Иран Пентагон мен АҚШ әскерін лаңкестік ұйым деп жариялады

11.01.2020
Қаралды: 136

Өткен жыл соңынан бастап АҚШ пен Иран арасы қатты ушығып тұр. Жалпы Парсы шығанағы аумағындағы жағдай тыныш емес.

 

2019 жылдың соңғы күндерінде АҚШ-тың әскери күштері Сирия мен Ирактағы лаңкестерге қарсы әуе шабуылын ұйымдастыр­ған еді. Сол кезде шииттік «Катаиб Хезболла» ұйымының 20-дан астам сарбазы қаза болған. Осыған орай 31-желтоқсанда Ирактағы АҚШ елшілігінің алдында мыңдаған адам наразылық шеруіне шықты, елшілікке шабуыл жасалды. Оны қорғау үшін АҚШ Бағдатқа қосымша күш жіберді.

 

Ал 3-қаңтарда АҚШ-тың ұшқышсыз басқарылатын дрондары Бағдат әуежайына шабуыл жасады. Негізгі нысана Иракта жүрген Иран генералы Касем Сүлеймани болған. Өйткені АҚШ-тың оған біраздан бері тісі қайраулы екен. Бұл жолы Бағдаттағы наразылық акциясын ұйымдастырды деген желеумен қастандық жасалды. Шабуыл Президент Д.Трамптың тікелей бұйрығымен іске асырылған. Әуе шабуылы кезінде Сүлейманимен қоса ирактық шиит халық жасағының бір командирі қаза болды. Иракта осыған орай үш күн аза тұтылды.

 

Иранның өзінде генерал-майор Сүлей­маниді қарақұрым жұртшылық азалап соңғы сапарға шығарып салды. Халықтың көп бол­ғаны соншалық, осы кезде 50-ден аса адам аяққа тапталып қаза болды, 200-дей адам жарақат алды. Ызалы ирандықтар аузынан АҚШ-тан кек алуға шақырған ұрандар көп айтылды. Елдің рухани басшысы аятолла Хаменеидің өзі АҚШ-тан кек қайтарылатынын айтты. Президент Роухани АҚШ Иранның алдында ұмытылмас, кешірілмес қылмыс жасады деп мәлімдеді.

 

Арада көп өтпей Иран осы уақытқа дейін көп күш жұмсалып жасалған ядролық келісімнен шықты. Генерал Сүлейманидің тікелей құныкері ретінде АҚШ Президенті Д.Трамптың басы үшін 80 миллион доллар сыйақы жарияланды. Иран Парламенті АҚШ-тың Ирактағы қарулы күштері мен АҚШ Қорғаныс министрлігін лаңкестік ұйым деп жариялады. АҚШ-тың Ирактағы бірер әскери нысандарына соққы береді.

 

АҚШ Иран генералына қастандықты бұл елдің тарапынан болуы мүмкін соққының алдын-алу үшін жасадық дейді. Яғни генералды әдейі өлтіргенін бірден ашық мәлімдеді.

 

Қысқасы, екі мемлекет те әскери дайындығын жасап, тас-түйін отыр. Бұл жағдай жұртшылықты қатты алаңдатуда. Біріккен Ұлттар Ұйымы, әлем елдері екі жаққа да басу айтып, мәселені бейбіт түрде шешуге шақыруда.

 

...Айта кетейік, Иранның шейіт болған генералы Касем Сүлеймани елдің рухани басшысы – аятолладан кейінгі аса беделді адам болатын. Ол 62 жаста еді. Сүлеймани кедей шаруа отбасынан шыққан. 22 жасынан бастап Иранның әйгілі «Ислам төңкерісінің сақшылары» элиталық корпусында қызмет еткен. 1990 жылдары болған Иран-Ирак соғысына, Ирактағы және Сириядағы Азамат соғыстарына, Оңтүстік Ливандағы, Ауғанстандағы әскери қақтығыстарға қатысқан. Өзінің ерлігімен және ұйымдастыру, басқару қабілетімен көзге түскен. 1997 жылдан бері «Ислам төңкерісі сақшылары» корпусына қарасты «Әл-Құддыс» арнайы элиталық бөлімінің қолбасшысы болған. Ал бұл бөлім Ираннан тыс жерлердегі әскери әрекеттерге қатысады, барлаумен айналысады. АҚШ оны аса қауіпті санайды, ал Сүлейманиді біраздан бері көзі жойылуға тиіс адамдар тізіміне қосып қойған екен.

 

Т. ТҰРАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ