Тіпті фашистер де мұндай қиянат жасамаған

13.01.2020
Қаралды: 334

Оңтүстік Қазақстан облысының атауы «Түркістан облысы» деп өзгертіліп, өңір орталығының Шымкенттен Түркістан қаласына көшірілгеніне де бір жарым жылдың жүзі болды. Содан бері ондағы жүргізіліп жатқан ауқымды жұмыстармен қатар түрлі келіспеушілік, дау-дамайлар да жиірек бой көрсетіп жатыр.

 

Мысалы, өткен желтоқсан айының ортасында онда қалалық полиция бас­қармасының бастығы Данияр Мейірханның мектеп әжетханасының қауіпсіздігін тексеремін деген жөнсіз әрекетінен дау туып, соңы оның қызметінен уақытша шеттетілуіне апарып соқты. Д.Мейірханның үстінен қызметтік тексеру тағайындалды. Бұл тексерудің нәтижесі көп ұзамай белгілі болып қалар деген ойдамыз.

 

Ал 26-желтоқсан күні Түркістанда тағы да бір даулы оқиға орын алды. Онда сот орындаушылары полицияның көмегімен қала тұрғыны Талғат Жаңбыршиевтің отбасы мүшелерін баспанасынан қуып шығып, үйін трактормен қиратып, сүргізіп тастады.

 

Бұл жағдай жұртшылықтың ашу-ызасын тудырды. Мұны естіген шым­кенттік бірқатар қоғам белсенділері Түркістанға барып, қала әкімімен кездесті, оған өз талаптарын қойды. Біз осы азаматтардың бірі – «Ақиқат-1» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Лесбек Байжановпен хабарласып, мәселенің немен аяқтал­ғаны жөнінде сұраған едік.

 

«Біз Түркістанға 12 адам болып бардық. Қатарымызда Жарқынбек Сейтінбет, Нұржан Мұхамедов, Нұр­жан Әбілдаев, Айжан есімді қыз, тағы бас­қа қоғам бел­сен­ділері болды. Телефонымыз тыңдалады ғой, полиция ойымызды біліп қалып, жолымызды бөгеуге тырысты, олар қаладан шыға берісте бір көлікті кері қайтарды.

 

Түркістанға жеткесін де  қала әкіміне бірден жолыға алмадық. Ол кейінірек келді. Ақсақалдарды күткен болса керек. Ұлы Отан соғысының ардагерлері, зейнеткерлер ұйымы төрағасының орынбасары келді. Ал­ғашында әлгі кісі: «Бұл – Түркістанның өз жұмысы. Сендер араласпаңдар! Біз де елміз», – деген сөздер айтты. Мәселенің мән-жайы түсіндірілгеннен кейін ол жөнінде естіп-білмегенін айтып: «Онда сендердікі дұрыс екен, талаптарыңа 100 пайыз қосыламын», – деп ақталды», – дейді Л. Байжанов.

 

Ал қиратылған – екі қабатты, жаз­ғы асханасы, моншасы, тағы басқа қосалқы құрылыстары бар, Иассауи кесенесіне таяу маңда орналасқан  үй екен. Әу баста үй иесіне 12 миллион 500 мың теңге өтемақы ұсынылыпты, бірақ ол мұндай ақшаға қазір лайықты жер телімін де ала алмайтынын айтып, келіспеген. Ақырында іс сотқа өтіп, сот орындаушылары барып, үйді бұздырған, иелерін үйден зорлап шығарған.

 

Осыны естіп Шымкенттен барған азаматтар Түркістан қаласының әкімі Рашид Аюповқа мұның өте өрескел, заңсыз тірлік екенін батыра айтып, үйі қиратылған адамның жағдайын жасау жөнінде қатаң талап қойған.

 

«Үй иесінің қойып отыр­ған талабы орынды. Олардың берген өтемақысына бір қа­батты үй де тұрғыза алмайтынын, лайықты өтемақы бе­руін немесе қаланың кез келген тұсынан сондай үй салып берулерін талап еткен. Ал әкімдік оны тыңдамаған.

 

Торғай екеш торғай да ұясын қорғайды емес пе, үй иелері қиратқыштарға барынша қарсылық көрсетіпті. Отағасы – 6 баланың әкесі. Бала-шағасына дейін арпалысып, денелерінің біраз жері, тіпті жүкті келінінің де аяғы көгеріп қалған. Ал қиратуға келгендер үй иесінің қыс күнінде қайда барып паналаймын дегеніне де қарамапты. Осының бәрін қала әкімінің өзі көріп, қарап тұрыпты.

 

Біз тәуелсіздікті аңсағанда осындайды көреміз деп пе едік? Тіпті фашистер де соғыс кезінде жұртты үйінен қуып шықпаған ғой, жағда­йына қараған. Шапқыншылық замандарда ел шетіне жау тисе, ата-бабаларымыз батыс, шығыс, оңтүстік, солтүстік демей, атқа қонып, жерді қорғаған. Сол ер қазақтың ұрпағы енді бірін-бірі осылай баспанасынан қуып шыға ма? Итті де үйшігінен қумайды ғой.

 

Қала әкіміне: «Түстік тамақтың өзіне қыруар ақша жұмсайсыңдар ғой. Казиноға барасыңдар. Ақша жоқ деп сылтауратқанды қойыңдар. Әр отбасының басшысы отбасы мүше­лерінің жағдайының жақсы болуына, тоқ болуына қарайды, тіпті итіне дейін жағдай жасайды. Ел басшыларынан сол елдің, қоғам мүшелерінің жағдайы сұралады. Мәселені тез шешіңдер!» – деген талап қойдық. Кейін халық­аралық деңгейдегі білікті, құқық қорғайтын заңгерлер әлеуметтік желіде мұндай жайлардың тіпті де дұрыс болмайтынын айтып, түсіндірді. Олар орынды сөзге, уәжге түсінетін шығар деген ойдамыз», – дейді Лекең.

 

...Ал үйі қиратылып, сүріліп тасталған түркістандық азаматтың отбасы қазір туыстарын паналап жүрген көрінеді. Қала әкімдігі үй иесіне  қосымша 15 миллион теңге өтемақы беретін болып уәделесіпті, бірақ  әзір­ге оларға нақты көмек көрсете алмай отырғанға ұқсайды.

 

«Өткенде Түркістан жаққа жолым түсіп еді. Танитындар осыны айтып, ары қарай не болатынын сұрап жатыр. Сосын қала әкімінің орынбасарына телефон шалғанмын. Одан: «Қаржы беретін демеуші таппай жатырмыз», – деген жауап естідім. Осы да сөз бе? Сонда мемлекеттің күні коммерсанттарға қарап қалғаны ма? Елдің байлығы қайда?» – дейді Л.Бай­жанов.

 

Яғни Түркістан қаласының әкімдігі әзірге бұл даулы мәселені түбегейлі шеше алмай отыр екен. Әкімдік оны «жылы жауып» қоя да алмайды. Себебі үйі қиратылған тұрғынның сө­зін сөйлейтін қоғам белсенділері, қа­лың жұртшылық бар, ол аз болса, әкім­діктің өзінің берген уәдесі бар. Ал уәдеде тұра алмайтындардың жағдайы мәз болмайтыны белгілі ғой.

 

Ж. ЕЛІБАЙ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ