген айып тағылып отыр ғой. Заңсыз бұзып өткендері рас. Бұл қылмысқа жатады. Алайда ерігіп немесе бұзақылық жасап, біреуді өлтіріп, қылмыскер болғаннан емес, амалсыздан, бас­тарына қауіп-қатер төнгеннен кейін жауыз саясаттан қашып келіп отыр. Ал Женева конвенциясына байланысты айтар болсақ, ол – босқындар туралы конвенция. Бос­қын мәртебесі ресми берілген жағдайда ғана ол конвенцияның талаптары қолданылады. Қазақстан заңы мен халықаралық заң нормалары қатар келгенде халық­аралық заң басым болады. Ол жөнінде Конституцияда да бар, Қылмыстық Кодексте де анық айтылған. Алайда қазіргі таңда бұл екі жігітке босқын мәртебесі бе­рілген жоқ. Біздегілер бұл мәселені әдейі «қылмыстық іске байланысты» деп тоқтатып отыр. Ал негізі оны да қатар қарап, босқын мәр­тебесін беру керек еді. Оған негіз бар. Өйткені бұл туралы бүкіл әлем біліп отыр. АҚШ қанша санкция салып жатыр, Еуропарламент ескерту жасады, БҰҰ да екі рет ескерту жасады. Олар Қытайға мұсылмандарға қатысты қысымды, геноцидті тоқтатыңдар деп отыр. Сондықтан ол екі жігітке босқын мәртебесін беруге толық негіз бар. Бірақ әлі күнге дейін бұл мәселе қаралған жоқ. Егер босқындық берсе, халықаралық заң нормаларына сәйкес, олар сот алдында  жауап беруден бірден босатылуы керек. Босқындық берілмеген соң Женева конвенциясының нормалары қолданылмайды. Пана із­деуші тұлға ретінде оларға тек Қазақстан заңы қолданылады.  

 

– Қытайда қысым көргендер арасында өзіне қол жұмсау­дың көбейгені туралы ақпарат айтылып жатыр. Бұл қаншалықты шындыққа жанасады?

 

– Біз өткенде Нұр-Сұлтан қаласында бірнеше рет баспасөз конференциясын өткіздік. Сонда жақындарын іздеп, зар жылап, араша сұрап жүрген адамдардың көптігін байқадым. Бүгінде лагерьде жатқан жақындарын іздеп жүрген адамдардың саны 14 мыңнан асып кеткен. Қазіргі таңда олар «Атажұрт» ұйымы арқылы Сыртқы істер министрлігіне, Президентке, БҰҰ-ға тоғыз тілде арыз жазып жатыр. Сол адамдардың өзімен сөйлесіп, сұхбаттасқан кезімде естігенім – Қытайда қазір суицид өте көп екен. Әсіресе лагерьге шақырту алғандардың арасында. Әке-шешесі лагерьге шақырту алып, кішкентай бес жасар бала қараусыз қалып, қатып өліп қалған, тағы да үш жасар баланы адасып жүрген жерінен тауып алған жағдайлар да болған. Әке-шешелерін лагерьге сұраусыз алып кетіп, балалары қараусыз қалған осындай жайттар да  аз емес екен. Сондай-ақ терезеден секіріп өлгендер, асылып қалғандар бар дейді. Осы іске қатысқалы бері қаншама адаммен кез­дестім. Бұл оқиғаларды солардың өз ауыздарынан естідім. Олар өзіне қол салушылардың саны күн санап өршіп бара жатқанын айтады. Жақында қытайлықтар «жүз күндік науқан» деген тағы бірдеңені шығарыпты. Соған байланысты ауылдың азаматтарын, жап-жас жігіттерді «қандықол топ» деп топ-тобымен ұстап әкетіп жатыр дейді.

 

– Көршілес елдегі жағдай солай болса, онда Сайрагүл Сауытбайдың, Қастер мен Мұрагердің оқиғасы алдағы күндері тағы да қайталануы әбден мүмкін ғой? Осы тұрғыда бізге қандай да бір әрекет жасау керек шығар, бәлкім заңға өзгерістер енгізу қажет пе екен?..

 

– Сұрағың өте орынды. Ең болмаса Қытайдан келгендер үшін заңға өзгеріс енгізу керек деп ойлаймын. Сол жақтағы жағдайды, геноцидтік саясатты, аз ұлттарға жасалып жатқан жауыздықты бүкіл әлем мойындап отырғанын ес­керіп, тым болмаса Үкімет Қаулы, Жарлық шығаруына болады ғой. Жарайды, басқа мемлекеттен қашып өткендерге қатаң жаза қолданылсын. Шекара бұзу да қылмыс. Ал енді дәл осы Қытайдан келіп жатқандарға жеңілдік немесе босқын мәртебесін бірден беретіндей, болмаса қылмыстық жауапкершіліктен босататындай заң нормасы керек. Оны қабылдаймын десе биліктегілерге түк емес. Бірақ мен биліктен Қытайға қарсы шығады деген үміт күт­пеймін. Қытайға қарап жалтақтап отырмыз ғой біз негізі...

 

– Кешегі қызылағаштық бес жігітпен де, бүгінгі Қастер мен Мұрагермен де болған жағдайлар – елдің назарын аударып отырған саяси резонансты іс. Бұл істерді сіз қандай себептерге байланысты қолға алдыңыз?

 

– Өзім патриот болғаннан кейін де шығар, көбіне қазақтілді істерді қолға аламын. Негізі екі тілде де іс жүргізе беремін, бірақ көбіне қандастарыма көмектескім келеді, себебі қазақтардың құқықтары көп бұзылатынын байқаймын. Әсіресе үлкен қалаларда өте қиын. Мықты адвокаттар мен  заңгерлер же­терлік, бірақ көпшілігі орыстілді.

 

Менде соңғы кезде Қытайдың мәселесіне байланысты қорқыныш-үрей пайда бола бастады. Бұрын атүсті білетін едім, қазір мына іске кіріскелі бері жағдайдың бәрін естіп-біліп отырмын. Бәріміз ұл-қыз өсіріп отырмыз, балаларды уайымдап, шынымды айтсам, ұйқым да тыныш болмай кетті. Қытайлар қаптап, барлық жағынан жаулап бара жатыр ғой бізді. Содан соң бұлар Семейде, Ақтауда түрмелер салуды бастауда. Ертең солардың бәрін біздің елде лагерь жасамасына кім кепіл? Сол жағын да ойлаймын. Қарнымыздың тойғанына мәз болып жүре бергеніміз жарамас, енді жас та емеспіз, елге қызмет ететін кез келген сияқты.

 

Сот саласында да істедім, 11 жыл судья болдым. Бұл салаға ренжігендей болып кеттім. Қапаста жүргендей, тапсырмадан тапсырма, сот емес, сот орындаушы болып кететін кездеріміз көп болды. Ақырында моральдік тұрғыда шаршадым. Шыдай алмай, арызымды беріп, бір күнде кетіп қалдым. Сондықтан да сот саласының жұмысына көңілім толмайды. Қастер мен Мұрагердің 6-қаңтарда өткен сот отырысы да соның айқын дәлелі болды. Судья ақылдасып келуге қайта-қайта шығады, әр 10 минут сайын үзіліс жариялап, сонау шал­ғайдан келгенімізге қарамай, сот отырысын небәрі 1,5 сағат қана өткізді. Қорғаушы ретінде маған сөз де берген жоқ, дәлелдемелерімді де сұраған жоқ. Тезірек құтылғысы келіп, қуып шыққандай болды. Сондай сәттер маған ұнамайды. Біздің судьялар саяси істерде жалтақ.

 

Әділеттік үшін күресем деген мақсатым бар. Қазақ болған соң қазаққа пайдам тисе екен деймін.

 

– Ләззат ханым, әңгімеңіз үшін көп рақмет.

 

Р.S: Қытайдағы «Жүз күндік тазалау» науқаны туралы өткен жылдың қарашасында қоғам белсендісі Гүлісхан Домалайқызы мәлімдеген екен. Ол Нұр-Сұлтан қаласында өткен жиын барысында: «4-қараша күні Қытай сайттарына «Қара қол сипатты өкілдерді ұстау» деген ұранмен жаңа ақпарат шықты. Олар кімдер деп ізденген болатынбыз. 20-45 жас аралығындағы азаматтарды осы санатқа жатқызып, ұстап жатыр екен. Бұл тізімге үйінің құжаты дұрыс рәсімделмегендер, бір басына бірден артық жылжымайтын мүлік тіркелгендер, бала кезінде ханзу ұлтының өкілімен ерегіскені үшін құқық қорғау органдарына шақырылғандар, тіпті ат спортымен айналысқандар да еніп кетіп жатыр. Бір ауылдан 20-30 адам осындай тізіммен қамалып жатыр. Қытайдағы қазақ ауылдарында бас көтерер еркек кіндікті қалмай жатыр», – деген.

 

Осындай жайларды естіп-біліп отырып кімнің жаны жай табады? 

 

Сұхбаттасқан – А. ШЫРЫН. 

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ